Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұстаз мәртебесі: бүгіні мен келешегі

0 9

Әлемдегі ең құрметті мамандықтардың бірі – ұстаз мамандығы. Педагог беделін көтеру, дамыған отыз елдің қатарында болу – еліміздің даму стратегиясының басты саясаты.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы еліміздегі ұстаздар қауымының жұмысына тың серпін беріп отырғаны белгілі. «Тұрмыс сапасын арттыру» екінші басымдығында білім беруге қатысты, педагог мәртебесі жайында бірқатар маңызды міндеттерді атап өтті. Білім беру ісінде 4К моделіне – креативтілікті, сыни ойлауды, коммуникативтілікті дамытуға және командада жұмыс істей білуге назар аударды. Елбасы ұстаз мәртебесі туралы заң қабылдауды тапсырды. Бұл қазақстандық ұстаздар қауымының қоғамдағы беделін арттырып, орнын айшықтауға зор қадам болмақ. Қабылданатын заңда Елбасы: «Мұғалімдерді және мектепке дейінгі мекемелердің қызметкерлерін ынталандыратын барлық тетіктерді қарастыру, жүктемені қысқарту, қызметтен тыс тексерістерден арылту керек. Олар сабаққа дайындалып, тиісті уақытында жұмыс істеуі керек» – деді. Бұл жағымды жаңалық барлық білім беру саласында жұмыс істеп жүрген қызметкерлерді ерекше бір серпілтіп, олардың жұмысқа деген жаңаша көзқарастарын одан ары ұлғайтып, тіпті өз мамандықтарына деген қызығушылықтары мен жауапкершіліктерін арттыра түсті.

Қазіргі таңда мемлекет тарапынан мұғалімдерге жақсы жағдайлар жасалуда. Педагог кадрларды аттестаттаудың жаңа форматы енгізіліп, «Педагог-шебер», «Зерттеуші педагог», «Сарапшы педагог», «Модератор-педагог» санатына ие болған мұғалімдердің жалақысына 30-50 пайызға дейін үстемақы қосылса, жаңартылған білім беру мазмұны енгізілген сыныптарда жұмыс атқаратын пән мұғалімдерінің де жалақылары өсіп отыр.


Бүгінгі ұстаз шәкіртіне мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеу керек. Біріншіден, педагогтарымыздың материалдық және моральдық жағынан ынталандыратын және әлеуметтік мәртебесін көтеретін заңға жазылатын ұсыныстар қатарына – мұғалімнің шығармашылық білім деңгейін көтеру мақсатында кәсіби республикалық сайыстардың көптеп ұйымдастырылуы, атап айтсақ, «Жылдың үздік мұғалімі» сайысы. Жеңімпаз атанған ұстаздардың «Жылдың үздік педагогы» төсбелгісі мен қаржылай сыйлықтарды иеленуі ұстаздарды еңбекке ынталандырудың тиімді жолы. Оның дәлелі, 2012 жылдан бері өткізіліп келе жатқан республикалық «Үздік педагог» конкурсына Жамбыл политехникалық жоғары колледжінен қатысқан ұстаздарымыз Айтбаева Махаббат, Бекмолдаева Қарлығаш, Шуленбаева Райхан жеңімпаз атанып, қомақты сыйақыға ие болды. Бұл жыл сайын барлық қатысушы мұғалімдерге үлкен тәжірибе мен біліктілікті көтеру үшін беріліп отырған мүмкіндік екені сөзсіз.

Екінші кезекте мұғалімдердің кәсіби және шығармашылық дамуына мүмкіндік жасау. Яғни жас мамандарға тәжірибелі ұстаздар тарапынан қолдау көрсету. Сонымен қатар ұстаздарды қағазбастылықтан арылту мақсатында құжаттарды цифрландыру. Техника мен электроника дамыған бұл заманда сол мүмкіндіктерді пайдалана білмеу – ақтауға да келмес үлкен қателік. Үшіншіден, сұранысы мол болғанымен, мұғалім болуды армандайтын жастарымыздың аз екендігі анық. Оған себеп – жалақы мөлшерінің төмен болуы. Қазақстандық ұстаздардың жалақы мөлшері шетелдік ұстаздардың жалақысымен салыстырғанда тіпті аз. Педагог кәсібі беделінің жоғары болмауы да жалақымен байланысты болып отыр. Ал бұл бағдарлама бойынша оқытушылардың еңбекақылары біліктілік санатына қарай берілетіндігі айтылған. Білікті ұстаз сапалы білімнің негізі екені бәрімізге мәлім. Ал біліміміздің дамуы ол экономикамыздың дамуымен тікелей байланысты екені даусыз.

Сонымен қатар «Педагогтар мәртебесі туралы» Заңда мұғалім мемлекеттік қызметкерлермен теңестірілуі тиіс деп есептейміз. Себебі бүгіндері білім беру саласы әбден орныққан, білім экспорттаушы елге айналған Еуропаның бірқатар дамыған елдерінде мұғалім мемлекеттік қызметкер саналады. Ол елдерде педагогтар арнайы құқықтық мәртебеге ие. Әрине, Еуропаның жекелеген елдерінде педагог мәртебесі оның білім беру секторының қайсысында – қоғамдық немесе жеке меншік секторда жұмыс істеуіне байланысты белгіленеді.

Мәселен, қоғамдық білім беру секторында еңбек ететін мұғалім мәртебесі мемлекеттік қызметкермен бірдей болса, жеке меншік мектептерде жұмыс істейтін мұғалімдерде ондай мәртебе жоқ. Австрия, Бельгия, Грекия, Дания, Испания, Италия, Люксембург, Португалия, Финляндия, Франция, АҚШ және Канада елдерінде мұғалімдер қай секторда еңбек ететініне қарамастан, мемлекеттік қызметкер болып саналады. Нидерландыда үкімет пен әкімшілікке қарайтын мектеп мұғалімдері ғана мемлекеттік қызметкер есебінде, ал жеке меншік мектептер мұғалімдермен азаматтық және еңбек заңнамаларына сәйкес келісімшарт жасайды. Бірақ ол елдерде жеке меншік мектептердің мұғалімдерінің мәртебесі мен оларға жасалатын жағдай мемлекеттік сектордағы әріптестерінен кем емес. Жапонияда ағарту саласы қызметкерлері туралы арнайы заң бар. Сол заңда мемлекеттік, префектуралық және муниципалдық білім беру мекемелеріндегі мұғалімдер мәртебесі мемлекеттік қызметкер деп белгіленген. Білім беру саласына жан-жақты дайындалған, білікті маманды тарту үшін олардың жалақысы басқа саладағы мемлекеттік қызметкерлерден жоғары болуы тиіс. Батыстағы дамыған елдердің көпшілігінде білім беру саласының маманына мемлекеттік қызмет туралы заң ережелері қатысты болады. Финляндияда педагог мамандығы аса қадірлі, елдегі ең жоғары жалақыны да осы мұғалімдер алады.

Қытайда да мұғалімдердің жалақысы ұлттық заңнамаларына сәйкес, мемлекеттік қызметкерлерден кем болмауы тиістігі жазылған. Осындай жайттарды пайымдай келе, «Педагогтар мәртебесі туралы» Заң жобасында шетелдік тәжірибелер ескерілер болса, онда жоғарыда айтып өткеніміздей, мұғалімдер мемлекеттік қызметкерлермен теңестіріліп, жалақылары көтерілер еді.

Жанар Орынбаева,
Тараз қалалық мәслихатының депутаты,
Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің директоры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.