Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұстанымы биік ұлағат иесі

0 239

Жаңа дәуірдің талабы көрсеткендей, бүгінгі мемлекеттің тірегі де, сенері де – ғылым. Ал ғылымның игілігі мәңгілік. Қазір жаңа ой, тың идея, соны ұсыныстар бағаланатын заман. Өзгеше ойлайтын, өз идеясын тәжірибеде қолдану бағытында тынбай ізденетін жандарға сұраныс жоғары. Содан болар, дамыған, өркениетті елдерде жас ғалымдарды өздеріне тартып, идеясын халық игілігіне жарату мақсатындағы жарыс қызу жүріп жатыр.

Әлем көшіне ілесіп еліміз де тәуелсіздік алған жылдардан бері ғылым саласына баса назар аударуда. Нәтижесінде, ғылымға ден қойған талапты жастардың қатары көбейіп келеді. Бұл қатарда білімімен биікке қанат қаққан жас ғалым Нұрлыбек Якияев те бар.
Болашақ ғалым Нұрлыбек Ерболұлы 1992 жылы 29 мамырда, Байзақ ауданының Сарыкемер ауылында дүниеге келген. 1999 жылы туған ауылындағы Ю.А.Гагарин атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, 2008-2012 жылдары Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің «0314022-Бастауыш мектептің информатика мұғалімі» мамандығы бойынша білім алды. Ал 2012-2015 жылдары Тараз инновациялық-гуманитарлық университетіне «5В060200-Информатика» мамандығы бойынша сырттай оқуға түседі. Сонымен қатар 2016-2018 жылдары Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде «Екі шетел тілі» мамандығы бойынша сырттай білім алса, 2022 жылы аталған оқу ордасының «Шетел тілдері педагогтарын даярлау» мамандығы және білім беру бағдарламасы бойынша «педагогика ғылымдарының магистрі» атанды.
«Ат болатын құлынды желі басынан танырсың», – деп белгілі ақын, жерлесіміз Кенен Әзірбаев айтқандай, оқуда озат, зерек Нұрлыбекті ұстаздары мектеп қабырғасынан танып, болашағынан үлкен үміт күтіпті.
– Мен Нұрлыбектің алғашқы ұстазымын. Сөмкесін әрең көтеріп келетін бала, «А» деген әріпті үйреткен сәттерім, «оқымаймын» деп әжесіне асыққан шақтары әлі көз алдымда. Жалпы Нұрлыбек сыныптағы ең елгезек, ашық-жарқын, сондай тәрбиелі оқушы болды. Сабағына тыңғылықты дайындалып келіп, қасындағы достарына да қолдан келген көмегін аямайтын. Алға қойған мақсатына жетпей қоймайтын, арман қуған білімді шәкіртім үнемі ізденумен өз білімін шыңдай білді. Әр бастаған тірлігін, оқыған оқуы, аралаған елін, үйренген тілдерін айтудан, кеңесуден жалыққан емес. Ұстаздарына да, бірге оқыған достарына да уақыт табады. Осы табандылығы оны алыс арман қуып, жеті тілді меңгеруіне жетеледі. Қазіргі таңда сол білімінің арқасында жаңа белеске көтеріліп отырған Нұрлыбектей шәкіртке ұстаздық етіп, алғаш қалам ұстатып, әліппені үйреткенімді мақтан тұтамын. Өзге де шәкірттеріме үнемі Нұрлыбектің бойындағы асыл қасиеттерді үлгі етіп айтып отырамын. Қазақстанның білімді жастары дәл осындай болса, еліміздің болашағы да жарқын болмақ, – дейді кейіпкеріміздің алғашқы ұстазы Нұрбану Исаева ағынан жарылып.
Дәл осындай көреген ұстаздардың тәлімін алған кейіпкеріміз жоғары оқу орнын үздік бітірген соң, туған жеріне табан тіреп, алғашқы еңбек жолын Байзақ ауданындағы Қостөбе орта мектебінде информатика пәнінің мұғалімі болып бастайды. Ал 2013-2014 жылдар аралығында Королевка орта мектебінде, 2014-2018 жылдары Қосақ негізгі мектебінде информатика пәнінен сабақ берді. Сонымен бірге 2018 жылы аудан орталығындағы Н.К.Киікбаев гимназиясында ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болса, сол жылы қызметін Тараздағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған IT лицей-интернатында жалғастырды. Ал өткен жылы Алматы қаласы, Медеу ауданы, №17 мектеп-интернатына ауысқан болатын. Дегенмен туған жеріне ту тігуді мақсат тұтқан талапты жас ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Филология және гуманитарлық ғылымдар» факультетінің ғылыми жұмыс жөніндегі деканның орынбасары және «Әлем тілдері» кафедрасында оқытушы қызметін атқарып келеді.
Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте, – дейді белгілі ақын, Қазақстанның Халық жазушысы Қадыр Мырза Әли. Кейіпкеріміз Нұрлыбек анасының ақ сүтімен дарыған ана тілін асылындай ардақтайды. Одан бөлек, испан, неміс, орыс, чех, ағылшын тілдерін де жетік меңгерген. Жас ғалымның айтуынша, тіл үйренем деген жастар үшін ағылшын тілін үйретудегі қолданатын ұтымды әдіс-тәсілдері бар екен.
– Ең әуелі білімгерлердің ағылшын тілін меңгеруі үшін сыныптағы жағымды атмосфера маңызды. Білім алушылардың ағылшын тілінде сөйлеуі үшін жапондық «Pecha Kucha 20х20» интеллектуалды конференциясын ұйымдастырамын. Аталған бейресми конференцияларда жаңа идеялар таныстырылып, спикер 20 слайдтан тұратын жобасын ұсынады. Әр слайд 20 секунд қана көрсетіледі де, автоматты түрде келесі слайдқа өтіп кетеді. Осылай баяндама уақыты 6 минут 40 секундқа ғана созылады немесе 6 минутқа дейін шектеледі. Конференциялар барысында білімгерлер топтарға бірігіп, 20 түрлі тақырыпты 6 минут 40 секундта қорғап шығады. Мұның ұтымдылығы – олар 20 секундтың көлемінде өзекті мәселені ағылшын тілінде айтып, оның шешімін тауып үлгереді. Диалог арқылы әуежайда, мейрамханада, теміржол бекетінде, шетелде, тағы басқа жағдайларда өзгелермен тілдесу мақсатында ағылшын тілінде диалог құрады. Сонымен бірге білімгерлерге өтілген грамматика бойынша мәтін оқытып, мәтіннің түсінігін айту арқылы ағылшын тілінде ойланып, өз ойын ағылшын тілінде айтуға алғашқы қадамын басады. Әрі ағылшын тіліндегі идиомаларды еске сақтап, сөздік қорын молайтып, ойын жеткізуде қолдану және «YouTube» арнасынан «BBC News», «National Geographic» бағдарламаларын қарау, тыңдау маңызды, – дейді Нұрлыбек Ерболұлы өз тәжірибесімен бөлісе отырып.
Оның сөзінше, бастауыш сынып оқушыларына шет тілдерін жылдам меңгеруіне сол тілдегі қысқа тақпақ жолдарын жатқа айтқызу арқылы жас ерекшеліктеріне сай сөздік қорларын молайтып отырады екен.
– Тіл байлығын байыту мақсатында белгілі бір сала, тақырып аясында сөздерді жаттаған маңызды. Мысалы, авиация, медицина, заң, табиғат құбылыстары, ауыл шаруашылығы өнімдері, т.б. Магистрлік жұмысымда жаратылыстану бағытындағы пәндерді ағылшын тілінде оқытудың артықшылықтарына тоқталып, сол пәндерді оқытуда қолданатын тиімді әдіс-тәсілдермен бөлістім. Ағылшын тілі ғылымның, өнеркәсіптің, жер-жаһанның тұрғындары тілдесетін әлемдік тіл болғандықтан, зерттеу жұмыстарын үздіксіз жүргізіп келемін. Осы орайда тәжірибеммен бөлісу мақсатында халықаралық, республикалық, қалалық, аймақтық, аудандық шеберлік сыныптарын өткіздім, – дейді маман.
Еліміздің кемел келешегі үшін халықаралық деңгейде маман даярлау мәселесі аса маңызды. Әсіресе бұл білім саласы үшін өте өзекті. Осыны ескере отырып, мемлекет білікті жастар шетел асып, озық идеялар өзге елдерге қызмет етпес үшін ғылымға көңіл бөліп, жас ғалымдарды ынталандыру бағытындағы жұмыстарды жандандырып келеді. Оны білім мен ғылымға бөлінген қаржының жыл өткен сайын көбейіп келе жатқанына қарап та аңғаруға болады. Осы орайда халықаралық тағылымдама кәсіби біліктілікті арттырудың жаңа бір мүмкіндігі екендігі сөзсіз. Қазіргі күні әлемнің ең үздік университеттері мен орталықтарынан көптеген қазақстандық жас тағылымдамадан өтті. Нұрлыбек Якияев те Чехияның «Tomas Bata University in Zlin» университетінде «Эразмус+» бағдарламасы бойынша ғылыми тағылымдамадан өтіпті. Кейіпкеріміз шетелде қалудың мол мүмкіндігі болғанымен, елімізге қайта оралған.
