Қалалық қоғамдық-саяси газет

Шу ауданындағы «Тараз Химиялық Паркі» арнайы экономикалық аймағының әлеуеті таныстырылды

0 657

Жамбыл облысында өтіп жатқан «ZHEIF-2023» халықаралық экономикалық және инвестициялық форумы аясында өнеркәсіп бағыты бойыша қонақтар Шу ауданындағы «Тараз Химиялық Паркі» арнайы экономикалық аймағында бас қосып, мұндағы инвестициялық жобаларды дамыту бойынша кеңес өткізді.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеровтің төрағалығымен өткен жиында экономикалық аймаққа тіркелген жобалардың аяқ алысы туралы айтылып, қызығушылық білдірген шетелдік инвесторларға аймақтағы инфрақұрылым барысы таныстырылды.

Сонымен бірге, «Тараз Химиялық паркі» АЭА басқарма төрағасы Қайрат Мұқамбетқалиев алдағы уақытта жүзеге асырылатын бірқатар жобаларды атап, оларға экономикалық аймақ тарапынан көрсетілетін жеңілдіктерге тоқталды.

Ал, «QazIndastry» АҚ бизнесті ынталандыру дирекциясының басшысы Арыстанбек Сағиев өз баяндамасында кәсіп ашуға ниетті инвесторларға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектердің жай-жапсарын түсіндірді.

«Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы заманауи жоғары өнімді, бәсекеге қабілетті өндірістерді жедел дамыту, қызмет көрсетудің сапалы жаңа деңгейін қалыптастыру, инвестициялар тарту, экономиканың басым салалары мен өңірлерге жаңа технологияларды енгізу, сондай-ақ халықты жұмыспен қамтуды арттыру мақсатында құрылған.

Қазіргі таңда мұнда жалпы құны 249,7 миллиард теңгені құрайтын 5 инвестициялық жобаны іске асыру үшін 5 қатысушы тіркелген. Олардың қатарында геосинтетикалық мембраналар, натрий цианиді және ферросилиций өндіру жобалары бар. Онда 2000 жаңа жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда.

Өз кезегінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров «Тараз химиялық паркі» АЭА дайын инфрақұрылымы бар өнеркәсіптік алаң екенін, онда қатысушыларға салықтық және кедендік жеңілдіктер берілетінін атап өтті. Сондай-ақ, Венгрия мен Пәкістан мемлекеттерінен және еліміздің өзге де өңірлерінен келген инвесторларға экономикалық аймақтың қолайлы географиялық орналасуы, қоңыржай климаты және көлік-логистикалық әлеуеті қолайлы екенін жеткізді.

– Біз арнайы экономикалық аймақ аумағында өз жобасын іске асыруды жоспарлаған кез келген инвесторларға жәрдемдесуге дайынбыз. Қазіргі уақытта аймақта қуаттылығы 600 МВт жел электр станциясын салу және басқа да қатысушылардың жобаларына төмендетілген баға бойынша энергия беру міндеттемесін алған «Тас Маркет» ЖШС жобасын іске асыру жоспарлануда. Бұл аймақтың инвестициялық әлеуетін арттыруға ықпал етеді деп санаймын, – деді Н.Календеров.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.