Қалалық қоғамдық-саяси газет

Табиғи апат, жаһандық жылыну және біз

0 189

Жер-ананың байлығы жеткілікті, бірақ соны орынды пайдаланып, табиғатқа залал келтірмеудің қам-қарекетін жасауға ғалымдар барынша күш салуда. Ғаламдық мәселеге әлем елдері бірігіп қарсы тұрмаса, жекелеген кейбір мемлекеттердің дабылынан опа таппайтынымыз айдан анық.

Сәндібек Піренов

Табиғи апат айтып келмейді
Кейде ұлы ойшылдардың табиғат пен адам арасындағы күрес жайында айтқан пікірін естіп қайран қаламыз. Олар о баста адамдардың табиғатты бағындыруға бағытталған әрекеті өзіне-өзі ор қазу деп пайымдады. Адамзат баласы ХХ ғасырдың өзінде «Табиғатты бағындыру» қағидасын ұранға айналдырып, қоршаған ортаның тепе-теңдігіне нұқсан келтіре бастаған. Қоршаған орта, яғни табиғаттың бір бөлшегі адамның өзі екенін де кейде естен шығарып аламыз. Естен шығармаймыз-ау, біле тұра аранымыз ашылып, ашкөздікпен табиғатты тұқыртуға бір табан жақындай түсеміз. Рухани құлдырау кезеңі деген – осы. Біте қайнасқан тіршілік атаулыдағы әрбір өсімдік, жан-жануарлардың атқаратын қызметі бар. Барлығы да табиғатқа мейлінше үлес қосуда. Жер-ананың осынау байлығын жайпап өтетін де – адамзат. «Бір тал кессең, он тал ек» деген тағылымды сөз де осы күні маңызын жоғалтқандай. Себебі он тал егу үшін кейде оған құнарлы жер немесе су жетпей жатады. Бұған біз алыс кетпей-ақ шетелдің су беру саясатына бағынып отырған қазіргі ахуалымызды айтсақ та болады. Сол ХХ ғасырдың басындағы қарама-қайшылықтардың зардабын XXI ғасырдың адамдары тартып отыр. Иә, соңғы жылдары табиғи апаттардан көз ашпай келеміз. Мәңгі жасыл болып жататын құрлықтарда жаз мезгілінде қар жауып қапы қалдырғанын айтпағанда, Сауд Арабиясы мен Африкаға да қар түскенін білеміз. Әсіресе, соңғы жаңалықтарда Африкада бұрын-соңды болмаған төмен деңгейдегі ауа температурасы тіркелгені туралы хабар тарады. Ғалымдар, ең қиыны, Гренландия мұз құрсауының жыл сайын шамамен 250 миллиардтай тоннасы еріп, бу мен суға айналып жатқанын айтып дабыл қағуда. Австралиядағы, кешегі Түркия орманында тұтанған өрт те қоршаған ортаға залалын тигізуде. Табиғат байлығын қолдан өлтіріп алып жатырмыз. Осындай ғаламдық проблемаларға бүкіл ел араласса дейсің.
Өзіміздің Арал теңізін алайық, экологиялық жағдайға барлық ел атсалысса, бір амалы табылар еді. Бірақ біздің естіген жаңалығымыз – аралдық азаматтың сол аумаққа сексеуіл егіп жатқаны ғана. Тек біз емес, қазір көптеген ел табиғи апаттың зардабын тартып отыр. Сел, су тасқыны, жаһандық жылыну, ауа температурасының күрт төмендеуі, сайып келгенде, ғалымдар пайымдаған климаттық өзгеріске апаратындай. Мұны сонау жылдардан бері ғылым растаса, енді әрбір адам бұл жағдайды біліп, түсініп отыр.
Жаһандық жылыну ақиқатқа айналды
