Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Түріктердің тұрмыс-тіршілігі сериалдарындағыдай емес»

0 501

Бүгінгі «Өзгеше көзқарас» айдарының қонағы Бекзат Бекболат. Ол қазіргі таңда Түркия астанасы Анкара аласында «Түркия Бурслары» бағдарламасы арқылы Анкара Қажы Байрам Уәли Университетінің «Заманауи Түркі тілдері және әдебиеті» мамандығының студенті ретінде білім алуда. Болашағынан зор үміт күттіретін жерлесімізбен жуырда тілдесудің сәті түсіп еді.

– Бекзат, Анкарада білім алу бала күнгі арманыңыз ба еді?
– Бала күнімде Түркияда, я болмаса шет елде білім алуды армандадым. Бірақ тарихшы болғым келетін. Қазір міне, оқып жатқан оқу орным, мамандығым, бәрі сол бала күнімнен армандаған дүниеге қолым жетті.
– Елге араға неше уақыт салып келіп тұрасыз? Ауыл баласы екенсіз, қазақи ортаны, өрістен мал қайтқан уақытты, бестің шайын сағынғанда, ананың айналайынын аңсағанда, сағынышыңызды қалай басасыз?
– Ауылға әр жаз сайын барып қайтамын. Індет басталғанда Анкарада қалдым. Былтыр жазда екі ай, биыл бір ай болып қайттым елде. Түркия, қазақтар үшін жатырқайтын, туған елге деген сағынышыңды арттыратын ел емес деп ойлаймын. Өйткені мұндағы халық қанша дегенмен бауырласымыз ғой. Сол үшін жат екеніңді мүлде сездірмейді. Содан болар елді аса қатты сағына бермеймін. Әрине кейде қарт ата-апамды ойлап, жанына барғым келеді. Ондайда апамның салып жіберген құрты бары қандай жақсы деймін… Қазір байланысу жолы оңай ғой. Хабарласып хал жағдайын біле аласың. Анкараның өзінде қазақтар көп. Жалпы Түркияда соңғы жылдары қазақстандықтар саны әжептеуір артты.
– Түрік тілін еркін меңгерген шығарсыз, иә? Жалпы сіздің тарихқа деген махаббатыңызды оятып, тіл игеруге ықпал еткен не жағдай немесе кім болды?
– Түрік тілін Түркияға келіп үйрендім. Осында бір жыл бойы тіл үйрендік. Тілді жетік меңгеріп, емтихан тапсырған соң ғана бірінші курсқа бардық. Түрікшені үйрену жеңіл болды. Қазақ тілі екеуі түбі бір, түркі тілі болғасын өте ұқсас. Тіл үйрену барысында ұқсастығы мен ерекшелігін, айырмашылығын салыстыра отырып үйрендім. Бұл менің қызығушылығымды күшейте түсті. Дегенмен жетік меңгердім деп айту әбес болар, әлі де меңгеру үстіндемін. Өйткені мамандығым да тілмен байланысты, болашақ әдебиетшімін, тілді жақсы білуім қажет. Ал тарихқа деген ынтызарлығым жаңа айтқандай, бала күнімде басталды. Теледидардан тамашалайтын кәрістің тарихи сериалдары, суретті кітаптардағы бес қаруы сай батырлар, бәрі, бәрі мені тарихқа тартты да тұрды. Бұрын тек тарихқа қатысы бар кітаптар оқушы едім. Көркем шығармаларға көшкенім кейін ғой. Тарихқа деген махаббатымды біліп, бетімді қақпай белімді буған жандардың бірі мектептегі кітапханашы апай дер едім.
– Түріктерге өз ұлтыңызды айтып, «қазақпын» деп таныстырған кезде не айтады? «Қазақстан» сөзі түріктерге немен ассоциацияланады?
– Олар қазақтарды түріктігін, тегін, дәстүрін мейлінше сақтап қалған халық деп таниды. Мысалы, қазақ тілінде арабша, парсыша сөздер көп емес деп біледі. Қазақстан дегенде, Түркі жұртының ерекше құрмет тұтар тұлғасы Ахмет Яссауиді, оның кесенесі орналасқан Түркістан қаласын айтады. Сосын біздің Тұңғыш президентіміз Елбасыны жақсы біледі және «Тарихын ұмытпайтын басшы» деп қатты құрметтеп жатады. Сосын әлбетте, «Аттың етін жейсіздер ме сонда?» деп таң қалып сұрайды.
– Түрік ұлтының ұнайтын ерекше қасиеттері, қазаққа ұқсастығы немесе мүлде ұқсамайтын жақтарына тоқтала кетсеңіз?
– Мұндағы халықтың ұнайтыны, өзіміз секілді бауырмал, һәм қонақжай. Әлбетте қазаққа ұқсамайтын жақтары да баршылық. Қанша дегенмен бізден әлдеқайда ертерек отырықшы өмірге ауысқан халық қой. Өздерінің жеке мәдениеті қалыптасқан. Неше түрлі мәдениеттердің, өркениеттердің тоғысқан тұсы Анадолыда шынымен де, тіпті бөлек мәдениет бар. Түркияны толық аралап шыға қоймадым. Мысалы ауылдарына бармадым. Ауылдарында тұрмыс қандай екенін білмеймін. Мұны білмей жатып бірдеңе деуім орынсыз болар.Тек айта алатыным, түріктердің тұрмыс тіршілігі сериалдағыдай емес. Соны білуіміз керек. Сериалдағыдай бәрі бай, үй ішінде аяқкиіммен жүрмейді.
– Замандас-студенттермен жоғарғы оқу орындары туралы сөз ететіндіктеріңіз анық. Елде дәл осы мамандықты оқығаныңызда қандай болар еді?
– Иә достарым, араласатын ортам бұл тақырыпты жиі талқылайды. Олардың көбі магистратурада оқып жүрген соң, Қазақстандағы жоғары оқу орындары жайлы біраз ақпар естимін. Екі елдің білім жүйесін салыстырады. Өзім солардың әңгімелерін тыңдап отырып, Түркияда оқып жатқаныма қуанамын. Әсіресе дәл осы түркітану мамандығына қатысты. Өйткені мұнда оқытылатын көптеген сабақтар мен тақырыптар елде үйретілмейді екен.
– Елден жырақ, туыстан алыс жүргелі не ой түйдіңіз? Бұрын ұқпаған нәрселерді бүгін ұққан шығарсыз?
– Әрине сыртқа шыққалы көп нәрсе үйрендім. Басқаша, жаңаша ойлай бастадым. Бұрын білетін дүниелеріме тың көзқараспен қарауға көштім. Бастысы, білім алып өзіңді шыңдағың келсе, барлық кезде мүмкіндіктер өте көп екенін ұқтым.
– Бекзат, әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.