Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тәрбие түзелмей, тазалық оңбайды

0 208

Көне шаһардың шырайын келтіру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жоқ емес. Жасыл қала қалыптастыруда тал-дарақтар отырғызылып, шаһар шырайын арттыруда. Мұндағы басты мақсат тазалық пен тәртіпті ту ету болса керек. Алайда бір жер бүтінделсе, бір жердің қиюы кетіп жататыны жасырын емес. Оған да күнделікті тіршілік барысында адамдардың өзі жол беріп жатқандығы ащы болса да шындық.

Арайлым Шабденова

Тіршіліктің түрлі себептерімен көшеге шыға қалған жағдайда, әуелі көшелердің әр бұрышында шашылып жатқан қоқысты байқауға болады. Тұрғындар қолындағы затты қоқыс жәшігіне апарып тастаудан гөрі, аяқ астына тастай салғанды дұрыс көреді. Қала берді көпқабатты тұрғын үйлердің алдында да, артында да шашылып жатқан темекі қораптары, түрлі сусындардың ыдыстары, қалбырлар, пакеттер секілді қоқыстар ешбір адамға жағымды әсер сыйлай қоймайтыны сөзсіз. Қоршаған ортаны құрметтеу, адамдарды сыйлау әркімнің ішкі мәдениетіне байланысты болса керек. Бірақ тұрғындардың барлығы бұл тұрғыда «мәдениетті» деп айту қиын. Оған қала әкімінің кеңесшісі Жанболат Таңатаров бастаған, құрамында жергілікті полиция қызметкерлері мен қала бойынша қатты тұрмыстық қалдықтарды тасымалдаумен айналысатын мекеме басшылары бастаған топ қаладағы аймақтық округтерді аралауда көз жеткізді. Алдымен Асқаров көшесі №255 мекенжайында ораналасқан «Көлік жуу» қызмет көрсету ғимаратының алдында төбе болып үйілген қоқысты көрген сала мамандары кәсіпкерге ескерту берді. Жалпы бұл округ №2 аймаққа қарасты. Мұндағы қоқыс шығару қызметі «Сұлтанқазы» ЖШС-не жүктелген. Жол жиегіндегі бірнеше апта бойына қоқысқа толып тұрған контейнерді тексеруге барған кезде жинауға кіріскен мекеме қызметкерлері 10 минуттың ішінде өз жұмыстарын аяқтады.


– Серіктестік 2003 жылдан бері жұмыс жасайды. Бізге «Химпоселок» аумағы, Почтовая, Бульварный, Сүлейменов, Братская, Ниетқалиев, Щербаков көшелерімен қатар, Шалғай Қарасу, «Талчок», «Солнечный» алқабы қарайды. Барлығы 4340 абонентпен жұмыс жасаймыз. Қоқыс шығаратын техника саны 10 дана. Жалпы аптасына 5 рет әр көше, аймақ бойынша кестемен тазартамыз. Жеке тұрғын үйлермен келісімшарт жасау жергілікті инспекторлар арқылы жүргізіледі. Бірақ бүгінгі таңда тұрғындарға айма-ай ақша төлеп, қоқыс шығартқаннан гөрі сыртқа немесе өзге адамдардың ауласына қоқыстарын тастап кету оңай болып тұр. Бұл мәдениет әлі күнге дейін кейбір тұрғындар арасында қалыптаспай отыр, – дейді «Сұлтанқазы» ЖШС директоры Марат Бекбауов.
Аталмыш аумақта 3240 жеке меншік, 72 көпқабатты тұрғын үйлер бар. Мұндағы күл-қоқысты «Нұрлы Тараз», «Сұлтанқазы», «Сәрсенбай», «Жасыл Ел-Тараз» серіктестіктері шығарумен айналысады.


