Қалалық қоғамдық-саяси газет

Төселіп төр алдында құрақ көрпе

0 27

Қазақ халқының ертеден бүгінге өшпей жеткен қолөнерінің бірі – құрақ құрау. Астарында үлкен тәрбие жатқан өнер түрі әлі күнге ел санасынан өшкен жоқ. Соңғы жылдары халықтың қызығушылығын қайта оятып, күнделікті қолданысқа кеңінен ене бастады. Тіпті қолөнердің бұл түрін жеке бизнесіне айналдырып, қыз-келіншектерге үйретіп жүрген жандар да бар. Солардың бірі – Мария Сухамбердиева.

Арайлым Шабденова Суретті түсірген автор

Жасы жетпіске жеткен Мария Жалтайқызы бүгінде №60 мектепте білім ордасының оқушыларына тегін құрақ көрпе тігудің қыр-сырын үйретуде. Он саусағынан өнер тамған тігінші апай кішкентайынан қолөнердің құрақ түріне аңсары аумаған. Тек зейнет жасына шыққаннан кейін бос уақытын тиімді өткізу мақсатында құрақ құрауды қолға алыпты.

– Әрине, бірден құрақ құрап кеткен жоқпын. Алдымен үзілген түймені қадау, сырмасын жөндеу, жастық қабын тігу, сөгілген жерлерді көктеу сынды жұмыстарынан бастадым. Өзімнің әжемнен де көрген-білгенім бар, анамнан да көрпе қабуды үйренгенмін. Өзімнің де қызығушылығым күшті болғаны соншалық, құрақты көргенде ерекше күй кешетін едім. Шабытым ашылып, қиялыма неше түрлі құрақтың кескіндері келетін. Содан кейін нақты құрақ құрап, өз алдыма көрпеше тіккен кезде әр жерден көрген білгенімді қолдандым. Ал бүгінде бұл өнердің барлық қыр-сырын жан-жақты меңгерудемін. Сосын қорықпай тапсырыс қабылдай бастадым. Құрақ өнерін үйреніп, осы іспен айналысқалы бұл адамды төзімділікке, үнемділікке үйрететініне көзім жетті. Түрлі түстердің бір-бірімен үйлесім табуын түсіндім. Әсіресе, нәзікжанды аруларымызды әдемілік пен әсемдікке, тазалық пен тиянақтылыққа жетелейді. Ең бастысы, ой-өрісін кеңейтеді, – дейді Мария әжей.
№60 орта мектептің ұстазы Гауһар Әбдіқалыққызы мектептегі оқушыларды бұл өнерге баулу туралы ұсынысты Мария Жалтайқызына айтып, білім ордасына алып келіпті.

– Гауһар осыдан 2 жыл бұрын үйге келіп, оқушыларды құрақ көрпе құрауға үйретуімді өтінді. Зейнетке шыққан мен қуана келістім. Екі жыл қатарынан 8-9 сыныптың қыздарына білгенімнің барлығын үйретіп келемін. Басында қызығушылық танытқандар көп болды. Бірақ уақыт өте келе 5-6 оқушы үйірмеге келіп жүрді. Қыздардың ішінде қолөнерге икемді, құрақ пішуді жақсы меңгергендері бар. Енді қазір елдегі жағдайға байланысты оқу онлайн түрде болғандықтан, жыл басынан бері үйірме тоқтап тұр. Ел іші тынышталып, індеттің беті қайтса, құрақ көрпеден өзге, тоқыма тоқуды да қыздарға үйрету жоспарда бар, – дейді Мария әжей.
Әр дүйсенбі күні 45 минут оқушыларды қолөнердің шеберлігімен баулып жүрген әжей мектепке құрал-саймандарды, мата-мақта, ине-жіпке дейін өзі алып барады екен. Елдегі пандемия жағдайы қалыпты болып, дерттен толық құтылсақ, №60 мектептің басшылығы оқушыларға арналған бұрыш жасап беруді жоспарлап отыр екен. Бұл да әжейдің идеясынан туған. Бұрыштың ерекшелігі – барлығы қазақша стильде, арнайы бұйымдармен жабдықталмақ. Мектептен бөлек, бос уақытында Мария әжей қыз жасауын тапсырыспен жасап, азын-аулақ табыс та табады.

– Бүгінде үкіметке телміріп, «баламды бағып бер, ақша бер» деп әкімдіктің алдынан шықпайтын аналарды көріп, естіп жүрміз. Еңбек етем десең, кез келген дүниеден ақша жасауға болады. Құрақ құрауды қолға алып, ұмыт болған қолөнерді қайта жандандырсақ нұр үстіне нұр болар еді. Бұл өнер – қазақ әйелдерін ысырапшылдыққа жол бермеуге үйреткен дүние. Кезінде ата-бабаларымыз түрлі маталардың қиындыларын қоқысқа тастамай, кәдесіне жаратқан. Әртүрлі үзінділерден түрлі киімдер тіккен. Құрақ кестенің шығу тарихы осында жатса керек. Мысалы, бір киімді тіккен кезде неше түрлі кесінділері қалады ғой, содан және жыртыстардан, әртүрлі маталардың қалдықтарынан сан алуан дүниелер жасап шығаруға болады. Қазақ халқы құрақты өте киелі деп бағалауының себебі – «келген жаман көзден сақтайды» деп сенген. Мәселен, баласы шетіней беретін ана нәрестесін қырық құрақтан жамалған көрпеге ораған. Қырық құрақтан құралу арқылы жасалған дүниеге кез келген адамның бірінші көзі түскен. Міне, осыдан біз құрақты тек қана көрпешеге қолданбайтынын білуімізге болады. Мұны адамдар сүйеніп отыратын орындықтарына да қолданған. Және түскиіздерге де неше түрлі құрақтың бедерлерін жасаған. Ал отыратын орындықтарына адамдар көбінесе қыранның, аққудың суреттерін құрақтан құрастырып тіккен, – дейді Мария Сухамбердиева.

«Шебердің қолы алтын» дейді атам қазақ. Сөзге шебер, іске де ұста халқымыздың мәдениетін паш ететін құндылықтардың бірі – қолөнер. Асыл тастан сән бұйымын соққан, жүннен көздің жауын алатын тоқыма жасап, сүйек пен мүйізді қиыстырған халық шеберлерінің ісі – мақтауға тұрарлық өнер туындысының ізін жалғаушылар арамызда көп болғай.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.