Көне шаһардың қарапайым орта мектебін бітірген қазақ қызы Кембриджде докторлық қорғапты дегенді естігенде елең ете қалғанымыз рас. Себебі әлемдік деңгейдегі оқу орнының табылдырығын аттау, онда ғылыми дәрежеңді қорғау – екінің бірі еңсеретін шаруа емес. Айтуға оңай болғанмен, оның ар жағында ауыр еңбек, ауқымды ізденіс жатыр. Тараздық талапкерге Батыс не берді? Не үйретті? Оқыған-білгенін Қазақстанның кәдесіне жарату барысы қалай? 2010 жылы халықаралық «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты атанып, Ұлыбританиядағы Уорвик университетінде магистрлік және Кембридж университетінде докторлық дәрежелерін қорғап, бүгінде еліміздің іргелі оқу орны Назарбаев университетінде еңбек етіп жүрген Гүлмира Қанаевамен әңгімеміз осы сұрақтар төңірегінде өрбіді.

Гүлмира ҚАНАЕВА,
Кембридж университетінің докторанты:

– Гүлмира, әңгімеміздің әлқиссасын, алдымен өзіңіз ең алғаш білім алған алтын ұя мектептен бастасақ…

– Әрине, өте орынды. Мен Тараз қаласындағы Ы.Сүлейменов атындағы №37 орта мектебінде білім алдым. Қарапайым ғана қазақ мектебі болатын. Сыныптастарымызбен, тіпті бізден жоғары және төмен оқыған сыныптың оқушыларымен де жылы, достық қарым-қатынаста болдық. Ұстаздарымыз да осыған көп мән беруші еді. Апайларымыз біздің ішкі жан-дүниемізге үңіліп, көңіл-күйіміздің ауанын байқап, жаңа тақырыптарды игеру барысын сұрап, болашаққа деген арман-мақсаттарымыз туралы әңгімелесіп, еркін пікір алмасатын. Өкінішке орай, ол кездегі мектеп пен қазіргінің арасында алшақтық бар. Бүгінде біз адам бойындағы асыл қасиеттерді емес, марапаттарды, дипломдарды, олимпиаданың, ҰБТ-ның және түрлі байқаулардың жоғары көрсеткіштерін алғашқы орынға қоямыз. Орта мектепті аяқтаған соң, мемлекеттік оқу грантын иеленіп, бакалаврды Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің «Роман-герман» факультетінде білім алдым. Аталған оқу ордасын үздік аяқтап, сонда 3 жыл ұстаз ретінде қызмет етіп, халықаралық «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияның Уорвик университетінде білімімді жалғастырып, магистр атандым. Кейін докторлық бағдарламаға Кембридж университетіне түстім. Мұнда төрт жылдай докторлық диссертациямды жазып, қорғап, елге оралдым. Екі елдің білімін салыстырар болсақ, біздің елде оқыту жүйесінде көбінесе теорияға мән беріледі. Ал Батыста іс-әрекеттегі білімге көбірек көңіл бөледі. Яғни бұл елдерде білім беру теория жүзінде ғана емес, практика жүзінде де іске асу керек деп санайды. Сонымен қатар сыни тұрғыда ойлау, шығармашылық шыңдалу, жалпы баланы саналылық пен ойлауға тартуға тырысады.

– Оқуды аяқтағалы білім саласында еңбек етіп келесіз. Қалай ойлайсыз, еліміздің білім саласындағы реформаның табысты жүруі үшін біз қай мәселені елеп-ескергеніміз жөн?

– Білім беру жүйесінің барлық деңгейі туралы маған пікір білдіру қиын. Себебі докторлық диссертациямды орта білім саласы бойынша қорғадым. Бастысы, елімізде ұстаздардың рөліне көбірек көңіл бөлу керек деп ойлаймын. Қазіргі таңда ұстаздардың мәртебесі туралы көп айтылып жүр. Заң да қабылдануда. Бұл – өте жақсы бастама. Себебі ұстаздың рөлін ескерген елде ғана білім беру жүйесі дамиды. Мұғалімнің мәртебесін бір ғана заңмен шектеп қоймай, ары қарай жүйелі түрде іске асыру керек. Мұнда жалақыны көтеріп қоюдың өзі аздық етеді. Ол үшін ұстаздардың кәсіби біліктілігін, шеберлігін арттырып, мектеп ішінде үздіксіз білім алуға жағдай жасаған жөн. Осы үрдістер сәтті іске асса, Қазақстанның да мектептері көшбасшы елдердің білім беру жүйесімен иық тіресер ме еді?! Осы мақсатта биылдан бастап «Сорос-Қазақстан» қорының грантын жеңіп алып, Алматыдағы «Бәріне арналған мектеп» қоғамдық қорымен бірлесе отырып, «Қазақстан ұстаздарының көшбасшылығы» жобасын қолға алдық. Мен осы жобаға зерттеуші ретінде қатысып отырмын.

