Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Спортты дамыту – басты назарда

Таразда биыл 11 футбол алаңшасы ашылады

0 904

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт саулығының кепілі – бұқаралық спортты дамытуға жиі көңіл бөліп келеді. Президент өткен жылы VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде бұқаралық спортты дамыту мен салауатты өмір салтын насихаттауға тоқталып, бірқатар маңызды тапсырма берген болатын.

«Қазір саламатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты дамыту айрықша маңызды. Әсіресе балалардың спортпен айналысуына жағдай жасау қажет. Мұның бәрі халықтың денсаулығын жақсартуға мүмкіндік береді. Мен бұл мәселе жөнінде Жолдауымда айттым. Мемлекет спорт инфрақұрылымын жетілдіруге көп көңіл бөледі. Елімізде 43 мыңнан астам спорт ғимараты бар. Олардың жартысынан көбі ауылдық жерде орналасқан. Бірақ қарапайым және қолжетімді нысандар әлі де аз. Спорт ғимараттарының басым бөлігі мемлекет меншігінде. Оларды күтіп ұстауға бюджеттен қомақты қаржы бөлінеді», – деді Президент.
Бұқаралық спортты дамыту бойынша шаһарымызда бірқатар жұмыс атқарылуда. Айталық, бүгінде Тараз қаласында 509 спорт нысаны жұмыс істейді. Оның 361-і – Әулиеата ауданында, 148-і Жібек жолы ауданында орналасқан.
Тараз қаласы аумағында 2025-2026 жылы спорт алаңшаларының салу үшін қажеттілік тізіміне сәйкес, Тараз қаласы Әулиеата ауданында биыл 5 шағын футбол алаңшасы салынады. Олар С.Рахимов көшесі, №47, «Аса» (10) шағынауданы, №43, Қ.Сәтбаев көшесі, №12 «Б», 12 «В», «Жансая» (11) шағынауданы, №43, «Салтанат» (4) шағынауданы, №1, 3 үйлер ауласында орналасады.
Келер жылы 9 шағын футбол алаңшасының құрылысы жүреді деп жоспарланып отыр. Аталған нысандар «Астана» (12) шағынауданы №13, 15, 16, «Қаратау» (2) шағынауданы, №9, 10, 11, 12, «Қарасу» (5) шағынауданы, №5, «Самал» (7) шағынауданы, №18, Рысбек батыр көшесі, №9, №9 «А», С.Рахимов көшесі, №59, №61 «Б», 59 «А», Қ.Сәтбаев көшесі, №16, «Ұлы дала» (15) шағынауданы, №35/1, Жамбыл даңғылы, 9 «А», Қарахан көшесі, №2 үйлердің ауласынан салу жоспарлануда.
Жібек жолы ауданы бойынша биыл «Құмшағал» алқабы, Ордабасы көшесінің бойында, «Шөлдала» алқабы, «Юбилейное», «Жиделі» алқабы, «Береке» алқабы, Ы.Молдарбеков көшесінің бойында және Талас станциясында 6 шағын футбол алаңшасын салу жоспарлануда.
Ал ауданға қарасты Тараз қаласына қосылған елді мекендердің жер базасына әлі қосылмауына байланысты 2026 жылы шағын футбол алаңшаларын салу бойынша мекенжайларды нақтылау жұмыстары алдағы уақытта жүргізілмек.
Бұдан бөлек ағымдағы жылы қала аумағындағы 12 спорт алаңшасын қалпына келтіру жоспарланған. Нәтижесінде Әулиеата ауданында 7 алаңша – «Денсаулық» саябағы, «Жайлау» (3) шағынауданы, №18 үй ауласы, «Мыңбұлақ» (9) шағынауданы, №21 үй ауласы, «Қарасу» (5) шағынауданы, №8 үй ауласы, Танты ауылы, М.Мәметова көшесі, №1, Шайқорық ауылы, Д.Қонаев көшесі, №19, Қоңыртөбе ауылы, Күлтөбе көшесі, №2 мекенжайларында орналасқан спорт нысандары жөндеуден өтеді.
Ал Жібек жолы ауданында 5 алаңша – «Қарасай» алқабы, «Қант зауыты» алқабы, Рафинадная, №2, «Алатау» (8) шағынауданы, №52 үй ауласы, Ақбұлым ауылы, Сарыбұлақ көшесі, №8 аумағындағы алаңшалар қалыпқа келтірілмек.
Тараз қаласының спорт саласында ұзақ мерзімді даму жоспарына сәйкес, 2025-2026 жылдарға «Ұлы дала» (15) шағынауданында, 2027-2028 жылдары №14 шағынауданда және 2029-2030 жылдарға №16 шағынауданда спорт кешендерін салу жоспарланған. Қазіргі таңда «Ұлы дала» (15) шағынауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу үшін Ш.Жандарбекова көшесі, №31 учаскесінде көлемі 1,1278 гектар жер телімі бөлініп, құрылыс басталды. Жұмыстар 2026 жылы аяқталады деп күтілуде.
Жамбыл облысында шахматты дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын орындау мақсатында алдағы уақытта қала аумағындағы тұрғын үйлердің аулаларында абаттандыру жұмыстары жүргізілгенде, жаңадан салынатын саябақтар мен скверлерде шахмат аймақтарының салынуын 2026-2028 жылдарға арналған жоспарда ескерту қажет.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында балалар мен жастардың денсаулығын жақсарту үшін дамыған және қолжетімді спорт инфрақұрылымының болуы маңызды екенін атап өтіп: «Жалпы көп шығынды талап етпейтін спорт түрлерін дамытқан жөн. Мысалы, шахмат, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, садақ ату, қазақша күрес, тағы басқа. Бұл қадам, ең алдымен, балаларымызды теріс әдеттен алыстатады және спорт залдарының тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді», – деген болатын. Аталған мақсатпен қала тұрғындарының жүйелі түрде дене шынықтырумен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануы үшін жыл сайын жаңа спорт нысандарының қатары көбейіп келеді. Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен қаладағы шағынаудандарда, шалғай алқаптар мен саябақтарда спорт алаңшаларының ашылып жатқаны да жұртшылықтың көз алдында. Соның нәтижесінде аймақтың ғана емес, күллі еліміздің абыройын асқақтатып жүрген жамбылдық жампоздардың қатары артып келеді. Алдағы күндерде бұл жұмыс өз жалғасын таба бермек.

Оксана БОРИСЮК,
Тараз қаласы әкімдігі
дене шынықтыру және
спорт бөлімінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.