Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тұрғындардың өтінішінен кейін көше асфальттануда

0 538

Шаһардың маңында орналасқан Қарой ауылдық округінің тұрғындары 2020 жылдың қорытындысы бойынша өткен есептік кездесуде (03.03.2021) аудан әкімі Аруаев Сәкен Қаланұлына бірқатар сауал жолдаған болатын.

Солардың бірі – Қ.Пірімқұлов көшесін орта жөндеуден өткізу.

Ауыл азаматы Абай Мадалиев 21 жыл бұрын төселген орталық көшенің асфальты ескіріп, адам мен көлік қозғалысына өз әсерін тигізіп жатқанын айтқан болатын.

Жұртшылықтың сауалын назарға алған аудан басшысы ағымдағы жылдың соңына дейін бұл ұсынысты орындау үшін бюджеттік нақтылауда қаражат қарастырып, төселуіне күш салатынын жеткізген болатын.

Бүгінде араға 7 ай салып, тұрғындар өтініші орындалып отыр.

— Жалпы ауылдық округте 10 көше бар. Оның 8-і Пригородное ауылында, 2-еуі Кемел ауылында орналасқан. Қазір өздеріңіз көріп тұрғандай жол жабындысы төселіп жатыр. Орталық көше болып саналғаннан кейін, біз асфальттың енін 6 метрге жеткізіп, төсеп жатырмыз. Жалпы ұзындығы 2 шақырым 200 метрге жетеді. Жұмыстарды «Қаратау жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі талапқа сай жүргізуде. Жуық күндері аяқтайтын болады. Бұдан бөлек тұрғындарға айта кетер болсақ, келер жылы С.Мұқанов көшесіне міндетті түрде асфальт төсейтін боламыз. Бастапқыда осы көшеден бастауымызға болар еді. Дегенмен ауыл азаматтары орталық көшеден бастауды өтінген болатын. Келер жылы бұл игіліктіде соңына жеткізетін боламыз, – дейді Қарой ауылдық округінің әкімі Төрехан Тапжанов.

Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.