Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тұлғасы дара көшбасшы

0 22

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Тұңғыш Президент» залында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған «Елбасы: Тәуелсіздік. Даму. Тұлға» атты конференция өтті.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ. Суреттерді түсірген Алтынбек ҚАРТАБАЙ

Басқосуды облыс әкімі Бердібек Сапарбаев кіріспе сөзімен ашып, Тұңғыш Президент күнінің маңыздылығына тоқталды.

– Тәуелсіздік алған кезде Қазақстанның Тұңғыш Президенті болып бірауыздан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланған болатын. Осы уақыт аралығында ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманы орындалып, дүниежүзінде жаңадан Қазақстан деген мемлекет пайда болды. 29 жылдың ішіндегі Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегі зор деп айтуға болады. Оның ең негізгісі – тәуелсіздік. Көптеген мемлекеттердің ішіндегі бірінші рет ең алып мемлекеттердің бірі Ресей Федерациясымен, Қытай мемлекетімен және басқа да көрші мемлекеттермен өзіміздің шекарамызды белгіледік. Одан кейін көптеген мемлекеттің ішінде тағы да бірінші болып астанамызды Алматы қаласынан Ақмола облысына көшірдік. Осы жылдары рәміздерді белгілеп, тұңғыш рет өзіміздің теңгемізді шығардық. Жүзден астам мемлекетпен дипломатиялық қарым-қатынас орнаттық. Халықаралық форумдар, саммиттер біздің Қазақстанда өтті. Ең негізгісін білесіздер, 20 жыл бойы ОБСЕ-нің болмаған саммиті біздің елордамызда өтті. Діндер қауымдастығының екі жылда бір болатын саммиті де біздің еліміздің астанасында өтуде, – деді облыс әкімі Бердібек Машбекұлы.

Сондай-ақ өңір басшысы Елбасының Қазақстанда тұрақтылық, бірлік, ынтымақты сақтаудағы жанкештілігін атап өтіп, елі сүйген Ұлт көшбасшысының еңбегін ескерген халқы 1 желтоқсанды Тұңғыш Президент күні деп атағанын тілге тиек етті.

Мұнан соң сөз алған Қазақстанның Еңбек Ері, «Қазфосфат» ЖШС директоры Мұқаш Ескендіров Елбасының елімізді дамыту жолындағы қайраткерлігі, ұлтқа деген қызметі, тұлғалық қасиеті жайлы баяндаса, Кардиохирургия және трансплантология орталығының бас директоры, медицина ғылымдарының докторы, Қазақстанның денсаулық сақтау ісінің үздігі Сейітхан Жошыбаев Нұрсұлтан Әбішұлының медицина саласының дамуына қосқан үлесіне, Елбасының қолдауымен негізі қаланған кардиохирургиялық орталықтың игі істері мен атқарған жұмысына тоқталды. «Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – дара тұлға, көрегенделігі мен іскерлігі қатар жүретін білікті саясаткер». Бұл – облыстық кәсіподақтар ұйымының төрағасы Мейрамбек Төлепбергеннің Елбасы жайлы пікірі. Спикер өз баяндамасында нар тұлғаның тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы рөлі жайлы жан-жақты тоқталды.

Конференция барысында сөз алған М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков «Елбасы және жастар» тақырыбында сөз қозғады.

– Алдыңғы жылды жастардың ұсынысымен Елбасы «Жастар жылы» деп жариялады. Сол Жастар жылының ашылуында айтқан бір сөзі бар: «Мен сіздер, бүгінгі жастар, ерекше ұрпақ екендеріңізді қайталаудан жалықпаймын. Сіздер тәуелсіз Қазақстанда өмірге келдіңіздер және сонда ержетіп келесіздер. Сіздердің жастық шақтарыңыздың уақыты – біздің еліміздің көтерілу және гүлдену уақыты», – деген. Елбасының көптеген кітаптары бар, соның ішінде «Жылдар мен ойлар» деген кітабында «Отыз жылдық егеменді елді басқаруда сіз ең үлкен қандай үлес қостыңыз?» деген сұраққа Елбасы саясат демейді, экономика демейді, Елбасы: «Осы жылдар аралығында қазақ халқының сана-сезімінің психологиясын өзгерттім», – деп жауап береді. Бұл, әрине, алдымен жастарға айтылған. Себебі тәуелсіздіктің арқасында жастарымыз көптеген жаңа құндылықтарға ие болды. Кеңес Одағы кезіндегі қазақ жастарының бойында басқа ұлттарға қарап жалтақтау деген психология болған. Ал қазір, Құдайға шүкір, Елбасының жастарға деген қамқорлығының негізінде бүгінгі ұрпақ мұндай психологиядан айырылды. Бұл да Елбасының саясаты деп қабылдаймыз, – деді М.Нұрғалиұлы.

Конференцияға онлайн жүйесінде қосылған Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, еркін күрестен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров жұртшылықты барлық спортшылардың атынан Тұңғыш Президент күнімен құттықтап, Елбасының спортшыларға деген қамқорлығын атап өтті. «Үздік педагог – 2020» республикалық байқауының жеңімпазы, облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған ІТ лицей-интернатының тарих пәнінің мұғалімі Жанар Жангасиева да аталмыш мерекенің тарихы жайлы баяндады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.