Қалалық қоғамдық-саяси газет

Совет Әлімқұловтың кітабы Брайль жүйесінде жарық көрді

0 461

Бүгін Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының ұйымдастыруымен журналист, балалар жазушысы Совет Әлімқұловтың 85 жылдығы аясында «Ақынға 100 сұрақ» форматында «Ұрпақтар сабақтастығын жаңғырту» атты әдеби кеш өтті. Кеш халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген қаламгердің өсиеті мол жырларын оқуға насихаттау, өнегелі өмір жолдын өскелең ұрпаққа өнеге етіп, кітап оқуға құлшынысын арттыру мақсатында ұйымдастырылды.

Әдеби кешке С.Әлімқұловтың ұлы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Ақпарат саласының үздігі», «Jambyl» радиосының жетекшісі, сықақшы, бірнеше сатиралық кітаптардың авторы Бақытжан Әлімқұлов қонақ ретінде қатысты. Бақытжан Советұлы әкесі Совет Әлімқұлов туралы баяндап, балалық шағындағы қызықты естеліктерімен бөлісті. Әр адамның алдынан шығатын қиындық пен кедергілерге төзе білу керек екенін әңгімеледі.

Шараның шымылдығын М. Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Мәдениет және өнер» кафедрасының студенттері ақынның өлеңдерінен құралған шағын композициямен ашты. Ал «Болашақ» мектеп-интернтында арнайы кітапхананың «Инклюзия және театр» жобасына қатысушы оқушылар қаламгердің шығармашылығы жайлы көркем сөзден өрнек өріп, сахналық қойылым көрсетті. Сондай-ақ ақынның өлеңдерін мәнеріне келтіре көркем орындап, ақын ағаларын қуантты.

Сонымен қатар, арнайы кітапхана қаламгердің «Көзмоншақ» атты кітабын бедерлі нүктелі қаріпте және дыбыстандырылған кітап ретінде басып шығарып, тұсау кесер рәсімін өткізді. 14 ақпан – халықаралық кітап сыйлау күніне орай Брайль жүйесі бойынша және дыбыстандырылған кітаптарды кеш қонақтарына сыйға берді.

Балалардың, халықтың ыстық ықыласына бөленген қаламгердің өсиеті мол жырларын оқып, насихаттау – бүгінгі ұрпақтың басты міндеті. Әсілінде, қаламгер тек өлең жазумен шектелген емес. Ол, тіпті, жұмбақ жазып, өз кітаптарына енгізген. Оның жұмбақтары кеш барысында жасырылып, ойын ойнатылды.

Кездесу соңында Бақытжан Советұлы балаларға өзінің қолтаңбасы жазылған кітаптарын сыйлап, жас оқырмандарға батасын беріп, естелік суретке түсті.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.