Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тәуелсіздік – тәу етер киеміз

0 325

Қазақ елі тарихтың қатпарлы кезеңдерінде басынан сан зұлматты өткеріп, бірде жеңіп, бірде жеңіліп, тәуелсіздікке аңсап жетті. Біздің егемендігіміз бен тәуелсіздігіміз – бүгінгі ұрпақтың ғана еңбегі емес, ата-бабамыздың сан ғасырлық күресінің нәтижесі.

Биыл, яғни жаңа 2021 жылы осы айтулы датаның 30 жылдық мерейтойы. Отыз – орда бұзар шақ. Біздің ел отыз жылда қандай жетістікке жетті, нені мақсат етті және алда неге ұмтылуымыз керектігін, мерейтойды атап өтуде неге баса назар аударуымыз қажет екенін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күні кеше республикалық бас басылым «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында қадап айтты. Тіпті бұл мақала соңғы бір айдан бері көрші ел тарапынан келген қаңқу сөздің түйінді, нақты жауабы екенін де аңғару қиын емес. Себебі Қасым-Жомарт Кемелұлы өз мақаласында: «Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз– ең басты байлығымыз.

Қазаққа осынау ұланғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Бүгінгі тарихымыз 1991 жылмен немесе 1936 жылмен өлшенбейді. Халқымыз Қазақ хандығы кезінде де, одан арғы Алтын Орда, Түрік қағанаты, Ғұн, Сақ дәуірінде де осы жерде өмір сүрген, өсіп-өнген. Қысқаша айтқанда, ұлттық тарихымыздың терең тамырлары көне заманның өзегінде жатыр… Шекара сызығын ресми түрде халықаралық шартпен бекітіп, оны әлем жұртының мойындауы соңғы бірнеше ғасырда үрдіске айналды… Шекарамыз толығымен шегендел-ді», – деп қадап айтты.

Аталған мақалада Мемлекет басшысы егеменді еліміздің 30 жылда жеткен жетістіктерін жазған. Сондай-ақ мемлекеттік тілдің өрісін кеңейту мен тарихи құндылықтарымызға қатысты өз ойын ашық айтты. Мәселен, ұлттық тарихымыздың құндылығын арттыру, оны қарапайым халыққа және жастарға түсінікті, қолжетімді ету керектігіне баса назар аударған. Бұрындары «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында түгенделген тарихымызды ғылыми-зерттеу институттарының қабырғасынан шығарып, оны халық көретін кинофильмдердің сюжетіне арқау ету керектігін де тапсырма етіп берді. Демек, біздің дәуірлер қойнауынан тамыр тартқан тарихымызды елдің санасына, жастардың бойына сіңіре отырып, өз Отанына деген махаббатын қайта оятудың қажеттілігін айтты.

Тарихымызға, салт-дәстүрімізге, түп тамырымызға оралу арқылы оны қуаттап, «өркениеттер аласапыранында» жұтылып кетпес үшін басты қару етуіміз жайында сөз етті. Алдағы уақытта өз тарихымызды қазақи көзқараспен қайта жазып, жаңаша жазылған ұлттық тарихымызды шығаруды қолдады. Өйткені сонау кеңестік үкімет кезінде бұрмаланып жазылған тарихымызды енді өзіміздің тарихи-рухани дүниемізге негіздеп жазуды қолға алу, шынында да, уақыт күттірмейтін заман талабы екені рас.

Сонау бір зобалаң кезеңдердегі аштықтан қырылған халқымыздың тарихын шынайы деректер арқылы нақтылап, шынында да, қаншама халқымыздың қырылғанын анықтап жазуды және сол қырғынның ұйымдастырылғанына кімдер кінәлі екенін де анықтайтын кез келді. Тіптен, тарихымызды сонау Сақтар заманынан бастап жазуды қолға алсақ, онда біздің тарихымыз төрт мың, үш мың жылдықтарға кетеді. Міне, осылайша өз тарихымыздың ғасырын ұзарта отырып, біздің ел болып, ұлт болып қалыптасуымыздың тамыры тереңде жатқанын аңғартатын боламыз. Әрине, Президентіміздің кешегі Алтын Орданың 750 жылдығын тойлау мен атап өту туралы айтқан ұсынысының астарында да үлкен мән жатыр. Себебі сол Алтын Орданы зерттей, зерделей отырып, Еуразия құрлығындағы көптеген елдердің өз алдына ұлт пен ұлыс болып қалыптасуының негізінде біздің бабаларымыз жатқанын аңғарту болатын.

Ұлттық идеологияны қуаттай отырып, мемлекеттік тілдің мәртебесін асыру керектігіне де тоқталды. Мемлекеттік тіл біреу ғана, ол қазақ тілі екенін айтып, оны білу, үйрену ниеттестікке байланысты болатынын ұқтырды. Бүгінгі кезде мемлекеттік тіл үйренушілердің қатары артып келе жатқанына, ол да бір қуантарлық мәселе екенін сөз етті. Әрине, өзге тілдерді жақсы білгеніміз құптарлық, бірақ қазақ тілін ұмытпауымыз керек. Қазақ тілінде сөйлеп, жазу керекпіз. Біз қазақ болған соң тіліміздің дәрежесін жоғарылату бізге ғана керек.

Тіл игеру үшін балалар әдебиетінің атқаратын рөлі маңызды. Сондықтан да сұранысқа ие шетел әдебиеттерін қазақ тілінде қолжетімді етудің де қажеттілігі айтылды.
Барлық нәрсе тәрбиеден, отбасы тәрбиесінен басталады. Бұл ретте біз өзімізді шын патриот дей аламыз ба деген ойды да ортаға салды. Жалған ұранмен жан-жағымызды жайпап бара жатқанымыз ащы да болса шындық екенін айтып, санамызды оңға бұрып, әрекеттерімізге есеп берер кездің келгенін айтты.

Мемлекет басшысы бұл мақалада тағы да бірлік пен ынтымақ тақырыбын көтерді. Себебі бүгінгі күніміздің жетістігі – еліміздің маңдайына біткен бірлік ұғымының жемісі. Ол турасында Мемлекет басшысы былай дейді: «Бізді қай заманда да қиындықтардан аман алып келе жатқан басты құдірет – ел бірлігі. Ынтымағы жарасқан жұрттың қашанда ұпайы түгел. Түрлі жағдайларға байланыс-ты қазақ жеріне әр кезеңде әртүрлі ұлт өкілдері көптеп қоныстанды. Қазақ халқы ешкімді жат көрмей, бауырына басты. Бүгінде олардың туған жері де, Отаны да – Қазақстан. Ұлтаралық татулық пен келісімді сақтау – мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның және әрбір азаматтың міндеті. Түптеп келгенде, еліміздегі тұрақтылық пен береке-бірлік үшін барлығымыз бірдей жауаптымыз».

Бұл мәселелерді көтере келе Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Біздің мақсаты-мыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Тәуелсіздік бәрінен қымбат», – деп ойын түйіндеді.

Сауран Қалиев,
Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.