Қалалық қоғамдық-саяси газет

СІМ: Шетелдік БАҚ-тағы жарияланымдар біржақты сипатта

0 138

Сыртқы істер министрлігі ресми сайтында төтенше жағдай енгізілгеннен кейінгі республикадағы жағдай туралы шетелдік БАҚ-тағы жарияланымдарға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Egemen.kz. сайтына сілтеме жасап.

 «Елімізде төтенше жағдай енгізілгеннен бері қалыптасқан ахуалға байланысты шетелдік БАҚ-тағы бірқатар жарияланымдар атүсті және біржақты сипатта болды. Осы орайда ҚР Сыртқы істер министрлігі келесіні атап өтуді жөн санайды. Маңғыстау облысы мен елдің барлық ірі қалаларында бейбіт митингілер өтті. Олардың талаптары толық қанағаттандырылды. Алайда, терроршыл, экстремистік және қылмыстық топтар шиеленіс пен зорлық-зомбылықты ушықтыру үшін бұл жағдайды өз мүддесіне пайдаланып алды. Осыған байланысты елде төтенше жағдай жарияланды. Алматы қаласындағы және елдің басқа да өңірлеріндегі оқиғалар көрсеткендей, Қазақстан шетелде дайындықтан өткен және жақсы үйлестірілген терроршыл топтардың шабуылына тап болды. Алдын ала мәліметке қарағанда, шабуылшылардың арасында жанжал аймақтарында діни радикалдық топтардың қатарында қақтығыстарға қатысу тәжірибесіне ие адамдар бар. Қазіргі уақытта Қазақстанның құқық қорғау органдары мен Қарулы күштері, кейбір шетелдік БАҚ бұрмалап көрсеткендей, «бейбіт сипаттағы наразы топтарға» емес, террористерге қарсы тұруда», делінген ведомство мәліметінде.

ҚР СІМ-нің жазуынша, Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) көмекке жүгінуге мәжбүр болды «Қалыптасқан жағдайда, Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына көмекке жүгінуге мәжбүр болды, ол жағдайды тұрақтандыру мақсатында жалпы саны 2 500 адам құрайтын бітімгершілік күшін жіберді. Бітімгершілердің мандатына стратегиялық нысандарды күзету және қазақстандық құқық қорғау күштеріне жәрдемдесу кіреді. Терроршыл топтарға қарсы негізгі іс-қимылды Қазақстанның құқық қорғау органдары мен Қарулы күштері жүргізетініне назар аударамыз.

ҰҚШҰ-дың бітімгершілік күштері Қазақстанда уақытша негізде болатынын және жағдай тұрақталған соң Қазақстан тарапының бірінші сұрауы түскен кезде өз елдеріне оралатынын атап өткен жөн. Наразылық митингілердің бейбіт қатысушылары ешқандай қудалауға ұшырамайтыны аса маңызды. Құқық қорғау органдарына қалыптасқан жағдайдың себептеріне кешенді тергеу жүргізу тапсырылды, оның нәтижелері халықаралық қоғамдастыққа жеткізілетін болады. Қазақстан халқының ынтымағын және Президент Қ. Тоқаевтың бейбіт өмірді қалпына келтіру жөніндегі шешімдері мен шараларына қолдауын атап өткен жөн. Қазақстан демократия мен ел Конституциясын діни радикалдар мен терроршылдардан табандылықпен қорғауға дайын! Өкінішке орай, қақтығыстардың салдарынан еліміздің азаматтары, соның ішінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскерилер қаза тапты. Осыған байланысты, 2022 жылдың 10 қаңтары елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды», делінген Сыртқы істер министрлігінің хабарламасында.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.