Табиғи монополияларды реттеу комитеті Жамбыл облысы бойынша департаментінің өкілдері инвестициялық бағдарламаның іс-шараларын орындау шеңберінде Тараз қаласының журналистері үшін «Жамбыл-Су» мекемесіне барып, баспасөз-турын өткізді.

Зере Қуаныш

Шара барысында мекеме директоры Марат Смайлов тілшілерді қарсы алып, өзі басқарып отырған кәсіпорынның жай-күйіне тоқталды. Оның айтуынша, мекеменің ең басты мәселесі – су бағасының төмендігі. Халықтың әл-ауқаты мен пандемия салдары бағаны өсіруге кедергі келтіріп отыр екен. Аталмыш мекеме қалалық шаруашылықтың маңызды бөлігі екенін ескеретін болсақ, оның жұмысына шаһар мен оның тұрғындарының әл-ауқаты тікелей байланысты. Судың бағасы өсер болса, өзге де төлемдердің құны өзгеретіні сөзсіз. Жалпы Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің «Жамбыл-Су» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны 1952 жылы құрылған. Жарты ғасырдан астам тарихы бар мекеменің қызметтік мәні мен мақсаты – Тараз қаласының жеке және заңды тұлғаларын ауыз сумен және кәріз қызметтерімен үздіксіз қамтамасыз ету. Қазіргі уақытта мекемеде 123 800 теңге орташа айлық жалақысымен 605 адам жұмыс атқарады. Мекеме 2001 жылдың 30 қарашасындағы №814 жасалынған келісімшарт негізінде Тараз қаласын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін суды Жамбыл облысының Талас-Аса жер асты су көздерінен алуда.


– Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылы 25 мамырда берген №20295 ГКИ сериялы лицензиясымен жұмыс істейді. Қаланы таза сумен қамтамасыз ету үшін көптеген су қоймалары, жер асты су ұңғымалары, су құбырлары қолданылуда. Жер астынан су көтеру үшін бүгінгі таңда 97 дана жер асты су ұңғымалары жұмыс істеуде. Атап айтқанда, «Жалпақ төбе» бас су жинағыш қоймасында – 21 дана жер асты ұңғымасы, «Құмшағал» елді мекенінде – 29 дана жер асты ұңғымасы, Тараз қаласы аумағында 47 дана жер асты ұңғымасы бар. Сонымен қатар II-ші көтерімдегі 4 насостық станция, 11 дана сыйымдылығы 1000-6000 м3 құрайтын су қоймалары, гипохлорит шығаратын 2 дана «Хлор 2001» қондырғы, 648,78 шақырым болатын су құбырлары, оның ішінде 86,34 шақырым – магистральдық су құбырлары, 367,99 шақырым – су таратқыш жүйелер, 194,448 шақырым ішкі құбырлар жүйесі бар. Ал кәсіпорынның базалық зертханасы ауыз су сапасын бақылайды. Ауыз су сапасының химиялық, бактериялық құрамы шектеулі-рұқсат етілген нормадан аспайды, – деді мекеме басшысы.

Тараз қаласында шайынды суды тазалау кешенінің болмауына байланысты кәріз сулары жалпы көлемі 197,07 га болатын, 97 бөліктен тұратын сүзгі алқабына жіберіледі екен. Кәріз су құбырларының ұзындығы 294,15 шақырымды құрайды. Кәріз суларын айдайтын 4 станция, 28 дана электр подстанциялары жұмыс атқарады. Ал мекеменің автотехникалық паркі 71 дана техникадан тұрады. Сондай-ақ энергетик бөлімі, диспетчерлік-техникалық басқару бөлімі, зертхана, механикалық жөндеу шеберханасы, тәулік бойы диспетчерлік қызмет көрсету бөлімі сынды қосалқы бөлімдер жұмыс атқарады. Қазіргі таңда кәсіпорын 100401 абонентке қызмет көрсетуде. Соның ішінде тұрғындар саны 95531 абонентті құраса, жылу энергетика саласындағы коммуналдық кәсіпорындар – 6, бюджеттік ұйымдар – 334 абонент, басқа тұтынушылар 4530 абонентті құрайды.

– ЕҚДБ мен «Жамбыл-Су» МКК арасында 1 050,0 млн теңге сомасындағы несиелік келісім шеңберінде, «Тараз қаласындағы сумен жабдықтау жүйесін модернизациялау» жобасын іске асыру үшін 2017-2022 жылдарға арналған тарифтер мен инвестициялық бағдарлама бекітілді. Жобаны Қазақстан Республикасының Үкіметі (бұдан әрі – ҚРҮ) 945,0 млн теңге және жергілікті атқарушы орган (бұдан әрі – ЖАО) 105,0 млн теңге сомасында бірлесіп қаржыландырады. Бекітілген инвестициялық бағдарламаға сәйкес қаржыландыру көзі меншікті қаражат болып табылады. Бүгінгі күні сатып алу жоспары бойынша инвестициялық шаралардың барлық компоненттері 100% орындалды. Жобаны іске асыруға ҚРҮ, жергілікті атқарушы органдар және ЕҚДБ қарыз қаражаттарынан бөлінген 2100,0 млн теңге гранттық қаражаттың 1 352,0 млн теңгесі «Жамбыл-Су» МКК-нің жарғылық капиталын ұлғайтуға бөлініп, толығымен игерілді, – деді мекемені толық таныстырған директор Марат Смайлов.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған