Бүгінде билік пен бұқара арасындағы ашықтық мәселесі өзекті. Тұрғындар әкімдерге талап-тілектерін кез келген уақытта жолдай алады. Өз кезегінде әкімдік те барлық сұрақтарды мұқият қарап, мәселені оңынан шешудің жолдарын қарастырып келеді.

– Қала аумағында қатынайтын қоғамдық көліктердің қазіргі жағдайы көңілден шықпайды.Ол көліктердің көбісі аз орынды. Салдарынан автобус ішіндегі арақашықтық сақталмайды. Бұл жағдай COVID-19 пандемиясы тараған тұста оңынан шешілмегені көпшілікті алаңдатады. Осыған байланысты автобустарды жаңартып, ондағы санитарлық нормалардың қатаң сақталуын сұранамын.
Г.Юсупова,
қала тұрғыны

– Пандемияға дейін қалаішілік жолаушылар тасымалымен 10 тасымалдаушы мекеме 42 бағытта қызмет көрсетіп отырды. Ағымдағы жылдың наурызынан бастап қалада карантин режимі енгізілуіне байланысты жалпы 465 автобустың орнына 270-280 автобус қызмет көрсетуде. Сондай-ақ 2018 жылы тасымалдаушы мекемелермен 71 бірлік, 2019 жылы 82 бірлік жаңа автобус сатып алынды. Жалпы 2018-2019 жылдар аралығында 153 бірлік жаңа автобус ауыстырылды.

Ағымдағы жылы Тараз қаласындағы автобус-тарды жаңалау мақсатында «СарыарқаАвтоПром» ЖШС (Қостанай), «СемАЗ» ЖШС (Семей), «Hyundai Trans Auto» ЖШС (Алматы) өкілдерімен кездесу ұйымдастырылып, Тараз қаласында автобустарға презентация және «тест-драйв» жасалды. Тасымалдаушылар «Hyundai Trans Auto» ЖШС-нің «Golden Dragon» маркалы өніміне тоқтам жасады. Сәйкесінше, алдағы уақытта 100 бірлік автобус сатып алынады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар автобус парктерінің басшылығына қоғамдық көліктерге санитарлық тазалық жұмыстарын тұрақты жүргізуді назарға алу жөнінде ескертілгенін және бұл бағыттағы жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлаймын.

– Қала аумағындағы кейбір көшелерде қоқыс жәшіктерінің жоқтығы алаңдатады. Себебі қоқыс жәшіктері шарасынан асып толғанда, тұрғындар одан құтылудың жолын іздейді. Тіпті кейде көршілер қоқысты өртеп әлекке түседі. Біз айтып отырған мәселе Қажымұқан көшесінде орын алып отыр. Осыған байланысты көшеге қосымша бірнеше қоқыс жәшігі қойылып, уақтылы шығарылып тұрса дейміз. Бұдан бөлек, осы көшеге орталық кәріз құбырын орнатудың жолын қарастырсаңыздар жөн болар еді.
Жарас Болыс,
қала тұрғыны

– Қоқыс жәшігін орнатуға байланысты санитарлық талаптар мен ережеге сәйкес, тұрғын үй мен қоқыс алаңшасының арасы 15 метрден кем болмауы шарт. Сол үшін де жеке секторларға қоқыс жәшіктері орнатылмайды. Екінші сауалыңызға тоқталсам, сіздің өтінішіңіздегі көрсетілген мекенжай бойынша әуелі жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеу керек. Осыдан кейін орталық кәріз жүйесіне қосу мәселесі қарастырылады.

– М.Х.Дулати көшесінің тұрғынымын. Біз қазір су мәселесі бойынша қиындық көріп отырмыз. Осы көшеде су құбыры тек 1974 жылы орнатылған еді. Қазір соның тозығы жеткен. Екінші мәселе, көшемізде кәріз жүйесі жоқ. Салдарынан жайлы үйде тұру арманға айналып барады. Әсіресе, карантин уақытында монша жабылған соң, жағдай тіпті қиындады. Сізден осы мәселені оңынан шешіп беруді сұраймын.
М.Х.Дулати көшесінің тұрғыны

– 2003 жылғы 09 шілдеде бекітілген Қазақстан Республикасы Су кодексінің №36 бабына және ҚР Ұлттық экономика министрлігінің 2015 жылғы 28 ақпандағы №163 бұйрығына сәйкес, су және кәріз жүйесімен қамтамасыз ету бойынша тұтынушының су және кәріз құбырларының баланстық пайдалану шекарасы қызмет берушінің жүйелеріне қосылу нүктелеріне дейінгі аралық болып саналады. Осы ретте М.Х.Дулати және Ползунов көшелерінің тұрғындары пайдаланып отырған су құбырларының құрылысы жекеменшік нысан ретінде жүргізілгендіктен, аталған құбырлар «Жамбыл су» МКК балансында тіркелмеген. Осы көшедегі су жүйесінің құбырлары қалалық орталықтандырылған су жүйесіне Лермонтов көшесінің бойындағы «Жамбыл су» МКК-нің диаметрі 400 мм су құбыры арқылы қосылған. Осы қосылу нүктесі баланстық және эксплуатациялық пайдалану шекарасы болып саналады. Қазіргі таңда М.Х.Дулати және Ползунов көшелерінің ауыз су құбырларының эксплуатациялық мерзімі өтіп, тозығы жеткен және бітелуде. Сондықтан толықтай жаңғыртуды талап етіп отыр.

«Жамбыл су» МКК тұтынушыларға қолданыстағы ауыз су және кәріз су құбырлары жүйесі бойынша қызмет көрсетеді және мекеме мемлекетпен бекітілген тарифпен жұмыс істейді. Жекеменшік құбырларды жөндеу және ауыстыру жұмыстары мекеменің бюджетінде қарастырылмаған. Сол себепті, қаржыландыру мәселесі өз шешімін тапқан жағдайда «Жамбыл су» МКК-нің М.Х.Дулати және Ползунов көшелерінің ауыз су жүйелерін ауыстыру және кәріз жүйелерін жүргізуге техникалық мүмкіндігі бар екенін хабарлаймын.

Дайындаған Сәндібек АСАНӘЛІҰЛЫ

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған