Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тәрбие басы – талбесік

0 423

«Анаға тағзым» орталығында «Тәрбие басы – талбесік» атты тағылымы мол іс-шара өтті.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалы мен облыстық тілдерді дамыту басқармасы ұйытқы болған шара барысында облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы Аналар алқасының төрайымы Хадиша Оспанова, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Мәдениет және өнер» кафедрасының меңгерушісі, ҚР мәдениет қайраткері, профессор Айгүл Қабиева және Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық филиалының Аналар кеңесінің төрайымы Мухаббат Миражаповаға сөз беріліп, олар бесік жырының бала өмірінде алар орны және ана мен сәби арасындағы байланыстың беріктігін сақтайтын ерекше ән екеніне тоқталып, орамды ойларын ортаға салды.
Баланы тербетіп отырып айтылатын осынау керемет жырдың тәрбиелік, тағылымдық мағынасы зор. Әдемі әуеннің астарында жас баланың дені сау, адал, өнерлі, еңбексүйгіш, еліне қамқор болар азамат болып ержетсе деген ізгі тілек бар.
Айтулы шараға қазақ, өзбек, орыс, неміс, түрік, тәжік, дүнген ұлт өкілдерінің аналары да келіп, әрқайсысы өз ана тілдерінде бесік жырын орындады. Әр этностың әні өзінше әсерлі, өзінше ерекше. Ал ананың әлдиіне жетер не бар дейсіз? Кешке қатысқан қонақтар әр ұлттың бесік жырынан алған сезімдерімен бөлісіп, өз пікірлерін білдірді. Осылайша әр ұлттың ана әлдиінен әлемде бесік жырын айтпайтын халық жоқ екеніне тағы бір көз жеткіздік. Халық педагогикасының мәйегіне айналған бесік жырында халықтың төл тарихының, дәстүрлі мәдениетінің, ежелгі наным-сенімінің, дүниетанымының көрінісі барын ұғындық. Бесік жырын барша халық ұлттық тәрбиенің кәусар бұлағы деп танып, әлем халықтарының бесік жырлары әр елде әртүрлі аталғанымен, атқаратын міндеті, мазмұн байлығы, поэтикалық құрылымы мен саз-әуені жағынан үндестік табатынын анық аңғардық.
Кездесу соңында іс-шарада белсенділік танытқан барлық қатысушыларға дипломдар мен сый-сияпаттар табысталды. Сондай-ақ түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері өз өнерлерін ортаға салып, орталықты әуезді ән, әсем биге бөледі.

Жұмаш Жолболды

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.