Қалалық қоғамдық-саяси газет

Шынайы діндарлық орта жолды ұстанудан басталады

0 246

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Осылайша сендерді адамдар алдында куә болсын деп уасат үммет қылдық…», – («Бақара» 143) деп бұйырады. Бұл жерде «уасат» сөзі орта жолды ұстанушы деген мағынаны білдіреді. Яғни кез келген жағдайдағы шектен шығушылықты Ислам қолдамайды. Еліміздегі дін саласындағы көптеген күрделі мәселелердің бірі – азаматтардың діни ұстанымдары мен түсініктерінің әртүрлі бағытта және деңгейде қалыптасуы. Мұның себебі – еліміз аумағындағы таралып отырған діни көзқарастар мен ағымдардың әртүрлі болуы. Олар мазмұнына, діни дәстүрлері мен ұстанымдарының түрлеріне, діни институттарының күрделілігі және күнделікті өмірді реттеу деңгейіне байланысты ажыратылады. Сондықтан дінге және діни көзқарастарға сенетін адамдар арасында сенім дәрежесіне қарай әртүрлі деңгейлерге бөлінеді.

Бұл өз кезегінде заңды құбылыс сияқты көрінгенімен, кейде елдік мүдде мен дәстүрлі құндылықтарға қайшы келетіндіктен, ел ішінде қайшылықтың туындауына алып келеді. Сондықтан елімізде дәстүрлі діни нанымдарымыз бен салтымызға сіңген, дәстүрлі діни көзқарастарға үйлеспейтін әртүрлі пікірлер мен ұстанымдар жарыққа шыға бастады. Ғасырлар бойы аталарымыз ұстанып, діни-рухани қажеттілігімізді атқарып келген дәстүрлі көзқарастарға қайшы пікірлер мен әсіредіншіл адамдар мен топтар қоғамда қайшы пікірлердің туындауына түрткі болып отыр. Бұдан діндарлық өлшемдері өзгеріп, діндарлар арасында өзара қайшылық қалыптаса бастады.
Қазір елімізде тек Ислам діні тұрғысынан бірнеше көзқарас қайшылықтарын байқауға болады. Олар: біріншіден, халықтың салт-дәстүріне түсіністікпен қарайтын сунниттік Исламның ханафиттік бағыты. Бұл сан ғасырлар халықтың мәдениеті мен салтына сіңген, сонымен қатар діни қажеттіліктерін де қамтамасыз ете білген сунниттік Исламдағы төрт мәзһабтың (бағыттың) бірі. Жалпы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы аталмыш бағыттың таралуы мен ұстанымына көңіл бөліп, осы бағытта жұмыстар атқарады. Тіпті қазір «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңда да осы бағыттың тарихи басымдығы туралы айтылып, бекітілген.
Осы діндарлық түсінігін бекітуде кейде оның ортасы да ықпал етеді не болмаса дінді ұстанушы адам өз ұстазына еліктейді. Сөйтіп, кейде өздерін діндар санаған адамдар басқа діндастарының әрекеттерін сынға ала бастайды. Бұл ұстаным адамдардың алдымен діни әрекеттердің алдымен сыртқы формасын игеруінен, діннің толық мазмұнын түсінбегендіктен және тек еліктеуден туындайды деуге болады. Олай болса, діндар адамның бейнесін айқындау үшін мына сұрақтарға жауап беру қажет:
Біріншіден, Құдайға ең жақын адам болудың діни тұрғыдан шарттары қандай?
Екіншіден, дінде шектен шығу (ифрат және тәфрит) деген не?
Үшіншіден, діндарлық дегеніміз бірбеткейлік пе немесе дінді ұстану мәдениеті қандай болуы керек, көркем мінездің орны қандай?