Жаһандық жылыну бұрын аңыз болса, қазір ақиқатқа айналды. Бұған қазірдің өзінде ешкім күмәнданбайды. Себебі қоршаған ортада ең ыстық ауа температурасы тіркеліп жатыр. Еліміздің батыс, оңтүстік аймақтарындағы жағдай тіпті күрделі. Тек жекелеген мемлекеттерде немесе климаттарда ғана емес, тұтас Жер шарында күннің ыстығы байқалды. ХХ ғасырда әлемдегі ауа температурасы Цельсий шкаласы бойынша 0,7 градусқа жылынған. Оның салдары ше? Мысалы, Килиманджаро шыңын сан ғасыр басып жатқан қар еруде. Әрине, бұл бірден бола қойған жоқ.
Жалпы «жаһандық жылыну» деген терминнің өзін 1975 жылы америкалық климатолог Уоллес Брокер өмірге әкелді. Ал климатология ғылымының өзі 2000 жыл бұрын пайда болған. Бірақ ғаламдық жылыну тақырыбына сол өткен ғасырдың соңына дейін көпшіліктің назары аумады. Одан бұрын Кеңес өкіметінен шыққан климатолог М.Будько жердің жоғары қабатында қызу жоғарылағанын байқаған. Бірақ оны қарабайыр халықты айтпағанда, ғалымдардың өзі бірден мойындай қоймады. Ал бүгінде жердің жоғары қабатындағы жылудың жоғарылағанын ешкім жоққа шығара алмайды. Қазір соның төңірегінде талас-тартыс тоқтап, енді бұл табиғи құбылыс па, әлде адамзаттың қолымен жасаған техногендік әрекетінен бе деген сауал туындады. Дәл осы тұста ғалымдардың пікірі екіге бөлінді. Біз климатолог болмаған соң, біржақты пікір қалыптастырып, дәл болжамды ажырата алмасақ та, екі тараптың да пайымы ұзақ зерттеулерден кейін пайда болғанын білеміз. Сонымен жаһандық жылыну қалыпты құбылыс па? Ғалымдардың айтуынша, соңғы 2000 жылдың ішінде Жер ғаламшарындағы тіршілік атаулының барлығы үш рет жаһандық жылыну және сол секілді үш рет жаһандық суыған кезеңнен өткен. Жер үстіндегі температураның жаһандық төмендеген кезеңі соңғы рет XIX ғасырдың бірінші жартысында өтіпті. Дәл сол ғасырдың екінші жартысында ауа температурасы қайта қалпына келе бастаған. Ал XX ғасырдың басында қайта жылыну кезеңі басталып, сол ғасырдың соңында-ақ температура 0,7-0,8 градусқа жеткен. Осы тұста табиғи тәсілді жақтаушылар жағы енді көп ұзамай Жердің жоғары қабатында ауа температурасының төмендеу кезеңі басталады дегенді айтып отыр.
Ал енді жаһандық жылынуды тек адамның қолдан жасаған қастандығы деп танығандардың пікірін саралап көрейік. Ең әуелі, олар ауа температурасының бірер жылдың ішінде лезде жылынуы бұрын-соңды болмаған құбылыс деп түсіндіреді. Небары жүз жылдың бедерінде Жердің үстіңгі қабатының 0,7-0,8 градусқа күрт жылуы бұдан мың жыл бұрын да болмаған. Соңғы он бес жылда жаһандық жылынудың жылдамдығы өскен. Мұны осы тарапты қолдаушылар адами фактор әсер етпесе, табиғатта мұндай жағдай тіркелмес еді деп отыр. Бұған тағы бір себеп, ауаға бөлінген метан мен көмірқышқыл газының да көлемі артқан. Бір сөзбен айтқанда, осы тұжырым бойынша қазіргі климаттық өзгерістердің 90 пайызын адамзат өз қолымен жасаған.
Иә, қазіргі уақытта ғалымдар табиғаттағы өзгерістерге түрлі болжам айтып, дәлелдеп те жатыр. Біз ғаламторды ақтарып отырып, ғаламдық тосын жаңалықтардың талайын көрдік, оқыдық. Дегенмен біздің қолымыздан әзірге келетіні – өзіміз тұрып жатқан өлкенің табиғатына жанашырлық танытып, жасылдандыру, сол арқылы әлемдік экологиялық ахуалға өз үлесімізді қосу.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.