Адам дегеніңіз бұл дүниедегі ең бір жұмбақ, санасы мен ойы, түйсігі мен сезімі ерекше құбылыс иесі. Дүбірлі өмір жолыңда кіммен жолығып, кіммен пікірлеспейсің, тәйірі. Жақсымен кездесіп ой бөліссең ішкі дүниең марқайып, көңілің көтеріліп, қанаттанып, бір жасап қалатының бар. Сондықтан ойы сергек жақсы адамдар жолыңда көбірек жолықса екен деп тілейсің.

Тағдыр деген кімге не ұсынып тұрғаны бір Жаратушыға ғана белгілі. Әр адамның жан дүниесі – сырлы бір әлем. Оны кімге болса соның алдына ақтарып, жайып тастамайсың. Тек сенімді, пейілі таза, жүрек жылуы мол, жаныңа жақын тартатын кісілерге ғана ашылатының бар. Мына сіздерге ұсынылып отырған шағын хикая бір сырлы, нәзік жанның күнделігінен үзінді. Менің анда-санда қолыма қалам алып, ой тербейтін әдетімнің бар екенін білетін сол танысым бірде «танысып шығып, бір кәдеңізге жаратарсыз» деп жазғандарын ұсынған еді. Соның реті келіп, бірер уақыт өткеннен соң ғана ақ қағазға түсіргенім бар. Ендеше, сол хикая-күнделікке назар аударайық.
«Иә, тағы бір сағынышқа толы қоңыр күз өтіп барады. Бұл уақыт дегенде, сірә, тоқтам бар ма? Жұмған алақандағы құмдай сусып, зымырандай зулайды-ай келіп. Әттең, сол уақыт қадірін бағалай білсек қой, шіркін!
Адам болып өмірге келіп, ес білген, ержеткен әр жан бақытты болуды армандайды емес пе? Менің сол бақытыма жете алмай жүргеніме не себеп? Осы ой мені сирек болса да мазалайды. Сәл ертеректе кітаптан оқыған мына бір аңыз әңгіме есіме жиі түседі.
«Ауылдың шетінде тұрған қарапайым ғана әдемі үйдің есігі қағылып, үй шаруасында жүрген әйел есік ашты. Есіктің алдында шаштары аппақ қудай болған үш қарт кісі тұр екен. Бұл кісілер үй иесіне таныс емес еді. Сонда да сәлемдескен соң оларды үйге кіріп демалуға, асқа отыруға шақырды.
– Отағасы үйде ме? – деп сұрады бірінші тұрған қарт кісі.
– Ол жұмысына кеткен, кешке келіп қалар, – деді әйел.
– Е-ее, жөн! Онда отағасының келуін күтейік, үйге кірмейміз! – дейді әлгі шалдар. Кешке күйеуі жұмыстан оралған соң, әйелі болған жайды оған баяндайды.
– Тезірек ол кісілерді шақырып кел! – деді таңырқаған күйеуі.
Үй маңындағы жапырақтары мол ағаш көлеңкесінде демалып жатқан қарттарды әйел іздеп тауып, оларды үйге кіруге шақырып еді, олар бастарын шайқады.
– Бәріміз бір уақытта үйге кіре алмаймыз, – деді олар.
«Неге?» деген сұрақты күтпестен алдында тұрған қарт кісі: «Мына кісінің аты – Байлық, анау кісінің аты – Табыс, ал менің атым – Махаббат», – деді өздерін таныстырып. «Күйеуіммен ақылдасайын», – деп әйел үйіне кіріп кетті.
Қатты қуанған күйеуі:
– Бұл бір таңғаларлық іс екен, онда біз Байлық қартты үйге кіргізейік, үйіміз байлыққа толсын, – дейді.
Әйелі оны құп көрмей:
– Отағасы, біз неге Табыс қарияны кіргізбейміз, әр ісіміз табысты болса, бай болмаймыз ба? – деді.
Ас бөлмесінде жүрген жас келін бұлардың сөзін естіп:
– Біз Махаббат атайды шақырсақ, тіптен жақсы болмай ма? Үйіміз мейірімге, махаббатқа толады, – деді қарақат көздері жәудіреп.