Алғашқы сұраққа жауап ретінде кез келген дінді ұстанатын адам сол дінді толық игеруге тырысуы қажет. Бұл алдымен сыртқы құлшылық формалары мен киім түріне еліктегенімен, сонымен шектеліп қалмай, діннің мазмұнын біртұтас қарастыруы қажет. Олай болатыны дәстүрлі Ислам дінінде Аллаға жақын болу, Алланың разылығына ие болу алдыңғы орында тұрады. Сол себепті Құран мен пайғамбар хадистерінде белгілі талаптар қояды. Мәселен, пайғамбар хадистерінен «Алла Тағала сенің киіміңе және түріңе қарамайды, сенің жүрегіңе қарайды» деген мағынадағы хадисті жолықтыруға болады. Бұл адамның алдымен ішкі жан дүниесін тәрбиелеуі қажет дегенді білдірсе керек. Ал адамның ішкі кемелдігін қалыптастыру оңай шаруа емес. Ол үшін діни құндылықтарды толық орындау, жаратылғандарға мейірімділік көрсету, адамзаттың барлығын бауырым деп сүю мәселесін игеру қажет болады. Адам баласын барлық жан-дүниесімен, тән құрылысымен, ақыл-ойымен біртұтас болмыс деп қарастыру керек. Адамның бойында ар-ұждан, ұялу, сүйіспеншілік сияқты сезімдермен қатар, осы сезімдерге итермелейтін құмарлық, әуестік, ынта сияқты сезімдер де бар. Сол сезімдерді салмақтап белгілі бір шешімге келетін – адамның ақылы. Бұл жағдайда ақыл адамның сезімдерінің арасында қазылық қызмет атқарады. Бірақ бұл қазы кейде сезімнің жетегінде кетуі де мүмкін.
Екінші бір көзқарас – діни құндылықтар мен тарихи тұлғалардың сенімдерін негізге алып, біз Исламдағы ханафиттік көзқарас, соның ішінде сопылық ұстанымда болуымыз керек дейтіндер. Көбінесе халықтың дүниетанымы мен тарихына қайшы келмейтін аталмыш ұстаным – қазіргі өркениеттік өмірде жүзеге асуы барынша қиын, тіпті мүмкін болмайтын мәселе. Олай болатыны, сопылық ілімнің ерекшелігі – әрбір жеке діндардың Құдаймен арадағы байланысты күшейту жолында қажет болса дүниеден, отбасынан, дүниелік мақсаттардан бас тарта білуі. Бұл заманымызда мүмкін бола қоймайтын жағдай.
Үшінші көзқарас – тәуелсіздіктен кейінгі діни жаңғыру барысында араб Ислам елдері тарапынан келген өкілдер арқылы және сол мемлекеттерге барып оқыған, білім алған азаматтар тарапынан ұстанылып, елге келген соң «ең таза» діни көзқарас ретінде таратылған, еліміздегі көптеген діни-әлеуметтік қайшылықтарға түрткі болып жүрген ағымдар мен көзқарастар. Бұлардың ішіндегі ең ауқымдысы болып табылатын, араб еліндегі діндарлар тарапынан қолдау тауып отырған – «уахабилік-сәләфиттік» көзқарас. Бұл көзқарас өкілдері де діни ілімі де, қай жағынан біз ұстанатын Исламмен қайшылыққа түсетіндігін де жалпы халық білмегендіктен, көптеген мәселе туындауда.
Қадірлі жамағат!
Оның үстіне дәстүрлі діндарлық бойынша адамның сыртқы көрінісі басты құндылық саналмайды. Шәкәрім қажы:
Қиянатың бар болса, иманың жоқ,
Маған десе мың жылдай қыл ғибадат, – демей ме?! Олай болса шынайы діндарлық – (осы тақырыпқа қатысты көптеген аят-хадис бар) адамның ішкі кемелдігі, ізгілігі. Демек, діни сенімнің де қажетті мөлшері, шегі болуы тиіс. Діни сенім ақыл мен парасатқа жүгінген жағдайда ғана шынайы діншілдік, діни мәдениет қалыптасады. Осыған орай қазақ халқының данышпаны Абай Құнанбайұлы өзінің оныншы қара сөзінде дінге қатысты ойын былай білдірген: «Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды», – дейді. Бұл мәселеге қатысты Ислам дінінің қасиетті кітабы Құранда былай дейді: «Олардың көпшілігі ғылымсыздықтан құмарлықпен және әуестікпен (халықты) тура жолдан тайдырып адастырады» (Әнғам, 119). Сондықтан бүгінгі күнде шектен тыс шығып кеткен діндарлық, діни фанатизмнен туындап отырған зардаптар, келеңсіз оқиғалардың барлығы сол ғылымсыз, парасатсыз дінге келгендіктен, діни сауатсыздықтан болып отырғаны анық.

Лес АСЛАН,
Тараз қалалық орталық «Әулие ата» мешітінің наиб имамы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.