– «Құсты қанат, ерді талап ұшырады» дегендей, Чехияда ғылыми тағылымдамадан өту барысында білімімді арттырып, таным көкжиегім кеңейе түсті. Жаңа орта, жаңа мәдениет – бәрі ерекше болды. Злиндегі Томаш Бати университеті бірқатар рейтингіге сәйкес, Чехиядағы ең жақсы аймақтық университеттердің қатарында. Томаш Бати университеті кәсіпкерлік сектормен тығыз ынтымақтастыққа маманданған. Заманауи инфрақұрылымның арқасында университет Злин өлкесінің компанияларымен бірлесіп ірі жобаларды жүзеге асыруда. Мен тағылымдамадан өткен білім ошағы Злиндегі аты аңызға айналған аяқ киім фабрикасының негізін қалаушы және әлемге әйгілі кәсіпкер Томаш Батидің есімімен аталады. Құрылғанына аз уақыт болса да, аталған оқу ордасы Чехияның жоғары білім беру жүйесінде көрнекті орынға ие болып, бизнес-университет, яғни жергілікті компаниялармен тығыз жұмыс істейтін және ғылым мен зерттеу нәтижелерін тәжірибеге көшіретін ашық университет бағытында дамып келеді.
Қазақ жастарының қазіргі уақытта заман талабына сай білім алуға деген құштарлығы қуантады. Өз білімін одан әрі шыңдау мақсатында шетелге кеткен жастарымыз да жетерлік. Жаңа техникаларды игеру, әлемдік тілді жетік меңгеру қазіргі заманның басты талабы десек, қателеспейміз. Шетелде білім алу мақсатында елімізде арнайы бағдарламалар ұйымдастырылып жатқаны біз сияқты білім алушы жастарға зор серпін береді. Алайда қаншалықты өзге елде білім алғанымен, ол жақта қазақстандық каракөздеріміздің тұрақтап қалуына келіспеймін. Білген, үйренген дүниені еліміздің пайдасына жаратып, өз елімізде жұмыс істегені дұрыс. Әрбір жас қазақ елінің жарқын болашағы екенін ұмытпауға тиіс, – дейді Н.Якияев өз сөзінде.
Жоғарыда кейіпкеріміздің Дулати университетінде «Филология және гуманитарлық ғылымдар» факультетінің ғылыми жұмыс жөніндегі деканның орынбасары және «Әлем тілдері» кафедрасында оқытушы қызметін атқаратынын айтқан едік. Өз кезегінде ол аталмыш оқу ордасындағы академиялық ұтқырлыққа кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, академиялық ұтқырлық дегеніміз – студентті белгілі бір академиялық кезеңге (семестрге немесе оқу жылына) оқуға басқа университетке ауыстыру. Яғни студент шетелде, ТМД елдерінде немесе қазақстандық серіктес университеттерде 1 семестр бойында оқи алады. Атап айтқанда, Дулати университеті тұрақты түрде Еуропаға, Оңтүстік-шығыс Азия, ТМД елдеріне студенттерді оқуға жібереді екен.
– 2022-2023 оқу жылында 22 студент, 2023-2024 оқу жылында 49 студент академиялық ұтқырлыққа қатысты. Олар Польшаның Адам Мицкевич, Лодз, Германияның Хайльбронн, Испанияның Малага, Кастилья-Ла-Манча, Уэльва, Италияның Камерино, Түркияның Малтепе, Кастамону, Сельчук, Болгарияның София, Малайзияның Петронас, Оңтүстік Кореяның Сангменг университеттерінде білім алды. Бұл ағылшын тілін жетік меңгерген студенттеріміз туралы. Ал ағылшын тілін білмейтін студенттеріміздің ТМД елдерінде, атап айтқанда, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресейде білімдерін жетілдіруіне мол мүмкіндік берілген. Өткен оқу жылында 2 студентіміз Өзбекстанның Ташкент қаласында орналасқан Альфраганус университетінде, 5 білімгеріміз Ресейдің Санкт-Петербург қаласында білім алды. Сонымен бірге осы жылы қыркүйекте 23 студентіміз шетелге оқуға аттанды. Олардың ішінде алғаш рет Америка Құрама Штаттарына студент жібердік және Лоуренс технологиялық университетінде Жарас Аида деген шәкіртіміз оқып жүр. Сондай-ақ соңғы жылдары «Fulbright» бағдарламасы аясында шетелдік мамандар да бізге келіп, студенттерге дәріс оқуда. Солардың бірі – АҚШ-тан келген Джейкоб Покетт Александр. Ол 2024-2025 оқу жылында университет қабырғасында ағылшын тілінен тәлім береді. Сонымен қатар сабақтан тыс уақытта тіл үйренушілердің ағылшын тілінде ойын еркін жеткізіп, сөйлеуіне арналған «Speaking Club», яғни «Сөйлеу клубы» үйірмесін тегін жүргізеді. Бұл да университет тарапынан білімгерлерге беріліп отырған үлкен мүмкіндік, – дейді жас ғалым.
