Қалалық қоғамдық-саяси газет

Талас толқындары, Тектұрмас жұлдыздары

0 6

Ежелгі Тараз қаласы жаңа дәуірдің сән-салтанатымен және көне ою-өрнекті сәулетімен қайта өрлеу үстінде.

Ұлы дала елінің жауһар қалалары хақында археологиялық қазба жұмыстары баяғыда айтып қойған. Бұл тарихи атаулардың жаңа елордамыз Нұр-Сұлтан қаласының даңғылдары мен көрікті көшелеріне берілуі, шын мәнінде, қатты сүйсіндіреді.

Сарайшық, Түркістан бастап, Алматы мен Шымкент те ел тәуелсіздік алған жылдары жарқырай түсті. Нұр-Сұлтанның адам айтса сенгісіз ғажайыптарының әсерімен барлық облыс орталықтары да заман талабына сай сұлуланып барады.

Сыңғырлаған Талас өзені жағалауында күндіз көз сүйсіндіріп, түнде көктен жұлдыздар жарқырап, оған жарық шамдары сәулесін төккен өңі мен ажары айшықты болмай, қалай болады?!
Баурап алып пәк, табиғи қалпымен.
Тараз қаласы – жанға жайлы, жасыл қала, жылы өңір.
Тараздың әп-сәтте ғажап күйге толатын күндері көп.
Әдемі ғой, керемет қой бұл өмір!
Ақсұңқар ақын Фариза Оңғарсынова апамыз Тараз-Әулиеата сапарында бұл киелі де қасиетті жұрттың рухы көнеден тамыр тартқан тарихымен төркіндес екенін, осы өлкенің адамдарын ерекше сағынып тұратынын алабөтен көңілімен айтушы еді.

Жалпы бұрын да айтқанбыз. Тараз қаласы көшелерінде елдік асыл мұрат пен ұлттық құндылықтарды қастерлеп, өсиетті сөздерді көрнекі жерге жазып қою – өте қажетті іс. Атақты ойшылдардың ұлағатты сөздері мен ұлттық биіктегі ұлт мақтаныштарының өрелі ойлары, таланттардың қанатты толғаныстарынан қысқа қайырымдары көзге оттай жанып тұрса, ұрпақ тәрбиесі мен мәдениет мәйегіне сеп болар еді.

Дәуір жырын таратқан жылдар жазбалары – Әулиеата әліппесіндей көп нәрсені пайымдап, үйретуге үн қатарға таптырмас қазына.
Қазақ елінің әр қаласы айшықты. Өркендеу бағыттары да қарқынды. Солардың ішінде Тараз қаласы туристік қызықтыруды көне тарихи-мәдени ескерткіштерімен ерекшелеуді жөн санайды. Бұл қала мәдениетін жақсартуға жол ашуда. Жұрттың сана-сезімі мен жүрек қалауына да әсер етуде.
Күні кеше біздің достарымыз бен сайлаушыларымыз көне қалаға көрік қосқан ғимараттардың, яғни Тектұрмас биігінде, толқынды Талас өзені жағалауында «Көне қамалы» тарихи көркінде демалыс-саяхат қалашығы ашылғанын қуанышпен жеткізді.

Төрінде аты аңыз бен ақиқатқа бірдей Әулиеатаның еңселі ескерткіші қойылған киелі жер. Ойға алынған қызықты әрі мағыналы жоба жүзеге асты.
Жамбыл облысының басшысы Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев жергілікті халықтың қолдауына ие болып, үміт пен сенім артқан жүгін жеріне жеткізді. Бұл қала мәртебесіне лайықты іс болды.
Бір бояуды күшейтеді бір бояу. Қала өмірі әр түсті бояумен көркін ашады екен.
Зер салыңыздар, Тараздың сұлу салтанатына!
Киесі мен қасиеті асқан Тараз қаласы жайнай берсін!
Қазақ елінің бақ-берекесі мол болсын!
Сіздермен қуанышты бөлісу де құрмет, қадірлі ағайын!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Мейрамбек Төлепберген,
Мәжіліс депутаты,
«Nur Otan» партиясының депутаттық фракциясының мүшесі

Суреттерді түсірген Юрий КИМ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.