– Жарайды, келініміздің сөзін жерге тастамайық, – деді атасы мейірлене.
Әйел есік алдына шығып:
– Махаббат атай қайсы кісі? Сол кісі үйге кірсін, – дейді. Махаббат атай есіктен кіріп еді, қалған екеуі де бірге кірді.
Әйел таңғалып Байлық пен Табыстан:
– Мен тек Махаббатты шақырдым, сіздерге жөн болсын, неге кірдіңіздер? – деп сұрайды.
Сонда қарттар жарыса: «Махаббат қайда болса, бізде сондамыз!» – деп бірін-бірі қостап ішке енеді».
Бұл аңыз болса да адамды ойландыратын, толғандыратын, әсерге бөлеп, тағылым беретін дүние. Халқымыз осындай ертек-аңыздарды шығарарда салиқалы, салмақты, тәлім-тәрбиелік мәніне көп көңіл бөлген емес пе? Мына аңыз әңгіме де кімді болмасын ойға қалдырады…
Алла Тағала ісіне амал жоқ. Бірақ тағдыр мені неге сонша қатал жазалады? Біреудің ала жібін аттамадым. Ес білгелі жақсылыққа жанасып, таза, адал өмір сүруге талпындым. Жаратқан Ием тым жас кезімнен мені неге қайғы мен қасірет құшағына алып, тағдыр тұманына тұншықтырды? Оған не себеп? «Әркімнің тағдыры туғанда пешенесіне жазылып тұрады» дейді білгіштер. Сонда менің пешенеме жазылғаны осы ма екен? Тағдырым неге тым қатал? Өзекті өртер жан жарасына ешбір ем жоқ па? Сірә, қарттар айтып отыратын «Адамның басы – Алланың добы» болғаны рас па? «Адамдардың тайғақ тағдырлары пейілінен» дейді тағы бір білгіштер. Ендеше, менің басымнан өтіп жатқан мына қасіреттер менің пейілімнен бе? Қай әрекетім Алла Тағалаға жақпай қалды екен?..
Ойлап отырсам, өмірлік серігім, асыл жарым Жаншуақты қара жер қойнауына бергеніме міне жеті жыл болыпты. «Уақыт – барлығына емші» дейді қазекем. Қайдан!.. Жан жарасын емдеу, сірә, қиынның қиыны-ау деп ойлаймын мен. Бірге отау тігіп, шаңырақ көтеріп, қол ұстасып бар болғаны бір жарым жыл-ақ бірге жүріппіз! Тым аз уақыт! Тым шолақ өмір!
Біз үшін қандай бақытты күндер еді ол күндер. Нұрлы, қызықты, шуақты еді-ау. Өміріміз де, тірлігіміз де, сөзіміз де, әзіл-қалжыңымыз да – барлығы, барлығы жарасымды еді. Бірге тәтті қиялдарға беріліп, алдымызға биік мақсаттар қойып, арман қанатына ілесетін сәттеріміз де аз болмайтын. Тым қысқа тағдырыңды алдын ала сездің бе, әрдайым асығып жүретінсің. Негізгі қызметіңнен қолың қалт етсе болды үйге асығып, менің қасымнан табылуды қалайтұғынсың. Бала мінезіңді қалай ұмыта аламын. Күні кешегідей бәрі есімде, көз алдымда.
Әлі есімде… Әскери қызметіңді Аягөзде бастағанда, әскери қалашықта тұрдық емес пе? Алғашқы кезде мен үшін өте ауыр болды. Белгісіз өңір, бөтен аймақ, бейтаныс орта, бөтен қала. Шүйіркелесіп кететін құрбы-құрдас түгілі таныс та жоқ. Сол кезде мен қатты қиналдым. Тіпті сенің әскери қызметіңе риза болмай, саған қапаланғаным да рас. Келе-келе барлығы өз ретіне келді емес пе?! Уақыт өте келе ол жерден де достар таптық, көңілді өз ортамыз пайда болды.
