Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тәуелсіздік – тәңір сыйы

0 13

 

Баласағұн орталық концерт залында 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мерекесіне орай облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қатысуымен салтанатты жиын өтті.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ Суреттерді түсірген Ю.Ким


Шараға облыс әкімі аппаратының қызметкерлері, облыстық департамент басшылары, басқарма басшылары, ардагерлер кеңесінің мүшелері, университет ректорлары, зиялы қауым өкілдері шақырылды. Мемлекеттік әнұран шырқалған соң облыс әкімі Асқар Мырзахметов жамбылдықтарды атаулы мерекемен құттықтай отыра, бабалар аңсаған тәуелсіздіктің еліміз үшін мән-маңызын атап өтіп, мемлекеттің қарыштап дамуы жолындағы Елбасының атқарып жатқан игі істеріне тоқталды.

– Тарихтағы қантөгістің қайсысын алып қарасақ та ата-баба жүрегіне алау жаққан осы қасиетті құндылықты көреміз. Ғұн қағаны Мөде өз әскерін жауға қарай көтергенде де, батыр бабаларымызға қуат болған осы ұғым. Кешегі бөрі байрақты көк түркінің тасқа қашалған тарихында да осы қастерлі ұғым болатын. «Елді халық едім, елім қайда? Қағанды халық едім қағаным қайда?» деген өзекті сұрақ тарих көшінде ұрпақтар алдынан талай шықты.

Сол сұрақ тәуелсіздік таңы туғанға дейін талайды толғантқаны белгілі.
Ел болашағына, жер болашағына келгенде батыр бабаларымыз жанкештіліктің өшпес үлгісін көрсеткені өз алдына, сонымен бірге, ұлы дала ұлыстары бейбітшілікті де ұстанғаны тарихтағы бір тағылым.

Парасаттылығы мен көрегендігін бүгінде әлем мойындап отырған, «Елбасы» деп ел атақ берген Тұңғыш Президент саясатының аясында елдің шаңырағы көтеріліп, уығы темір қазықтай бекіді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың «Дербес мемлекет құру қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы еді. Міне, енді сол күнге де жеттік!» деген тұжырымды сөзінің мәніне бүгінде барша қазақстандықтардың көзі жетіп отыр. Қазақстанның жаңаша тарихы мен жаңа дәуірі 1991 жылы 16 желтоқсаннан бастау алды. Тәуелсіздікті жер жүзіне жариялап, егеменді еркін ел екенімізді паш еттік.Сондықтан да, ардақты ағайын, облыс жұртшылығы Ұлы даламыздың ең ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күні құтты болсын!, – деді өңір басшысы Асқар Исабекұлы.

Салтанатты жиын барысында облыс әкімі жуырда Қазақстанның Еңбек Ері атанған «Шәушен» шаруа қожалығының басшысы Сайрамбай Дөненбаевты барша Жамбыл жұртшылығының атынан құттықтап, еңбегіне табыс тіледі.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен қоғам қайраткері Амангелді Карентаев, «Әмір және Д» дәріханалар желісінің басшысы Қарлығаш Қаймолдаева «Парасат» орденінің иегері атанды. ІІ дәрежелі Достық орденімен Қордай ауданының әкімі Болатбек Байтөле, «Құрмет» орденімен Қордай ауданының «Вынхуа» «Дүнген мәдени орталықтары қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Лугмар Боларов марапатталды.

Ал ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен 4 жамбылдық марапатталып, ҚР Құрмет грамотасын 11 адам иеленсе, «Қазақстан халқы ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» медалімен Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Маржан Қожаева марапатталды.

«Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісіне Жамбыл облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Жандар Кәрібаев, жүзуден жазғы XV Паралимпиадалық ойындардың жеңімпазы Зульфия Габидуллина, ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығының директоры Сейтхан Жошыбаев және өзге де бірқатар жамбылдық азаматтар ие болды.
– Еліміздің бірлігі мен татулығы арқасында осындай жоғары марапатқа ие болғаныма қуаныштымын.

Бұл менің көп жылғы еңбегімнің жемісі. Елбасының байтақ отанымызды бейбітшіліктің асыл мекеніне айналдырып, ынтымағымызды арттырып отырғаны асқан көрегенділіктің нышаны. Әрдайым осы тәуелсіздігіміздің мызғымай, берекеміздің артып, іргеміздің кеңейе беруіне ел азаматы ретінде атсалысатын боламын.

Бүгін марапатқа ие болған жамбылдықтарды шын жүректен құттықтаймын, – деді «Вынхуа» «Дүнген мәдени орталықтары қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Лугмар Боларов.

Жиын соңында Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының ұжымы рухты әндерімен, әсем билерімен көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.