Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

«Түйте» каналының бойы тотыдай түрленеді

0 353

Бүгінде қаланың ирригациялық жүйесін жақсартуға барынша ден қойылуда. Бұған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та айрықша тоқталған болатын. Аталған бағыттағы жұмыстар қаланың шырайын ашып қана қоймай, су тасқыны қатерінің алдын алуға да септігін тигізетіні сөзсіз.

Осы мақсатта облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасымен шаһар аумағындағы 6 ирригациялық және 2 дренаж каналын механикалық тазалауға қала бюджетінен қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар қолға алынған болатын. Осының нәтижесінде бүгінде каналдарды тазарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Айталық, қазір «Сенім Құрылыс Сервис» ЖШС мердігерлігімен «Түйте» каналының «Ұлы дала» (15) шағынауданы мен «Бурыл» алқабы ортасындағы бөлігі абаттандырылуда.
Каналдың көркемдеуден өтетін бөлігінің ұзындығы 1 738 метрді құрайды. Жуық арада мұндағы жұмыстар аяқталып, абаттандырылған канал бойы қала тұрғындарының демалыс аймағына айналады.
Бұл жөнінде Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков:
– Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, былтыр шаһарда ұзындығы 60-тан аса шақырымды құрайтын 8 канал механикалық тазалаудан өткен болатын. Енді сол каналдарды абаттандыру жұмыстары қолға алынуда. «Түйте» каналындағы жұмыстар – соның алғашқы қадамы. Каналдарды тазалап қана қоймай, айналасын абаттандыру да айрықша маңызға ие. Бұл бір жағынан тұрғындардың тынығатын орнына айналса, екіншіден судың канал бойымен еш тоқтаусыз ағуына мүмкіндік береді. Бастысы, жұмыстар сапалы әрі межеленген мерзімінде орындалуға тиіс, – деп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеген еді.
Осылайша таяу арада тотыдай түрленген «Түйте» каналының бойы шаһардағы көрікті орындардың біріне айналмақ.

Аман ЕСЕН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.