Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тұрғындар тілегі орындалды

0 204

Қала әкімі Айтқазы Қарабалаев «Родничок» алқабының тұрғыны Өмірбай Сабыровтың шақыруын қабыл алып, алқап тұрғындарымен кездесті.

Арайлым ШАБДЕНОВА

Кездесуде көпшілік жылдар бойына қордаланған мәселелердің шешу жолы мен мерзімін талап етті. Алдымен алқап тұрғындары қоғамдық көліктің бағытын Қызыл көпірге дейін созу, мөлтек ауданға тікелей баратын қосымша автобус бөлуді сұрады. Сонымен қатар қоғамдық көліктің көшенің тарлығына байланысты алқаптың ішіне кірмейтіндігі, қоғамдық көлік жүретін жолдарды асфальттау, ауыз су, мектеп құрылысы, республикалық маңызы бар жолдың бойындағы аялдаманы артқа шегіндіру, әлеуметтік дәріхана, полиция тірек пунктін салу мәселелері көпшілік тарапынан айтылды. Өз кезегінде қала әкімі Айтқазы Қарабалаев тұрғындардың көтерген мәселелеріне нақты жауаптар қайтарды.
– Бүгінгі таңда алқапқа мектеп құрылысын салу – басты назарда. Өйткені мұндағы балалар №50 мектепке қатынап оқуда. Мектеп құрылысының құжаттары 50 пайыз дайын. Республикалық бюджеттен қаражат сұралуда. Ауыз су мәселесі бойынша жоба дайын. Тек енді насос қысымын анықтау жұмыстарын жүргізу қажет, – деді шаһар басшысы.
Сондай-ақ №12 автобус бағытын созу үшін тасымалдаушы мекеменің өкілімен бірлесе алқапты аралап, мәселені шешуге тапсырма берілді. Одан кейін массив Қайнар көшесі №58, 59 үйдің маңындағы жолдың бөлігіне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу, республикалық маңызы бар жол бойындағы аялдаманы балалардың қауіпсіздігі үшін басқа орынға, жол жиегінен екі метр артқа орнату туралы тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне тапсырылды. Жұмыс барысында Айтқазы Дәулетқұлұлы алқапта жаңадан ашылған дәрігерлік амбулаториясы мен «Ажар» балабақшасында болып, жұмыстарымен танысты.
Сонымен қатар шаһар басшысы «Құмшағал» алқабының тұрғындарымен кездесіп, көпшіліктің талап-арызын тыңдады. Мұнда да коммуналдық мәселелер көтерілді. Оның ішінде бірқатар саяжайдағы электр бағамын реттеу, көгілдір отынның жайын жүйеге келтіру сынды тақырыптар күн тәртібіне шығарылды. Әр тұрғынды тыңдаған Айтқазы Қарабалаев тиісті сала мамандарына бірқатар тапсырмалар беріп, арыз-шағымдарды қараусыз қалдырмайтындығын жеткізді.


Жуырда БАҚ беттерінде Тараз қаласындағы жаңа 15-ші шағын аудандағы №21, 22 кредиттік үйлердің электр энергиясы мен газға қосылмағандығы туралы ақпарат жарық көрген болатын. Осыған орай, аталған жайт облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тікелей бақылауына алынып, бірден шешімін тапты.
Нақтырақ айтсақ, тұрғындардың тілегі орындалып, 10 қаңтар күні аталған үйлер электр энергиясына толық қосылды. Бұл орайда уақытша қосылымның тұрақты жалғануының салдарынан екі үйде техникалық ақаулар табылып, ол электр энергиясының ажыратылуына әкеліп соққан. Қазіргі таңда бұл ақаулар қалыпқа келтірілді. Айта кету керек, бұл тұрғын үйлерге бұған дейін ыстық су, жылу, ауыз су жүргізілген.
Ал көгілдір отын мәселесіне келер болсақ, ҚР Ішкі істер министрінің 2017 жылғы 9 қазандағы №673 бұйрығымен бекітілген газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің қауіпсіздігі бойынша талаптардың 443 тармағына сәйкес газбен жабдықтау үй ішіндегі пәтерлердің жалпы санының кемінде 80 пайызын құрауы тиіс. Яғни «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ талаптарына сәйкес үйдің тұрғындарының сексен пайызы қоныстандырылмай, газ берілмейді. Ал нақтылы кезеңде аталған екі үйге барлығы 7 отбасы ғана қоныстанған. Дейтұрғанмен көпшіліктің талабы тыңдалып, тұрғындар бүгінде үйлерін жылытып, көгілдір отынның рахатын көріп отыр.
Шаһардағы құрылысы қызу жүріп жатқан аталған жаңа шағын ауданда өткен жылы барлығы 1300 пәтерлі 26 көпқабатты тұрғын үй бой көтерсе, ағымдағы жылы 29 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілмек.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.