Алдыңғы аға буыннан «әскер – өмір мектебі» дегенді көп еститінбіз. Сөйте тұра, олар әскери өмір туралы ашылып айта бермейтін. Әйтеуір ескі суреттерді ақтарып отырып, біраз мәлімет алатынбыз. Ағалар Отан қорғауды, сарбаз атануды абыройлы міндет, азаматтық парызы санаған соң, еш уайымсыз борышын өтейтін. Ал қазір ше? Көктем-күз мезгілі таяса, он сегізден асқан жастың барлығына әскерге шақырту қағазы жіберіледі. Бірақ шақырту келгенде бөркін аспанға атып қуанып, «әскерге барамын» деп ұмтылып тұрғандар аз.

Сәндібек ПІРЕНОВ

Ұлттық ұланның абыройы биік

Жуырда еліміздің барлық аймақтарында әскерге шақыру маусымы басталды. Жас сарбаздар Отан алдындағы борышын әскери бөлімдерде өтейді. Осы орайда біз «Оңтүстік» өңірлік әскери қолбасшылығының 5513 әскери бөліміне барып, Отан қорғаушылардың өмірі туралы сарбаздардың өздерінен сұрап, әңгімелесіп қайтқан едік.

ҚР Ұлттық ұланының 5513 әскери бөлімі 1992 жылы 25 ақпанда құрылған. Міне, сол кезден бастап аталмыш бөлімнің әскерилері өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып келеді. Биыл жылдағыдай көктемгі шақыру маусымында әскерге еліміздің 10 облысынан 400-ден астам жас келеді деп жоспарланыпты. Негізінен Ұлттық ұланға жас сарбаздар мамыр-маусым айларында, ал қыста қараша-желтоқсан айларында барады екен. Біз ұландықтардың мақсат-міндеттері туралы толығырақ мағлұмат алу үшін бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарының міндетін уақытша атқарушы Бақыт Әліпбаевты әңгімеге тарттық.

– Әрине, әскери өмірдің қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Сондықтан кейбір сарбаздар әскери өмірге әбден машықтанып, алдымен өзінің азаматтық борышын өтеп, кейін келісімшарт бойынша жұмыста қалып жатады. Әскери қызметте қалуға ниеттенгендерге шектеу жоқ. Тек жас жауынгердің қызмет етуге ынта-жігері, сондай-ақ әскери қызметте жұмыс істеуге ешқандай қайшылықтары болмаса жеткілікті. Әрі жыл өткен сайын келісімшарт бойынша қалған сарбаздардың айлық жалақылары өсіп жатыр. Олардың бір ерекшелігі – әскерде жүргеніне алты, сегіз айдан асса, келісімшарт бойынша құжаттарын дайындап, қызметке кірісіп кетеді. Сарбаз сол кезден бастап қатарластарының командирі бола алады. Әрине, әскери бөлімнің тыныс-тіршілігін жіті білетін сарбазға жұмысқа тұру үшін жан-жақты қолдау көрсетіледі. Сарбаз ең бірінші құжаттарын жинаудан бастайды, – дейді командир.

Сонымен сарбаздардың қызметтік өсуі де өзінің әскерде атқарған міндетіне тікелей байланысты екен. Себебі әскерде ешкімді ЖОО бітірген немесе орта білімі бар екен деп бөліп-жармайды.

Пандемия кезінде сарбаз қабылдаудың ережелеріне де өзгерістер енгізіліпті.

– Сарбаздар әскерге келгенде, ең бірінші оқу пунктінен өтеді. Елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты әр өңірден келген жастар жіті тексеруден өтеді. Біздің бөлімде инфекция жұқтырғандар болмағанымен, коронавирус инфекциясы «қызыл» деңгейдегі облыстардан сарбаздар келуі мүмкін. Сондықтан былтырдан бастап оқу пунктін әскери бөлімнен тысқары аумақта ұйымдастырып жүрміз. Жаз айларында далалық жағдайда шатыр құрылады. Сондай-ақ әр шатырда бір аймақтан келген сарбаздар ғана жатады. Жауынгерлерді қоспаймыз, ротаға бөлмейміз. Қысқасы, оқшаулау шараларына ерекше мән беріледі. Біріншіден, ҚР азаматы әскерге келген бойда коронавирус бар-жоғын нақтылау үшін тест тапсырады. Сарбаздың вакцина салдырған немесе салдырмағаны сол кезде белгілі болады. Жауынгерлер бір ай көлеміндегі алғашқы дайындығын сол жерде өткізіп, кейін әскери бөлімге ант қабылдауға барады. Мұның барлығы сақтық шаралары болған соң, басты талап – әскери бөлімге вирус жұқтырған сарбаздарды кіргізбеу, – дейді Бақыт Әліпбаев.