– Осы жоба туралы толығырақ айтып өтсеңіз…

– Жоғарыда айтқанымдай, қазіргі таңда Қазақстанда мұғалімдердің көшбасшылығын қолдау «Ұстаз жетекшілігімен жүргізілетін дамыту жұмысы» әдіснамасы арқылы іске асқалы жатыр. Әдіснаманы британдық ұстаздардан құралған ХартсКем (HertsCam Network) деп аталатын кәсіби қауымдастықтың жетекші сарапшылары әзірлеген және әлемнің 17 елінде апробациядан өткізілген. Халықаралық жоба елімізде алғаш рет 2016 жылы қолға алынды. Екі жыл ішінде республиканың 8 мектебінде сәтті сынақтан өтті. Биылғы жылы инновациялық бағдарламаны Нұр-Сұлтан, Алматы, Тараз және Көкшетаудың 16 мектебінде жүзеге асыру жоспарланып отыр. Тараз қаласынан әзірге №5 мектеп-гимназиясы, №7 мектеп-гимназиясы және №40 мектеп-лицейі қатысуға өз ниеттерін білдірді. Жоба ұстаздардың білім берудің жаңа стратегияларын құру, оларды сынақтан өткізу, заманауи оқыту жүйесіндегі аналитикалық ойлау және шығармашылықтарын дамытуға бағытталған. Жалпы осы әдіснама аясында ұстаздар мектеп ішінде өткізілетін семинарларға, мектепаралық кездесулерге және конференцияға қатысады. «Көшбасшылық – лауазым емес, көшбасшылық – әрекет» деп қарастырылады. Яғни көшбасшылық дегеніміз – бағытты анықтап, соған жету жолында басқаларға ықпал ету, қолдау көрсету, қызмет ету, оқу мен оқыту ісін дамыту болса, ондай әрекеттерге мектептің әрбір мүшесінің құзыреті болу керек деп қарастырылады. Сол себептен, көшбасшылықты мектептің ресми басшысы деңгейінде ғана емес, мектеп ұстаздары мен оқушыларының деңгейінде де дамыту маңызды. Не себепті? Өйткені жаңа формациядағы білім беру жүйесінде көшбасшылық ете білетін мұғалім өзінің стратегиялық әрекеттері арқылы оқытудағы инновацияларға, мектептегі өзгерістерге және білім беру жүйесіндегі трансформацияларға түрткі бола алады. Әр оқушы осындай сабақтардан кейін алға қарай жүруді, өзін-өзі жетілдіруді үйренетін болады. Дегенмен ұстаздар өз-өздерінен көшбасшылықпен айналыса алмайды, ол үшін жергілікті білім басқармаларының, мектеп басшыларының қолдау көрсетулері және жүйелі әдіснамалар қажет. Біз ұсынып отырған көшбасшылықты дамыту әдіснамасы аясында олар мектеп ішінде үздіксіз білім алуға мүмкіндік алады, сондықтан бұл жоба Қазақстанда ерекше болып табылады. Бастама сәтті жүзеге асса, алдағы жылы басқа да мектептермен жұмыс жасайтын боламыз.

– Қазіргі таңда ЖОО-ны аяқтаған түлектер жұмыс істегеннен гөрі магистратураға түскенді жөн санайды. Ғылыммен айналысамын деп емес, екі жыл шәкіртақы алу үшін оқитындар көп. Бұған қандай пікір айтасыз?

– Қазір магистрлік дәреженің рөлі артып жатыр ғой. Оның ішінде ұстаздардың жалақысы оқу дәрежесіне қарай ескерілуде. Дей тұра, бұл жерде магистрлік дәрежені ұсынған университеттегі білім сапасының қаншалықты жоғары екендігі туралы сұрақ туындайды. Яғни бұл дәреже көп жағдайда ғылыми ізденіспен айналысуды қажет ететінін білеміз. Ал магистрант дәрежесін алған түлекті ғылыми ортаға бағыттау, жобаға жетекшілік етуге ықпал жасау керек деп ойлаймын. Әсіресе, педагогикалық жоғары оқу орындарында магистранттарға эмпирикалық зерттеу жасауға үйрету маңызды. Осы арқылы олар әдетте өмір бойы ізденісте болады. Сонымен қатар оқуды аяқтаған соң, магистранттарға жағдай жасауға көңіл бөлу керек. Яғни оларға ары қарай ғылыммен айналысу үшін арнайы орта қалыптастырып, зерттеушілік жұмыспен айналысуға қызығушылығын арттыру қажет. Дәл солай, олар мектепке жұмысқа келгенде де, мектеп басшылары жас ұстаздарға ізденушіліктерін ары қарай жалғастыруға мүмкіндік беріп, қолдау көрсетулері тиіс. Магистрлік дәреже алу дегеніміз ғылыми ізденіс пен білімнің негізін қалау екендігін түсінгенде, бәлкім, оған үстірт қарайтындардың саны азаятын болар. Сол себептен, жоғары білім ордаларында заман талабына сай сапалы білім ұсыну маңызды деп ойлаймын.

