Қалалық қоғамдық-саяси газет

Т.Рысқұлов ауданының әкімі сайланды

0 914

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Т.Рысқұлов ауданына жұмыс сапарымен барып, актив жиналысына қатысты.

Аймақ басшысы аудандық сайлау комиссиясының шешіміне сәйкес Т.Рысқұлов ауданының әкімі болып сайланған Ернар Есіркеповті  таныстырып, жұмысына сәттілік тіледі.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформасын іске асыру барысында облыстық мәслихаттың шешіміне сәйкес ағымдағы жылғы 5 қарашада пилоттық негізде облысымыздағы Т. Рысқұлов және Жуалы аудандары әкімдерінің сайлауы өткен болатын.

Т.Рысқұлов ауданындағы сайлаушылардың 56,12 пайызы өз таңдауларын жасаған сайлауда көпшілік дауыспен Ернар Есіркепов жеңіске жеткен.

Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының ақпаратына сәйкес сайлау барысында ешқандай заң бұзушылықтар тіркелмеген.

– Бұл сайлау – қоғамды демократияландырудың маңызды институты, халықтың ерік-жігерін білдіру, оның мемлекеттік басқаруға қатысуының негізгі нысаны болмақ.

Пилоттық негізде Т. Рысқұлов ауданында өткен сайлау барысында Ернар Серікәліұлы аудан халқының көпшілік даусымен, оның ішінде осында отырған өздеріңіз таңдау жасап аудан әкімі лауазымына сайланды.

Алдағы уақытта да ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын арттыру барысында өздеріңізбен бірлесіп жұмыс атқарады деген сенімдемін, – деген Ербол Қарашөкеев аудан әкіміне бірқатар бағыттар бойынша нақты міндеттер жүктеді.

Сондай-ақ, жиында Т.Рысқұлов аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Манарбек Тлепов аудан әкімінің сайлау қорытындысы туралы баяндаса, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Бейжанов, Жастар ресурстық орталығының директоры Жәндік Ерболат та ой-ұсыныстарын білдірді.

Аудан әкімі болып сайланған Ернар Есіркепов өз кезегінде сайлаушылардың сенімінен шығығуға, Мемлекет, Үкімет, облыс басшыларының тапсырмаларын нәтижелі орындауға кұш салатынын жеткізді.

Ернар Есіркепов 1981 жылы Жамбыл облысы Луговой ауданында туған. Қазақ ұлттық аграрлық университетін «агроөнеркәсіп кешені кәсіпорындарындағы экономика және менеджмент» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2003 жылы Т.Рысқұлов ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру-кадрлық және бақылау жұмысы бөлімінің маманы болып бастаған.

Әр жылдары Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бас маманы, кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы, Жамбыл облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық және кадрлық жұмыс бөлімінің бас маманы; ұйымдастыру-инспекторлық бөліміндегі облыс әкімінің бас инспекторы; құжаттама және бақылау бөлімінің басшысы, Жамбыл облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары, басқарма басшысы қызметтерін атқарған.

2022 жылғы маусымнан бастап Т.Рысқұлов ауданы әкімі лауазымында еңбек етіп келді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.