«Еңбегің қатты болса, татқаның тәтті болады» дегендей, талапты жастың сонау студенттік жылдардағы ізденісінің, мектептегі, жоғары оқу орнындағы тоқтаусыз төгілген тердің нәтижесінде толағай табыстарға жетіп отыр. Айталық, Королевка орта мектебінде жүргенде, «Жас маман – 2014» байқауында І, Қосақ негізгі мектебінде «Үздік жас маман – 2016» сайысында да І орынды еншілеген. Сонымен қатар Байзақ ауданы әкімдігінің білім бөлімі ұйымдастырған «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» байқауының, «Жүрегімді балаларға арнаймын» атты облыстық фестивалінің жеңімпазы. Бұған қоса «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалының «Үш тілде оқыту жағдайында мұғалімдердің пәндік және тілдік-қатысымдық құзыреттіліктерін қалыптастыру» тақырыбындағы 640 сағаттық біліктілікті арттыру курсынан өту барысында ерекше көзге түсіп, терең білімімен ерекшеленгені үшін Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде республикалық ғылыми-әдістемелік конференциясында шебер-сынып көрсеткені үшін, «CLIL технологиясы – нәтижеге бағытталған оқыту жүйесі» халықаралық конференция жұмысына қатысып, заманауи білімнің әдіснамасы, теориясы мен тәжірибесін зерттеу мен дамытуға елеулі үлес қосқаны үшін, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжі «Жаһандық әлемге интеграциялануға дайын болашақ мамандарды сапалы оқыту» тақырыбында облыстық ғылыми-практикалық конференцияда мазмұнды баяндама жасағаны үшін, Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті V аймақтық «Оқыту мен тәжірибе» фестивалінде «Информатика пәнін ағылшын тілінде оқытуда тиімді әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы білім алушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыру» тақырыбындағы шебер-сыныпты жоғары деңгейде өткізгені үшін, Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасы мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталық «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының аясында оқушылардың ғылыми-техникалық бағытта білім алуындағы IT-сыныптардың рөлі» тақырыбындағы қосымша білім беру педагогтарына арналған облыстық семинардың жоғары деңгейде өтуіне қосқан үлесі үшін, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Жамбыл облысы бойынша филиалы ұйымдастырған «Біз цифрлық мәдениетті қалыптастырамыз» атты town holl-ға игі бастамаларымен белсене қатысқаны үшін, Жастар жылы аясында қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысып, жастарға «үштілділік» саясатын қолдап, атсалысқаны үшін арнайы Алғыс хаттармен, бағалы сыйлықтармен марапатталған.
Кейіпкеріміз шетелден алған білімі мен тәжірибесін жас буынмен бөлісуден де бір сәт жалыққан емес. Мәселен, өткен жылы Алматы қаласында өткен педагогикалық кеңесте «Білім беру барысындағы сапалы білім мен тәрбие беру – мектептің басты ұстанымы» тақырыбында баяндама оқып, «Ағылшын тілін оқытуда ұтымды әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы оқушылардың пәнге қызығушылықтарын арттыру» мектепішілік шеберлік сыныбын өткізді.
«Ғылым – қозғаушы күш. Оны дамыту үшін ғалымдарға жағдай жасалуы қажет. Әсіресе жас ғалымдарға әлеуметтік тұрғыдан қолдау көрсету – мемлекеттің міндеті», – деп Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, мемлекет тарапынан білімге құштар жастарға қамқорлық көп болса, Нұрлыбек сияқты ғылымға бет бұрып, жаңалық жасауға барынша тырысатын ғалымдардың қатары көбейетіні хақ.

Жұматай КӨКСУБАЙҰЛЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.