Қалалық қоғамдық-саяси газет

Талас төріндегі «Қымызмұрындық»

0 1  361

Бірнеше жылдан бері облыстың әр ауданында «Қымызмұрындық» фестивалі дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Биыл да бұл үрдіс үзілмей, маңызы жоғары шара Талас ауданында өтті.

Құндылықтарымыз төрге озып, салт-дәстүріміз кеңінен насихатталған фестивальге облыс әкімі Нұржан Нұржігітов арнайы қатысты. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Журналистер одағының мүшесі Сәуле Мешітбаева және барлық ауданнан келген ардагерлер, зиялы қауым өкілдері фестиваль төрінен табылды.
«Жұрындысай» балалар сауықтыру лагерінде өткен «Қымызмұрындық-2022» этнофестивалінің құрметті қонақтары алдымен бал татыған қымыздан дәм татып, қолөнер шеберлерінің көрмесімен танысты. Қымыз әзірлеушілер қымызды баптау барысындағы тәжірибелерімен бөлісіп, игі дәстүріміздің көкжиегі кеңейіп келе жатқандығын көрсетті. Ұлттық нақышта безендірілген ақшаңқан киіз үйлерде мол дастарқан жайылып, көпшілікке ұлттық тағамдар – құрт, бауырсақ, ірімшік, шұбат пен қымыз ұсынылды.
Фестивальдің ашылу салтанатында Сәуле Мешітбайқызы шараны ұйымдастырушыларға шынайы ризашылығын білдіріп, аналық ақ батасын берді.
Бұдан кейін игі шара концерттік бағдарламаға ұласып, өнер қонған өлкенің өнерпаздары әуелете ән салып, күмбірлете күй төкті. Ал мың бұралған бишілер көпшілікке есте қалар ерекше көңіл-күй сыйлады.

Дариха Үмбетиярова

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.