Басты міндет – қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету

Ұлттық ұланның сарбаздарын күнделікті қала көшелерінен кезіктіріп жатамыз. Неге десеңіз, 5513 әскери бөлімінің негізгі бағыттарының бірі – қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Сарбаздар бір айдың ішінде тыңғылықты дайындалып, бөлімге келген соң ротаға бөлінеді. Жауынгерлердің басым көпшілігі Ішкі істер министрлігінің Полиция департаментімен бірлесіп қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге және қалада үш түзету мекемесіне барады. Екі міндет те жеңіл емес. Асқан қырағылықты қажет етеді. Әсіресе, түзету мекемелеріне бөлінген сарбаздар сотталған азаматтарды күзетуге араласатын болған соң, жауынгердің психологиялық, моральдық әлеуеті жіті тексеріледі. Оның ішінде сотталушылардың күн тәртібін бақылау сынды жұмыстарды келісімшарт бойынша жұмыс істейтіндер қадағалайды. Олардың да ерік-жігері мығым болуы шарт. Ұлттық ұланның ондағы міндеті – жауынгерлік қызмет көрсету. Сондықтан онда әскери бөлім құрылымдарының ішіндегі атқыштар батальоны қарумен тұрып қызмет етеді. Міне, Ұлттық ұланда міндетін атқаратын сарбаздар бір айдан соң осындай екі ірі топқа бөлінеді. Кейінгі 11 ай бойы сол лауазымды міндетін абыроймен атқаруы тиіс.

Әскери бөлімнің тарихында ерекше көзге түсіп, ерлік жасаған сарбаздар да баршылық. Мысалы, аталмыш бөлімнің сарбаздары қыста қаладағы Тұңғыш Президент саябағында суға батып бара жатқан екі жеткіншекті аман алып қалған. Тағы бір кезде төтенше жағдай орын алып, қаладағы көппәтерлі үйдің төртінші қабатында газ ашылып қалғанда да, ұландықтар үйге көтеріліп, үстелдің астына тығылып қалған екі баланы құтқарған. Мұндай жедел шаралар кезінде қырағылығымен көзге түскен әскерилер өте көп. Алысқа ұзамай-ақ биыл жыл басындағы оқиғаны еске түсірейік. Қаладағы түзеу мекемелерінің біріне сотталған азаматтардың тыйым салынған заттарды бұйым жасауға арналған ағаштар арқылы кіргіземіз деген құйтырқы ойы жүзеге аспаған. Ауыр көлік арқылы келген ағаштарды тексеру барысында Ұлттық ұланда келісімшарт бойынша қызмет етіп жүрген жауынгерлер 85 қалта телефонын тапқан екен. Бұл да болса, жас өрендердің абыройлы ісі деп білеміз.

Сарбаздардың әскери міндеті тек қатардағы жауынгер болып қалады. Тек кейбір аға сарбаз, аға пулеметші секілді мамандар болады. Ол дәреже тек келісімшартқа тұрғандарға беріледі. Қызмет барысында көзге түскен сарбаздар марапатталады. Мысалы, биылдан бастап әскери бөлімдегі Ардагерлер кеңесінің ықпалымен Отан қорғаушылардың ата-аналарына «Отан қорғаушының ата-анасына» деген медаль беріліп жатыр. Одан бөлек, сарбаздың үйіне бөлім командирі және өңірлік қолбасшылық атынан Алғыс хаттар жіберіп отырады екен. Әскери бөлімнің қызметкерлері сарбаздардың ата-аналарымен тығыз байланыста. Әрі балалары да үйіне демалыс күндері белгіленген уақытта қоңырау шалып, саулық сұрасып тұрады.

Әскери бөлімдегі тәртіп пен талап сарбаздарды өз ісіне жауапты болуға баулиды. Ең маңыздысы, ел тыныштығын күзетумен қатар, кез келген уақытта қару асынып, Отан үшін шепке тұру – әрбір азаматтың парызы. Мұны естіп, біліп отырса да, түрлі себептермен әскерге барудан бас тартатын жастар да көп. Онымен қоймай, әскерге барғандарға қарағанда, «әскерге бармадым» деп мақтанатындарды көргенде айтарға сөз таппай қаламыз.

– Әскери қызметте жүрген соң, әскерге байланыста көптеген жайттардан хабардар боламыз. Сондықтан әскерге бармайтындардың өзіндік себебі бар деп айта аламын. Олардың көбісі үйінде жалғыз болғандықтан, сырқаттанған анасына қарайласатын адам жоқ деп немесе несием бар деп қалып кетеді. Соның ішінде қанша жерден әскерге баруға ұмтылып тұрса да, денсаулық жағдайында кінәраты бар жастар да кездеседі. Қазіргі жастардың ішінде майтабан, ағзасы сыр беретін, сондай-ақ көру қабілеті төмен азаматтар көп. Жастардың көру қабілеті төмен болатыны ұялы телефон мен компьютердің әсерінен болса керек-ті. Әскерге барарда толық емес отбасылардан шыққан балалардан бөлек, «әскерге барып бір жыл уақыт жоғалтқым келмейді» деп ышқынатындарды да көрдік. Бұрын біздің жас кезімізде әскерге бармасаң, құрдастарың қалжыңдап, өмір бойы әскерге бармағаныңды әңгіме арасында айтып жүретін. Жігіттер соған намыстанып, барлық шаруасын шетке ысырып, бірінші Отан алдындағы борышын өтейтін. Тіпті, жасыратыны жоқ, жігіттер қыз балалармен танысқанда, нәзікжандылар бірінші «Әскерге барғансың ба?» деп төте сұрақ қоятын. Себебі әскерге бармағандарды денсаулығында кінәрат бар деп ойлайтын. Қазір бәрі басқаша. «Заманына қарай адамы» дейді. Бірақ Отанға адал қызмет ету әрбір азаматтың парызы болып қала береді, – дейді Бақыт Жанарқұлұлы.
Ұлттық ұланға азаматтық борышын өтеуге келген сарбаздардың дені әскерден кейін ішкі істер саласына баруға ниетті. Жастардың бұл түсінігінің де жаны бар, себебі ұландықтардың әскерден кейін патрульдік қызметте жұмыс істеуге мүмкіндігі жоғары. Иә, қазір әскерге барып, азаматтық борышын өтеуді мақсат еткен жастарға барлық жағдай қарастырылған дегенді естідік. Осы орайда біз 5513 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздардың пікірін тыңдап көрдік.