– Жалпы апта басынан бері Сүлейменов көшесінен бастап жаңа жылдан қоқыс шығаратын мекемелермен келісімшартқа отырған тұрғындарды тізімдеп, берешегі бар үйлермен жұмыс жасаудамыз. Көбінде жеке меншік үйлер келісімшартқа отырудан бас тартып, қоқыстарын көрінген жерге тастап кетеді немесе жақын маңдағы контейнерлердің маңын ластайды. Сондай-ақ біздің аумақтағы жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалар келісімшартқа отырып үкіметпен коян-қолтық жұмыс жасаудан қашады. Түсіндіру жұмыстары әлі де жүріп жатыр. Алдағы уақытта да келісім шартқа отырмаған, күл-қоқыстарын, тұрмыстық қалдықтарды бей-берекет шашып, көшенің ластануына жол берген тұрғындар мен кәсіпкерлерге алдымен ескерту беріліп, кейін айыппұл салынады. ҚР әкімшілік құқық бұзушылық заңнамасының 505 бабы бойынша алғашқы айыппұл 47 мың көлемінде, – дейді №2 аумақтық округтің бас инспекторы Әмірхан Қанаев.


Рейд барысында сала мамандары бастаған топ Петрошевский, Коперник көшелерінде орналасқан үйлерді аралады. Бір тұрғын есігін ашып, келісімшартқа отырса, енді бірі сала мамандарын жағадан алып, қоқыс шығарушылар уақытылы келмейтіндіктерін, көше тазалығына қатысты ешқандай жұмыстың жасалынып жатпағандығын баса айтты. Бұдан әрі №3 аймаққа жол тартқан жұмысшы топ күні кеше сенбілік жасалып, тазаланған «Сеңкібай-Қапал» каналының қайтадан қоқысқа толғанын байқады. Жалпы мұнда 35 мың халық тұрса, оның ішінде 3900 жекеменшік үйлер. Бұл аймақтың қоқысын «Махмудов Т.» ЖШС шығарады екен. Қала бойынша 11480 абонетпен жұмыс жасайтын мекеме жеке тұлғалардың берешегінің көптігін алға тартады.
– Қаланың орталық көшелерінің біразын біз тазалаймыз. Бізде 8 техника бар. Әрбір жұмыс күндері кестеге сай қоқыс жүйелі тазаланады. Каналдарға кімнің, қай уақытта қоқыс тастайтыны белгісіз, қашан келсең де толып тұрады. Ол тұрғындардың тазалыққа салғырт қарағандығының «жемісі». Жалпы келісімшарт жасауға келгенде жекеменшік иелерін не үйінен таппайсың, не болмаса, есіктерін ашпайды. Ал келісімшарттары бар адамдардың өз берешектері бастарынан асады. Мәселен, біздің серіктестікте коммуналдық берешектер 9 мыңнан 50 мыңға дейін жетеді, – дейді «Махмудов Т.» ЖШС директоры Тоймұрат Махмудов.


Қаладағы тазалық тақырыбын қаузайтын болсақ, ықшамаудандардан аттап өту мүмкін емес. Тазалықтың сақталмауынан түрлі инфекциялардың таралуы ықтимал. Әр адам үшін гигиена басты орында тұруы тиіс. Қазір қоғамда, қоршаған ортада тазалық толық сақталуда деп айта алмаймыз. Ең өкініштісі, бұл мәселені тудырып отырған тұрғындардың өздері. Кей тұрғындар көшеде келе жатып қолындағы түрлі заттарды ойланбастан тастай салады. Мұның бәрі ауаны ластайды. Темекі тұқылдары, шараптардың бос бөтелкелері, көкөніс, түрлі жемістердің қабықтары мен қалдықтары ауаға инфекция тарататындығы тағы шын. Ойлап қарасаңыз, өз денсаулығымызға өзіміз зиян келтірудеміз. Шындығында да тазалық мәселесіне келгенде әлсіздік танытып жатамыз. Бүгінге дейін шаһардағы барлық қоқыс алаңының беті ашық күйде жатыр. Әсіресе ықшамаудандарда, ілгеріде салынған тұрғын үйлердің маңайында қаңғыбас ит пен мысық көп. Ал бұлар кезі келгенде қоқыстан әлденелерді тартып әкетіп, әуреге түсіп жатады. Жалпы қала бойынша күл-қоқыс тасымалымен айналысатын 6 мекеме бар. Олар 152728 абонентке қызмет көрсетеді. Бірақ қаланың тазалығына бұл көрсеткіштер де жетпей тұрғанын көз көріп жүр.
Тәрбиенің көзі отбасы десек, әрбір ата-ана үйдегі баланы қоршаған ортаны сүйіп, аялауға, қоқыс тастамауға тәрбиелесе, қоғамдағы бірқатар проблемалардың түйіні шешілер ме ед»?!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.