Бірде сол Аягөз өңіріндегі мәңгілік махаббат мекеніне айналған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» кесене-күмбезіне бардық. Бабаларымыздың асыл махаббатының куәсі, пәленбай ғасырлар бойы жел мен жауын-шашынға дес бермей тұрған таңғажайып кесенеге, мәңгілік ыстық сезімнің символына айналған ғашық иелеріне бас идік. Ішімізден махаббатымыз мәңгілік болып, ұрпағымыз өсіп-өніп, бақытты, ұзақ өмір сүрейік деп тіледік. Біз келер болашағымызға сендік. Өйткені ол кезде бірігіп, өмір жолын батыл, игі тілекпен бастаған үлбірген жас едік, жан жылуымыз мол жас отау едік. Несін айтайын, ол бақыт көктемі бүр жарып тұрған әдемі кез еді. Сол бір нұрлы, бақытты сәттерді еске алсам, осы күнге дейін жүрегім қарс айырылып, тынысым тарылып, көздеріме мөлт-мөлт етіп ыстық жас келеді. Не амал бар тағдырдың жазғанына? Тіпті жан сырымызды толық жеткізе алмадық-ау деп те өкінемін кейде. Күрсінесің, күңіреніп қайғыға батасың… Іштегі ауыр шерді көз жасыңмен сыртқа шығарасың. Одан басқа қолдан келер не шара бар? Әркімге барып көңілдегі сырыңды, ішкі дүниеңді аша бермейсің. Сенің сол көңіл-күйіңді біреу түсінер, біреу түсінбес. Әркімнің өз өмірі, өз тағдыры, өз ісі бар…
Әттең, ең өкініштісі, баянды бақытымыз, үкілі үмітіміз, үлгілі де қызықты махаббатымыз күтпеген жерде күрт үзілді-ау. Көгілдір көктемнің бір кешінде, Жаншуақ, сен ойда жоқ жерде жол апатына ұшырап, келместің кемесіне мініп кете бардың. Төбемізге жай түскендей, есімізді жия алмай біз қалдық. Сөйтіп, бірақ күнде қайғының құшағына оранып, жылап-сықтап, артыңда аңырап қалдық емес пе, жаным. Сен бар болғаны 24-те едің, ал мен 23 жаста болатынмын.
Міне, сол қайғылы күндерден бері сырғып он жыл өте шығыпты. Бірақ жаралы жүрек сені ешкімге алмастыра алмай, сары сағыныш мені бейжай күйге бөлеп, ішкі дүниемді астан-кестең етіп, жүйкемді жұқартқандай болады. Тағдыр солай болды. Өкініш өзегімді өртейді, санамды сабалап, кеудемді қысады. Не амал бар? Не?.. Барлығына көнеді екенсің.
Менің Аллаға тәубе ететінім, артыңда алтын асықтай ұлың мен құлпырып өскен гүлдей қызың қалды. Екеуі де есейіп, білімге сусындап, қатарларынан қалмай көк желектей желкілдеп өсіп келеді. Ұлың сегізден асса, қызың жетіге толды. Сен көз жұмғаннан кейін 5 айдан кейін дүние есігін ашқан қызыңның түр-әлпеті өзіңнен бір аумай қалғаны қызық. Оны көргенде, барлығы еріксіз сені естеріне алады. Екеуі де оқу озаттары. Кейде сені базбір себептермен іздейтіндері бар. Естері кірген сайын ойлы болып барады. Әрдайым есімізге алып, саған құран бағыштап отырамыз, Жаншуақ. Олар, менің ойымша, сенің ошағыңның отын сөндірмес, сірә. Келер күндерден үміт үзбейік. Уақыт өте келе олар да оңы мен солын танып, келешекте парасатты, ақылды, ойлы боларына күмән келтірмеймін. Барлық қиындыққа мойымай, басқа салған ауырлықты мойныммен көтеріп, сен жаққан отты сөндірмей, тағдырмен барынша арпалысып келемін. Сенің жоқтығыңды білдірмей, ұлымыз бен қызымызды жетілдіріп, қанаттығы қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіруге Алла Тағалам маған күш-қайрат берсін. Жаныма медет таппай, қиналып аһ ұратын күндерім мен түндерім аз емес. Тағдыр бізді армандарымызға жеткізбей тым ерте, иә, тым ерте ажыратты. Сол өкінішті. Саған деген сағынышым еш азаяр емес. Енді Жаратқан Ием балаларымызға өмір беріп, бақыт сыйласын.