– «Мамандық таңдауда мүдірме» деген тәмсіл бар екенін білеміз. Ал осыны ескермей, жастарымыз жаңылысып жатады. Мамандық таңдарда неге көңіл бөлген жөн деп ойлайсыз?

– Біздегі үлкен кемшілік – мамандықтар жөнінде мектептердегі ақпараттың жеткіліксіздігі. Мен де орта мектепті тәмамдаған оқушы ретінде осы ойдың жетегінде болдым. Одан бері 16 жыл өтті. Қазір жүйе өзгеше болар. Бәлкім, алдыңғы қатарлы мектептерде ақпараттандыру жүйесі жақсы іске асып жатқан шығар. 9-сыныптан бастап балада таңдау жасауға ой туындайды. Осы тұста оларға «Болашақта кім болғың келеді?» деген сауалды жиі қойып, сан түрлі салада қызмет етіп жүрген мектептің бұрынғы түлектерімен кездесулер ұйымдастыруға, жоғары оқу орнының өкілдерін мектепке шақырып, оқу бағдарламалары жөнінде оқушыларға ақпараттар беруін өтіну қажет.

– Өзіңіз қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгердіңіз. Елімізде үш тілде білім беру мәселесі – күн тәртібінде. Ал тіл үйренуде қажетті әдістерді атап бере аласыз ба?

– Ең бірінші, тіл үйренуге шақырып тұратын орта қажет. Бұл тілді меңгеріп, қолданысқа енгізуге септігін тигізеді. Жалпы тіл үйренудің теориялық негіздерін өзіміздің елде меңгеріп алған тиімді. Бізде грамматикасын, сөйлеу мәнерін қою жақсы жолға қойылған. Бірақ оны тәжірибелік тұрғыда да іске асыру керек, яғни тілде сөйлейтін орта болу керек. Ол үшін қазір мүмкіндіктер мол. Ғаламтор арқылы да тілді үйрететін онлайн курстарға қатысу арқылы шыңдалуға болады. Содан кейін адамға сенім керек. Тілді не үшін меңгергің келетінін де түсініп алған дұрыс секілді. Қазіргі заманда бірнеше тілді білу жылдам өзгеріп жатқан әлемнен артта қалмай, жаңа білім мен ақпаратқа қол жеткізудің басты тетігіне айналып отыр.

– Шетелде оқығанын мақтан санайтындар бар. Айтыңызшы, жалпы шетелде оқудың артықшылықтары қандай?

– Артықшылығы – еркіндікте. Ол мейлі ойлау, сөйлеу, шығармашылық пен айналысу еркіндігі болсын. Дегенмен еркіндікпен қатар адамдарды жауапкершілікке шақырудың, заңды құрметтеуге, айналадағы адамдары сыйлауға және өз-өзіне жауапкершілік ала білудің тетіктері де жақсы ұйымдастырылған. Білім саласына келетін болсақ, ол – академиялық ресурстарға деген қолжетімділік. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі білімнің шоғырланған кітапханаларымен танысуға мүмкіндік аласың. Мәселен, Ұлыбританияда шығатын әрбір жаңа кітаптың бір данасы Кембридж университетінің басты кітапханасына келіп түсуі керек. Ол заңмен міндеттелген. Қазіргі таңда аталмыш кітапхананың кітап қоры орта есеппен 8 миллион дананы құрайды. Және әлемнің мыңдаған зерттеу журналдары онда қолжетімді. Артықшылығы осы. Ал кемшілігі, осы салада магистрлік және докторлық дәрежеде білім алып жүріп, жалғыздықты көп бастан кештім. Осы тұрғыда, Ұлыбританияда білім аламын дейтін жастар өздігімен жүріп ізденуге немесе өздері бастамалар көтеріп, басқа курстастарымен қарым-қатынас орната білуге дайын болу керек деп ойлаймын.

– Батыс көрген қандастарымыздың елге оралғысы келмейтінін жиі көріп жүрміз. Оның сыры неде деп ойлайсыз? Әлде отандық әлеуметтік-саяси жүйеге көңілі толмайды ма?

– Мұнда әр адамның өзінің себептері болып жатады. Шетелде білім алғаннан кейін кейбір жастар өздерін сол елде кәсіби маман ретінде сынап көргісі келеді, халықаралық деңгейде тәжірибе жинағысы келеді. Шетелде білім алып, бірер жыл сол жақта жұмыс тәжірибесін алып, елге келіп жаңа инновациялық идеяларды іске асырып жатқан мамандардың елге берері көп болуы мүмкін деп ойлаймын. Дей тұра, шетелде жұмыс істеудің өз артықшылықтары мен кемшіліктері де баршылық.

– Сұқбатыңызға рақмет!

Сұқбаттасқан Толғанай АТАБАЙ

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған