Қалалық қоғамдық-саяси газет

Соңғы екі сағатта қар құрсауынан 100-ден астам адам мен 48 жеңіл автокөлік құтқарылды

0 903

Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Жамбыл облысындағы құтқару жұмыстарының нәтижесі және жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай бойынша баспасөз конференциясын өткізді.

Жиында Нұржан Сәбитұлы ауа райының күрт нашарлауына байланысты 12 желтоқсан бастап кезең-кезеңімен республикалық маңызы бар «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автобанының «Тараз-Алматы» бағыты бойынша және облыстық маңызы бар бірқатар жолдар жабылғанын жеткізді.

– Ағымдағы жылдың 13 желтоқсанынан бастап Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасы бойынша арнайы құрылған өңірлік жедел штаб жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда құтқару жұмыстарының нәтижесінде 5 мыңға жуық адам құтқарылды. Қаза тапқандар туралы ақпарат тіркелген жоқ.

Соңғы екі сағаттың ішінде құтқарушылар күшімен 100-ден астам адам,  48 жеңіл автокөлік эвакуацияланды. Құтқару жұмыстары жалғасуда. Ол үшін 171 адам және 76 бірлік техника жұмылдырылды. Жолдағы блок-бекеттерге полиция нарядтары қойылған. ТЖМ облыстық департаменті жанынан жедел көмек желісі іске қосылды.

Қазіргі уақытта Қордай және Шу аудандарында қосымша 825 орындық 9 жылыту пункті ұйымдастырылды.

«Жамбыл электр желілері» ЖШС электр желілерін қалпына келтіру үшін 23 авариялық-құтқару жасағы мен 27 арнайы техника жұмыс істеуде. Газ құбырлары бойынша апаттар тіркелген жоқ, штаттық режимде жұмыс істеуде.

Жамбыл облысының басқа елді мекендеріндегі жағдай тұрақты, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Алдағы күндері «Қазгидрометтің» болжамына сәйкес, желдің  ұйытқуы 30 м/с дейін ұлғаяды деп күтілуде. Осыған орай Нұржан Сәбитұлы тұрғындардан жолдардың жабылуына қатысты ескертулерді мұқият сақтауды және қолайсыз ауа-райы кезінде жолға шықпауларын сұранатынын айтты.

– Өкінішке қарай, бүгінде жүргізушілер жолдағы блок-бекеттерді айналып өтуге тырысқан жағдайлар анықталуда, соның салдарынан олар өздерін және құтқарушылардың да өмірін қатерге түгіуде. Сондай-ақ, тұрғындарды тек ресми ақпараттарға сенуге шақырамыз! – деді Н. Календеров.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.