Міне, жадыраған жаз да өтті. Тағы бір қоңыр күз келіп жетті… Сен ойдан шығар емессің, Жаншуақ. Тіпті кейде түсіме кіретінің де бар. Иманың серік болсын, жаным! Мәңгі есімдесің! Көңілімнің төріндесің!..», – деп аяқтапты қолжазбасын менің әлгі танысым. Шын беріле сүйе білу, көңіліндегі ақ сезімін ақ қағазға түсіре білу де кім болса соның қолынан келе бермейтін ерекше бір жақсы қабілет-қасиет екен-ау, шіркін. Күнделік иесінің көңіл-күйін, ой-толғанысын, жүрек лүпілін, асыл сезімін, сағынышын ұға отырып, оны көп өзгертпей сіздерге ұсындық.
Өлкемізге қоңыр күз келді. Жыл құстары топ-топқа бөлініп, әуеде тізіліп жылы жаққа бет алуда. Көңілді мұң басады. Сондай сәттерде Асқар Жүнісбековтің «Тырналар» деген көңілге жағымды әні құлаққа там-тұмдап келеді. Тыңдаған сайын жүрекке мұң құяды-ау шіркінің:
Көл жатыр көл боп арманда,
Арманға көңілің толған ба?
Жоқ еді-ау жарға жазығым,
Жағада жалғыз қалғанда.

Мекенін іздеп шырайлы,
Тырналар көкте шулайды.
Иесіз қалса жүрегім,
Ғашықтар қалай шыдайды?

Тырналар, сау бол, тырналар,
Мұңайып қалды-ау мына жар.
Көрсеңдер сүйген жарымды,
Айтыңдар менен бір хабар.
Ән тұп-тура о дүниеге ерте озып, тым асығыс келместің кемесіне отырып, фәнилік болып кеткен жоғарыдағы хаттағы Жаншуаққа айтылғандай әсер қалдырады…
Адам тағдыры, адамның ішкі толғанысы кімді болса да бейжай қалдырмайтыны, тың ойларға жетелейтіні, тіпті жүрекке салмақ салып, оны кеудеңе сыйғызбай аһ ұрғызып, алаңдататыны белгілі. Ол, сірә, тірі пенде болғаннан кейін бәріміздің басымызда болатын сезім шығар.
…Әрбір адам дүниеге келгенде түнгі аспандағы жұлдыздардың саны біреу болса да көбейеді дейді. Шынында да, түнгі аспанды бір сәт тамашалап көрсеңіз, адамдар да сол жұлдыздар тәрізді екенін байқайсыз. Біреулер жарыққа шыққаннан гөрі тасада жүргенді қалайды, оның жұлдызы әлсіз жылтырайды. Ал біреулер сабырсыз, өздерінің өміріне жиі өзгеріс енгізеді, олардың жұлдызы біресе жарқырап, біресе әлсіз жылтырап, құбылып тұрады. Ал енді үнемі жарқырап, түнгі аспанға ерекше шұғыла шашып тұратын жұлдыздар болады. Олар, сірә, ізгі жандардың жұлдызы болса керек… Сөйтіп, менің ойымша, жұлдыздарда да біз білмейтін жұмбақ бар, кейде зер салсаңыз олар да бізге сыр шертеді.
Жұлдызымыз сөнбесін! Әрқашанда жоғарылап, биікте жарқырай берсін! Бұл біздің Жер басып жүрген әрбір жанға айтар тілегіміз. Тағдыр бізді әрдайым жақсылыққа жолықтырып, бақыт пен қуанышқа кенелтіп, махаббатқа бөлеп, биіктерге жетелесін.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған