Италияның Неаполь қаласында өткен Дүниежүзілік ХХХ жазғы Универсиада ойындарының үшінші күнінде ел қоржынын жерлесіміз, дзюдошы Ғалымжан Қырықбай алтын медальмен толықтырды.

Абсолют салмақ дәрежесінде чемпион атанған ол тек қана Универсиада чемпионы атанбай, Қазақстан дзюдо тарихына «дзюдодан Қазақстаннан шыққан тұңғыш Универсиада чемпионы» деген атын енгізді.
3-14 шілде аралығын қамтитын додаға облыстан 3 спортшы аттанған еді. Соның қатарында Ғалымжан Қырықбай қарсыластарын қоғаша жапырып, теңдессіз екенін танытты. Ол барлық бес белдесуде қарсыластарын алып та, шалып та ұрып, ақтық айналымда франциялық Хадриен Ливольсиді тізерлетті. Бүгінде Ғалымжан облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының Олимпиада жеткіншектерін даярлау орталығының тәрбиеленушісі, сондай-ақ М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Дене шынықтыру және спорт» мамандығының студенті. Бапкерлері – даңқты балуандар Ғалымжан Жылгелдиев пен Бақтияр Ақбергенов.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Универсиадада облыс намысын үш спортшы қорғауға аттанған. Соның бірі ТарМУ-дың түлегі Ақмарал Ерназар да әйелдер арасындағы дзюдо күресінде барын салып белдесті. Алайда екінші айналымда сәттілік жолдас болмай, жүлдеге қол жеткізе алмады. Ел мақтаныштарына айналған жамбылдық жампоздарды жанкүйерлері «Алматы-Тараз» бағытындағы кіреберіс қақпадан бар салтанатымен күтіп алды. Жанкүйерлерді облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков бастап барып, чемпионға деген ыстық ықыласын білдірді.
– Бұл – ел тарихында бұрын-соңды болмаған айтулы оқиға. Олай дейтінім, Ғалымжан Қазақстаннан шыққан дзюдо спортынан тұңғыш Универсиада чемпионы атанып отыр. Сондықтан жерлесіміздің жеңісімен жамбылдықтар ғана емес, барша қазақстандықтар мақтанады. Ғалымжанға алдағы байрақты бәсекелерде де жеңісті жорығы жалғаса берсін деп тілеймін. Ел үшін туған ердің ерлігі сөзсіз тарихта қалары хақ, – деді Бекболат Серікбекұлы.
Бұдан кейін сөз алған М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков Универсиадаға аттанған қос спортшының жеткен жетістігі туралы айта келе, екеуіне бірдей оқу орнының шәкіртақысын тағайындады.
Ал толағайымыз Ғалымжан Қырықбай жамбылдық жанкүйерлерге алғысын білдірді.
– Әлемдік бәсекеде қолдау білдіріп, жеңіске деген жігер берген барша жанкүйерлерге алғысымды білдіремін. Қай спортшы болмасын аламанға қосылғанда топ жаруды ойлайтыны белгілі. Мен де мемлекетіміз бен облыс намысы үшін барымды салып белдестім. Нәтижесінде айым оңынан туып, алтын медальге қол жеткіздім. Бұл – менің ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың жеңісі. Сондықтан бұл жеңісімді еліме арнаймын. Екі айдан кейін Токио Олимпиадасының алдындағы додаларға дайындық басталады. Осы сындардан да сүрінбей өтіп, Токиода өнер көрсетсем деген арманым бар. Бұйыртса, бұл биікке де жетерміз, – деді чемпион.
Бұдан кейін жанкүйерлер қос спортшыны гүлге көмкеріп, естелік суретке түсті. Иә, шынында да, бақ пен бап қатар бәске түскен додада дара шабу екінің бірінің басына бұйырмайтыны анық. Ғалымжанның бұл ерлігі тарихта алтын әріптермен қалары хақ.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған