Қызда қырық шырақты бақыт бар. Бірі сөнсе, бірі жанады. Ол шырақтың бірін үміт, бірін арман тұтатса, енді бірін сағыныш пен мейірім жағады.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ Суретті түсірген Сәкен Абжапаров

Шырынды әкесінің ағасы бауырына басып, асырап алды. Баққан анасының мейіріміне бөленіп өскен бүлдіршін туған анасына көңілі жақын болса да маңдайын да иіскетпей, сыртынан ғана сүйсіндіріп өсті. Тапқанды емес, баққанды «анам» деп білді. Мектепке ерте барғандықтан, қатарынан кіші болса да ортасынан озық, зеректігімен көзге түсті. Бірде теледидардан пальма ағашын көрген еді. Міне, сол төбесінде ғана жапырағы бар ағаш шынашақтай Шырынның асқақ арманына ұқсайтындай сияқтанды. Қыздың бала жүрегіне пальма да өзі сияқты тәкаппар, биік һәм дауылға қарсы тұрар қайсар көрінді. Содан бері сол ерекше өсімдік кішкентай қыздың жүрегін жаулап, қатты қызықтырғаны сонша, Шырын бала күнінен пальманың өскен жерін көруге құмартты.
Ерек қыз мектеп бітірген соң, Қарағанды қаласындағы кооператив институтында білім алып, Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Аса селосына оралып, сауда-саттық орталығында есепші болып қызмет атқарады. Жұмыс істеп жүріп (военком) әскери комиссариаттың көзіне түсіп, шетелге баруға ұсыныс алады. Бала күнінен көңілінде жатталып қалған бұла арман сол сәт бой көтеріп, Шырын Африкаға баруға рұқсат сұрайды. «Неге Африкаға барғың келеді?» деген сұраққа: «Пальманың өскен жерін көру үшін», – деп жауап беріпті. Алайда Африкаға емес, Германияға жолдама алған қызды туған жер, өскен орта, ауыл-аймағының тұрғындары түгел шығарып салады.
Үш жыл Шығыс Германия мемлекетінің Луккенвальде (Luckenwalde) қаласында №110 сауда-саттық мекемесінде еңбек еткен аяулы қыз Отанға оралған соң отбасын құрып, ұл сүйіп, бар бақыттың бастауы жанұя екенін де жанымен ұқты. Жаулығына жалғызы Еріктің жанын түйіп, өмірдің тұтқасы дені сау ұрпақтың қолында деп түйген жас ата-ана ұлдарын спортқа баулыды.
Желкілдеп өскен құрағы, алаулап жанған шырағы ең аяулы сезімдердің тұнығындай болып сегіз жасқа толды. Сол күні аяулы ана ұлының соңынан әдеттегіден ұзақ қарап еді. Ана жүрек әлдебір сұмдықты сезгендей аласұрып, сол күні сабаққа бармай-ақ қоюын да өтінген. Алайда Ерік үйде отырғысы келмеді. Асқақ арман, үкілі үміттің жетегінде үйінен шығып кетті. Сол күні жауапсыз жүргізуші аялдама маңында бұғанасы қатпаған жалғыздың өмірін қиып түсті. Шырақ сөнді. Үміт үзілді. Шерге толы ана көкіректің зарлы әні даланың қаһарлы қысын күңірентіп жатты…
Шырынның ана жүрегіне әне-міне кішкентай Ерік кіріп келердей, ту-ту алыста сыңғырлап күлетіндей көрінетін. Іздеді. Күтті. Сағынды. Кішкентай ғұмырдың үзілгеніне сенгісі келмеді. Осынау зарығу мен сағынудың азабын тартып, ұлының енді келмейтініне көзі жетіп солып бара жатқанда, жүрегінің түбінен жүрек соғып тұрғанын сезді. Бітті! Сол күннен өмірі қайта басталды! Көңілінде көктем бүршік атқандай күй кешті. Дүниеге ұл келді. Есімін «мұрат-мақсатына жетсін» деген ниетпен Шахмұрат деп қойды. Осы көктем ана бақытын шексіз сезінуге ұмтылған аяулы жанның, қамқор жүректің, мейірбан әйелдің ардақты көктемі еді.
Жүрегінде бүр жарған жаңа, сәбилі көктем Шырынның қолына қалам алдырды. Бір үмітін жоғалтып, бір үміті алға жетелеген аяулы ананың тілегі Қазақстанның қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жұбайы, «Бөбек» қайырымдылық қорының негізін қалаушы Сара Назарбаеваға хат жаздырды. Ол өз хатын тағдырдың азабынан жеңілген емес, жеңген ананың пейілінде, күйген қанаты қайырылған емес, қасіреттен жаңа өсіп шыққан қауырсын-қанаты биікке самғайтын ананың қайсар тілінде жазды. Ол жалғыздың шаңы шықпайтынын білген көңілімен аласұрып, ұлының соңынан қара ерсе екен дейтін тілегін жеткізді. Анасы жоққа ана, панасы жоққа пана болсам екен деген ниетін білдірді. Шыбын жанын мың бұраған қатыгез қайғының құрсауынан шығу үшін бір емес, бірнеше бала сұрады. Керек етті. Өмірінің мәнін тек балалар ғана толтыратынын білді. Сенді. Сендірді. Сара Алпысқызының хаты сол кездегі облыс әкімі Амалбек Тшановтың қолына жетіп, Шырынды шақыртып, Қабылбек Сарымолдаев атындағы балалар үйінен бала асырап алуға рұқсат етті.
– Балалар үйіне кіріп бардым. Бір аяғымен секіріп келіп «мама» деп саусағы жоқ қолдарымен мойныма асылған 8 жасар Жаңыл есімді мүгедек қыз жүрегімді бірден жаулап алды. Маңдайынан иіскеп, құшағыма бастым. Басына су толып, үлкейіп кеткен Есен есімді ұл да жәутеңдей қарады. Оларды тастап кету мүмкін емес еді. Осы екі періштеге Сабина есімді қызды қосып алдым. Сөйтіп, шаңырағы ойсырап, отағасы басқа отау құрып кеткен үйді төрт сәби нұрландырып жіберді. Күнделікті суға түсіріп, ас-ауқатын беремін. Қамқор болу, жылағанда жұбату, сүрінгенде сүйеу болу, әрқайсысына көңіл аудару, аялау, мәпелеу – осының бәрі өмір, тіршілік. Біз бір-біріміздің көз жасымызды құрғатып, бір-бірімізді демеп ғұмыр кештік. Ана бақыты осында жатыр. Сол сәттің бәрінде де өзімді аялап өсірген анам қасымда болды. Ол менің маңдайымнан сипаса, мен балалардың маңдайынан сипадым, – дейді Шырын Есімова.
Тумай жатып тауқымет тартқан үш тағдырды арқалап ғұмыр кешкен қайран ананың мейірбан жүрегі төрт баланы бір-бірінен бөліп жармауға серт етті. Сол сертінде тұрды да. Жаңылдың қолына ота жасатты. Аяғына да жасанды аяқ қойылды. Есенге де ерекше көңіл бөлінді. Көп қозғалыс-қимылдың арқасында есейді, ержетті. Әрқайсысын білімге құштар етті. Еңбекке баулыды.
– Шахмұрат М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың архитектура факультетін бітірді. Жуырда ғана жар сүйіп, ұлан-асыр той жасадық. Сабина Абай атындағы педагогикалық колледжді бітіріп, тұрмысқа шықты. Жаңыл да Абай атындағы педагогикалық колледждің шығармашылық факультетінде оқып жүріп, ҚР Паралимпиада ойындарының жүзуден 8 рет жеңімпазы атанды. Алматы қаласындағы Спорт және туризм академиясын қызыл дипломға бітірді. Осы сала бойынша магистратураны Канада мемлекетінде оқыды. Бүгінде Оңтүстік Кореяда докторантурада білім алып жатыр. 2014 жылы Сочиде өткен паралимпиадалық биатлон спорттық көрсеткіші бойынша күміс жүлдегер атанды. Есен №1 колледжде «слесарь» мамандығын бітіріп, «Таразтрансгазэнерго» мекемесінде жұмыс істейді. Ұрпағыммен мақтануға жазсын Алла. Осы балаларымнан немере күтіп жүрген жайым бар, – дейді Шырын апай өткен өмір, күйзелген күндерін бір тамшы көздің жасына сыйдырып.
Ымырт. Қас қарайған шақ. Есен анасына еріп тысқа шықты. Қамқор, бәйек. Жетілген ұл жеткізген анасын тап қазір қараңғылықтан, белгісіздіктен, жарықсыз әлемнен қорғағысы келетінін ұқтым. Дәл бір кездері құндақтағы өзін қорғап алғандай-ақ… Қас қағым сәтте айналам жап-жарық нұрға бөленді. Ол жарықта ана мен бала қол ұстасып асқақ арман, биік белестерге қарай кетіп бара жатты. Сол сәт қол ұстасқан ана мен балаға сырттай сүйсінген мен ішімнен күбірлеп Мұқағали ақынның:
Шеше,
Сен бақыттысың!
Жыламағын.
Жай түсіп жатқанда да құламадың.
Тәңіріңнен мен едім ғой сұрағаның,
Сондықтан жыламағын, жыламағын!
Бармын ғой,
Тірімін ғой,
Қасыңдамын.
Өлмеймін, мен өзіңдей асылданмын! – деген өлең жолдарын оқып тұрдым…

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған