Қалалық қоғамдық-саяси газет

Табыс табанды тірлікке бітеді

0 2  287

Бүгінде тәуекелге барып, тірлікке ниет білдір­гендердің қатары артып келеді. Оған шағын және орта бизнесті қолдауға арналған мемлекеттік бағдар­ламалардың тигізіп отырған септігі аз емес. Ол жайын­да табысты тірліктен іздеген азматтардың өздері де айтып отыр. Кәсіпті жаңа бастаған сондай жанның бірі-Кәмшат Қасымбекова.
Ақкөл ауылдық округінің тұрғыны Кәмшат Тынышбекқызы «Бизнестің жол картасы-2021» мемлекеттік бағдарламасы аясында бизнес жобасын сәтті қорғап, қайтарымсыз қаражатты иеленген. Қолға түскен қаржыға тәтті тоқаш, өзге де кондитерлік өнім пісіретін пеш сатып алған. Қазір арнайы ғимаратты жалға алып, кәсібін айналдырып отырған жайы бар. Оның үстіне ол көпбалалы ана.
-Дүкен ашып, саудамды сонда жүргізіп жатырмын. Бізде бөлішкенің 3 түрі одан өзге кондитерлік өнімдердің 25 түрі пісіріледі. Тұтынушылардың сұранысына қарай нан өнімін де ұсынамыз. Негізінен табысымыз тапсырысқа тікелей байланысты. Өйткені, тапсырыс беруші өнімді көтерме бағамен алып кетеді. Одан бөлек, пісірілген тәттілерімізді ауылдағы екі дүкенге өткіземіз. Жұмысымызды жаңа бастасақ та келім-кетушілер аз емес,-дейді Ақкөл ауылындағы «Нұрдәулет» дүкенінің иесі К.Қасымбекова.
Жол бойында орналасқан дүкенде кондитерлік өнімдермен қатар, өзге де халық күнделікті тұтынатын тауар түрлері сатылады. Бағасы да ауыл тұрғындары үшін аса қымбат емес көрінеді. Мұны сол дүкеннен сауда жасаған азаматтардан сұрап білдік.
Оның үстіне Кәмшат Тынышбекқызы шағын дүкеннің бір бұрышынан «Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» арқылы әлеуметтік дүкен ашпақшы. Ондағы мақсат-көпбалалы және өзге де отбасылары үшін күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдерін төмен бағамен ұсыну.
Ниетпен жасаған істе нәтиже боларын Кәмшаттың қолға алған кәсібіне қарап көзіміз жетті. Өйткені, табыс-табанды тірлікпен келеді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.