Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Сырғалымға» келіп сырлас, құрбым!

0 320

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Таразда «Анаға тағзым» орталығы ашылған болатын. Бүгінгі таңда орталықтың қызметі жанданып тұр. Мұнда қыз-келіншектерге арналған әртүрлі курстар жұмыс істеуде. Атап айтсақ, «Сырғалым» сырласу клубы, «Ерке сылқым» хореографиялық би үйірмесі, «Сырлы әлем» бейнелеу өнері және «Ана тілі» шешендік өнер мектептері, «Қызғалдақ» ұлттық экотәрбие клубы, «Қазына» ұлттық аспаптар сыныбы, «Ынтымақ» коворкинг залы, «Береке» аспаздық және «Бойтұмар» қолөнер және дизайн студиялары нәзікжандылардың тағылым алар мекеніне айналған.

Соның ішінде біз бүгін «Сырғалым» сырласу клубы жайлы сөз қозғамақпыз. Көне заманда қыз баланың сырласар құрбысы да, ақыл-кеңесшісі де жеңгесі болғаны анық. Аталған клубта жеңге мен қайынсіңлі арасындағы қарым-қатынасты жаңғырту мақсатында 13-18 жас аралығындағы қыздарға арнайы дәріс оқытылады. «Әке ұлды тәрбиелейді, ана тұтас ұлтты тәрбиелейді» деген сөз бар. Расында, болашақ ұрпақты тәрбиелейтін де, білім беретін де – аналар. Сондықтан ұрпақты тәрбиелемес бұрын болашақ аналарға, қыз-келіншектерге тәрбиенің берілгені маңыздырақ. «Сырғалым» сырласу клубы да нақ осы мақсатта жұмыс жүргізуде. Клуб жетекшілері қыз баланың бойындағы қарым-қабілетін ашуға, өзін-өзі тануға, пайдалы іспен айналысуға баулиды. Сырласу клубының арнайы жеке бөлмесі де бар. Бөлме қазақи нақышта, қабырғадағы сырға бейнесімен әсемдеп бедерленген. Бір жағында түрлі тақырыптағы кітаптармен толтырылған сөрелер, ортада қыздардың жұмыс істеуіне арналған үстел орналасқан.
Клубқа Балауса Уралбаева жетекшілік етеді. Бүгінде мұнда 27 жасөспірім ару дәріс алуда. Бірінші топ 13-14 жас, екінші топ 17-20 жас аралығын қамтиды. Тағы бір айта кетерлігі, қатысушылар мұнда тек дәріс тыңдап қана қоймай, өзге қыздармен жақын араласып, рухани тұрғыда әңгіме өрбітеді. Әрине, әрқайсысының өзіндік ерекше қабілеті, мінезі бар екені даусыз. Мәселен, бірі әдебиетке қызықса, енді бірі спортқа икемді. Клуб қатысушылары осы қабілеттерін әрі қарай шыңдап, танытуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ оларға қазақ халқының ұмытылып бара жатқан көне әдет-ғұрып, ырым-тыйымдары туралы арнайы жеке сабақ өткізіледі.
Қорыта айтқанда, «Сырғалым» клубының бұрымдыларға әлі де берері көп деп ойлаймын.

Анар Әуесбек,
Тараз өңірлік университетінің 1-курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.