Мерей Өтелбаев,
Алматы облысы, Талдықорған қаласынан келген:

– Әскерде жүргеніме алты ай болды. Алматы облысы, Талдықорған қаласынан желтоқсан айында осы бөлімді таңдап келдім. Әуел бастан Ұлттық ұланда қызмет еткім келді. Оның барлығы үйге әскерге шақырту келгеннен басталды. Сонда маған шақырту пунктіндегі қызметкерлер Ұлттық ұланға баруға ұсыныс жасаған еді, бірден келісе кеттім. Ант қабылдағаннан кейін әскери өмір басталды. Біз күнделікті ұйқыдан ерте оянып, таңғы жаттығуға кірісеміз. Келген соң, ротаға барып таңғы асқа дайындаламыз. Таңғы астан кейін өзіміздің сабақтар басталады. Одан бөлек, қызметке шығатын күні соған дайындаламыз. Сағат 16:00-ге таман қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге шығамыз. Әрине, күнделікті бір тапсырманы орындаумен шектелмейміз. Барлығы күн тәртібі бойынша өтеді. Қарап отырсам, осы бөлімдегі алты айым лезде өтіп кетіпті. Күнделікті өмір мен әскери өмірдің айырмашылығы күн тәртібінде деп айтар едім. Әскерге келмей тұрып, бір күнге орайластырған жоспарым кешке дейін сан құбылатын. Мұнда барлық істі өз уақытында атқаруға машықтандым. Мен әскерден кейін осы күн тәртібі бойынша таңертең ерте тұрып, жаттығу жасауды тоқтатпаймын деген ойдамын. Себебі ерте тұру арқылы жұмысыңды шегелеп, кешке дейін бірталай тірлік тындыруға болады. Тәртіп бар жерде үйлесімді жұмыс болады. Әскери қызметтен кейін ішкі істер саласында қызмет ету жоспарда бар. Қазірдің өзінде патрульдік полицейлермен бірге қоғамдық тәртіпті күзетуге атсалысып жүрген соң, аса бір қиындық тумайды деп ойлаймын. Болашақта сол кісілердің қатарында болсам деймін.

Сұлтан Кеңес,
Шымкент қаласынан келген:

– Әскерге желтоқсанның он бесінде екінші шақырылыммен келдім. Ұлттық ұланды өзім таңдадым. Қазір аға сарбаз, аға пулеметші лауазымындамын. Одан бөлек, «Ынталы жастар орталығы» деген ұйымның төрағасымын. Біз онда өзіміз секілді сарбаздарға моральдық жағынан көмек береміз. Әрине, әскерде түрлі мінезді сарбаз болады ғой. Әскери қызметкерлермен тіл табыса алмайтындар да бар. Оларға әрдайым дос, бауыр ретінде кеңесімізді айтып, қол ұшын созуға дайын боламыз. Офицерлердің қолдауымен мерекелік концерт, басқа да іс-шаралар ұйымдастырамыз. Осылайша бос уақытты тиімді пайдалануға тырысамыз. Күн тәртібі бойынша дүйсенбіден сәрсенбіге дейін сабақ күндері болса, бейсенбіден жексенбіге дейін қоғамдық тәртіпті күзетуге дайындаламыз. Әр күнге белгілі бір тапсырмалар бар. Қоғамдық тәртіпті күзетуге кіріспес бұрын ең алдымен бір ай тыңғылықты дайындықтан өттік. Заң жаттадық, азаматтармен қалай сөйлесу керектігін, қалай жүріп-тұруды – бәрін-бәрін меңгердік. Өзіміздің және азаматтардың міндеттерін жіті түсіндік. Алты айдың көлемінде жақсы үйреніп, кейін әскери жасақ бастығы боламыз. Содан бастап өзімізден кейін келген сарбаздарға қоғамдық тәртіпті үйретеміз. Біз әскерден қайтқанда, олар кейінгілерге үйретеді. Бір сөзбен айтқанда, менің әскердегі бір жылым өмір бойына азық болады деп ойлаймын. Себебі өмірде қажетті көп нәрсені үйрендім.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған