Қалалық қоғамдық-саяси газет

Өскемендіктер мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйлердің сапасына шағымданып жатыр

0 182

Өскеменде мемлекеттік бағдарламамен салынған көп қабатты үйлердің сапасы сын көтермей жатыр. Мәселен, қатты соққан желден үйлердің сыртқы қабаты ұшып, тұрғындардың үрейін әбден қашырған,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Жібек маталар комбинаты ықшамауданында мемлекеттік бағдарламен салынған үйдің қолданысқа берілгеніне бар жоғы екі жыл болған. Жаңа деген аты болмаса, құрылыста кеткен кем-кетігі көп. Тұрғындардың айтуынша, көп қабатты үйдің сыртқы сылақтары жел тұрса ұшып, маңайдан өткендердің зәре-құтын қашырады. Ол аз дегендей үйдің жертөлесі де суға тола бастаған.

Дегенмен тұрғындардың сапасыз салынған үйде тұрудан басқа амалы жоқ. Көбісі пәтерлерін қарызға батып, несиеге алған. Ал сыртқы қабаты қираған үйлерді мердігер компания кепілдік мерзіміне сәйкес қайта толық қалпына келтірмек. Бірақ оған дейін мамандар үйді уақытша қаптап әлек.

“Тұрғындар “кеше істеді, сосын істемей кетіп қалды” деп айтып жатыр. Кеше де қатты желдің салдарынан бүлінген жерлерін уақытша жөндеп қойдық. Бүгін де жұмыс істеуіміз керек еді. Бірақ құрылыс материалдар әлі келмеді. Кепілдеме бойынша жұмыс істеп жатырмыз”, – дейді «ST Cтрой Сервис» ЖШС  өкілі Абылайхан Қабденов.

Ықшамауданда құрылыс сапасы сын көтермейтін бірнеше жаңа үй бар. Тұрғындар олардың сыртқы қасбеті сәл жел тұрса қауіп төндіретін айтады. Сондықтан барлығын мұқият тексеріп, қалпына келтіру керек дейді. Ал әкімдіктегілер сыртқы сылағы опырылған баспана, сапалы салынды деуден әрі аспай отыр.

“Үйлер сапалы, заңға сай салынды. Материалдары бюджеттік үйдің талаптары бойынша сатып алынған. Барлық тұрғындардың шағымдарын мердігер ұйым шешуі керек, егер де олар жауап бере алмаса, біз қарастырамыз”, – дейді қалалық құрылыс бөлімінің маманы Мадияр Абылқанов.

Айта кету керек, үйдің кем-кетігін уақытша жамай тұру Өскеменде қалыпты жайт. Дәл осылай Бауыржан Момышұлы көшесіндегі қабырғасы опырылған үй де бірнеше мәрте жөнделген еді. Ал кепілдік мерзімі біткен үйлердің кем-кетігін кім жөндері белгісіз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.