Қалалық қоғамдық-саяси газет

Соңғы қоңырау қалай соғылады?

0 329

Сән-салтанаты жарасқан алғашқы қоңыраудың шексіз қуанышына бөленген 7 жасар балдырғандар үшін мектеп – жаңалық пен жақсылықтың, ілім-білім, тәрбие мен тәлімнің алтын ордасы. Дүрс-дүрс соққан жұдырықтай жүректер кішкентай қолдарымен қапсыра құшақтаған құшақ-құшақ гүлдерін ұстазына беріп, әлі оңы мен солын тани қоймаған бір топ бастауыш сынып оқушыларының топ-топ басқан алғашқы қадамы білім ұясына алып келді.

Енді олар тарыдай болып кіріп, таудай болып шығатын есіктен тұңғыш рет ішке еніп, сыныптастарымен танысып, тай-құлындай тебісіп, бір-бірінен үйреніп, бір-біріне үйретіп, енді бұл ордадан 18 жасқа толып барып, түлек болып түлеп ұшады. Қай тарапта жүрсе де, әр адамның жүрегінде мектепке, ұстазына, құрдастарына деген сартап сағыныш мәңгілік қалып қояды екен…
Кеше ақ бантигі желбіреп жүрген қыздардың бұрымынан тартып, дәптерін тартып алып жылатып жүрген сотқар ұлдар бүгін бозбалаға айналды. Мак ойнап, шекем тас жинап жүрген балауса қыздар бүгін бойжетті. Енді олар ойнамайды. Олар енді ертеңін ойлайтын ойлы азаматтарға айналды. Сыныптастарын сағынып, сәті келсе жылында бір көрісер жылылыққа толы естеліктердің куәсіне айналады. 25 мамыр күні күміс қоңыраудың соңғы рет соғылар сәті жеткенде, әр тарапқа түлеп ұшатын уақыттары таяғанын шын сезінеді. Қимайды және сол қимастық мәңгіге ұласады.
Осы орайда облыстық білім басқармасының мәліметі бойынша «Түлек 2022 – Жаңа Қазақстанның ертеңі» атты Қазақстан Республикасының жалпы білім беру ұйымдарында Балалар жылына арналған мектеп бітіру кештерін өткізу бойынша ұсыныстарға көз жүгірттік.
Алтын ұя мектебінің табалдырығын бірге аттап, балалықтың бал күндерін бір кешіп, әліппені бірге үйренген оқушылар үшін мектеп бітірудің салтанатты іс-шарасы – бұл кәсіби білім алу және ересектердің тәуелсіз өміріне көшу жолындағы 11-сынып түлегінің өміріндегі маңызды оқиға. Осы орайда мектеп бітіру іс-шараларының мақсаты – мектеп дәстүрлерінің сабақтастығын сақтау, отансүйгіштік пен әлеуметтік жауапкершілікті, ұстаздарға, ата-анаға, мектепшілік достарына алғыс сезімін, мектепке деген құрмет пен сүйіспеншілігін қалыптастыру деп түсінген абзал.
Ал қазақстандық мектептердің міндеттері түлектерінің имиджін арттырып, «Алтын белгі» және ерекше үлгідегі аттестат иелерін марапаттау арқылы білімді ұлт идеясын насихаттау, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған түлектерге қолдау көрсету болып табылады.
Мектеп бітіру іс-шараларын айта кетер болсақ, соңғы қоңырау мерекесі биыл да әдеттегідей 25 мамыр күні аталып өтпек. Ал аттестат берудің салтанатты шарасы 2022 жылғы 16-17 маусым күні деп белгіленген. Мектеп бітіру шаралары міндетті түрде білім ордасының қабырғасында және мектеп ауласында ғана өткізілуі тиіс. Оған мектептің педагогикалық ұжымы, түлектердің ата-аналары, білім саласының ардагерлері, қамқоршылық кеңес мүшелері, облыстардың білім басқармасының, білім бөлімдерінің, мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері ғана қатысады.
Әлеуметтік осал отбасылар мен балаларға көмек көрсету бойынша түлектердің «Балаларға мейірімді жүректен», «Туған елге тағзым» қайырымдылық бастамаларына, «Мектепке сый» ағаш отырғызу, «Кітап сыйла мектепке!», «Алғашқы ұстазыма алғыс!» акцияларына қолдау көрсетіледі.
Сонымен қатар педагогикалық этика және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында мектеп бітіру іс-шараларына дайындық барысында мектептің Қамқоршылық кеңесі түлектердің ата-аналарымен салтанатты банкет өткізіп, қымбат киім алу мақсатындағы шығындардың қажетсіздігі туралы түсіндіру жұмысын жүргізуде.
Сондай-ақ іс-шара өткізуге аниматор, мерекелік агенттіктер, жеке студияларды тартуға, мектеп бітіру кешін сән-салтанатты өткізуге, дастарқан ұйымдастыруға, жалға көлік алу арқылы қала ішінде қыдыруға, әкімшілік және педагогикалық қызметкерлерге сыйлықтарға ақшалай қаражат жинауға, мектеп бітіру кешін мейрамханаларда, кафелерде және басқа көңіл көтеретін орындарда өткізуге тыйым салынады.
Міне, 11 жыл бойы санаға құйылған білімдерінің жемісін көріп, үлкен ғұмырға аяқ басатын жасқа да жетті. Аяулы мектеп, ұлағатты ұстаз, ардақты сыныптастарымен қоштасар сәтті бүгінгі түлектер қалай атап өтпекші? Қайта айналып келмейтін шуақты сәттердің құрметіне қандай шаралар жасамақшы? Осы сұрақтарды көлденең тартып, біршама мектептердің басшыларына, ұстаздарына қоңырау шалдық. Биыл түлектер арасында «Қоштасу банкеті» болмайтынын, аста-төк дастарқан жайылып, қиқулап көлік мініп, ұлдар қымбат смокинг киіп, қыздар бағалы көйлегімен жарысар қызықты кештің аталып өтпейтінін барлығы бірауыздан мақұлдады. Ата-ананың қалтасын қағып, әбігерге салатын кештің салтанаты расымен ысырап саналып, мұндай кештердің түбі кейде қайғыға алып келген жағдайлар да жоқ емес еді. Осыны ескерген білім басшылары барлық қиындықтың алдын алып, банкеттерге тыйым жасаған болатын.
Қаладағы №11 орта мектептің алғашқы түлектерінің бірі – Мәскеу қаласында тұратын 96 жастағы Вера Баулина. Ал бүгінгі таңда аталған мектептен 31 түлек түлеп ұшқалы тұр. Олардың арасында бір «Алтын белгі» үміткері Алина Асетова бар. 83 бала 9-сынып бітірмекші, оның ішінде 3 бала үздік аттестатқа үміткер екен.
– 25 мамыр күні соңғы қоңырау соғылады. Аттестат табыстау рәсімі 16 маусым күні өтеді. Министрліктің бұйрығымен ешқандай банкет өтпейді. Салтанатты банкеттің орнына «Мектепке кітап сыйла!» қайырымдылық акциясы аясында түлектер мектеп кітапханасына кітап өткізеді. Бірі сүйікті әдебиетін алып келсе, енді бірі ілім-білімге бағытталған қажетті ақпаратқа толы әдебиеттерін тарту етеді, – деді мектеп директоры Гүлбахира Бердімбетова.
Осы орайда мектептің мақтанышына айналғалы тұрған «Алтын белгі» үміткері Алина Асетовамен тілдескен едік.
– Математика және география пәні бойынша «Қаржыгер» мамандығын таңдап жатырмын. Дайындық барысында 119 баллға дейін жинадым. Яғни нәтиже жаман емес. Банкет жасамаймыз. Жалпыға ортақ ереже болғандықтан бағынамыз. Соңғы қоңырау мектеп ауласында өткізіледі. Жиында «Школьный вальс» биімен алтын ұя мектебіміздің қабырғасымен қош айтысамыз. Банкет жасап, ата-анамызды әбігерге салып, болмашыға еліктеп қаражат құртпаймыз. Оның орнына мектепке кітап сыйлауды құп көрдік, – дейді жас түлек.
Осы орайда ауылдағы мектепте білім алған түлектердің хал-ахуалын білу мақсатында Жамбыл облысы, Талас ауданы, Майтөбе ауылындағы Амантай Дәулетбеков атындағы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Дина Джумагуловамен сұхбаттасқан едік.
– Балалар жылына арналған «Түлек 2020 – Жаңа Қазақстанның ертеңі» тақырыбында 25 мамыр күні соңғы қоңырау өткізіледі. Түлектердің банкетіне тыйым салынды. Соңғы қоңырау жиыны барысында түлектер флешмоб жасап, өлең оқып, алтын ұя мектебі мен аяулы ұстаздарына деген алғысын білдіреді. Жиыннан кейін 10-сынып оқушылары, яғни түлектердің ізбасарлары өз кабинеттерінде 11-сынып бітірушілерінің құрметіне бастауыш сыныпқа келгендегі бүлдіршін кездерінен бастап, 11 жылдық суреттерін жинақтап, слайд ретінде көрсетеді. Құттықтау бағдарламалары бойынша тілек білдіріп, асыл ниеттерін жеткізеді. Мектепті 15 оқушы бітіреді. Олардың ішінде Дариға Дәуренқызы «Алтын белгіге» үміткер, – дейді Дина Ақшорақызы.
Иә, арман қуған қайран уақыттың еншісінде кеше ғана соғылған алғашқы қоңырау, енді міне, соңғы рет соғылмақшы. Салтанатты кеш тойланар-тойланбас, әсем киім киілер-киілмес, маңыздысы ол емес. Маңыздысы – алтын ұя мектепке деген ыстық ықылас, достарыңа деген сағынышты жып-жылы тілегіңе орап, жүрегіңе сақтасаң игі, жас түлек!

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.