Қалалық қоғамдық-саяси газет

Өшпенділіктің соңы өкінішке ұрындырады

0 227

Өткен жолы еліміздің мешіттерінің бірінде бұрын-соңды болмаған, айтуға аузың бармайтын оқыс оқиға мұсылман жамағатын түрлі ойларға жетелеп, алаңдаушылығын тудырды. Өшпенділік – Алла сүймейтін іс. Осы жайлы ойымызды білдіре кетуді жөн көрдік.

Ислам дінінде ашуға берілудің өзіндік жолы мен шеңбері бар. Ол үшін әрбір адам өшпенділікке, қастық жасауға түсіп қалмау үшін өзінің нәпсісімен дұрыс күресе білуі керек. Ғалымдарымыздың айтуынша, өшпенділік дегеніміз – біреуге қастық ойлап, оны жүзеге асыру сәтін күту. Бұл – мұсылманға жат жағымсыз іс.
Дінімізде жаман іске, яғни күнә жасалып жатқан іске ашулану – құптарлық амал. Бұған қатысты Құранда аят бар. Онда Мұса пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) өз қауымының бұзауға табынып, Аллаға серік қосқандарын көргенде қатты ашуланғаны баяндалады. Бұл туралы Құранда былай делінген: «Мұса (қауымының бұзауға табынғанын жол-жөнекей естіп) қауымына тым ашулы һәм еңсесі түскен күйде оралды. Ол келген бойда қауымына: «Мен кеткеннен кейін қандай жаман істер істегенсіңдер? Раббыларыңның әмірін мұншама тез тәрк еткендерің қалай?», – деді де, қолындағы тақтайшаларды қоя салып, бауырының басынан (яғни шашынан) алып өзіне қарай жұлқи тартты. Сонда бауыры: «Уа, анамның баласы! Бұл қауым мені адам құрлы көрмей әбден басынып алды, тіпті өлтіре жаздады. Мені дұшпанға таба қылма һәм мені (кешірілмес күнә арқалап) өзіне қиянат жасаған залым қауымның қатарына қоса гөрме!», – деді» («Ағраф» сүресі, 150-аят).
Ашуланудың тағы бір түрі бар. Ол – рұқсат етілген ашу. Ашудың бұл түрінде Алланың да, адамның да ақысына қол сұғылмайды. Жанашырлықпен, мейірімділікпен білдірілген сезім – рұқсат етілген ашу. Мұндай сәтте адам ашуын ақылына жеңдіреді. Ашуланудың тағы бір түрі – болмашы нәрсеге ызалану. Болмашы нәрсеге ашулана беретін адамға лағынеті шайтан үнемі өзінің айласын асырып отыруға тырысады. Бұл ретте адам өзінің сөзі мен ісіне жауап бере алмай қалатын жағдайға жетеді, шариғаттан шығып, жағымсыз әрекеттерге бой алдырады. Мұндай сипаттағы адамдар көп жағдайда артынан өкініп, кешірім сұрап жүреді. Бірақ ол кезде бәрі кеш болады. Сондықтан адамның әрқашан ақылы сергек болуы керек.
Асыл дініміз сіз бен бізді өшпенділікке емес, өзара кешірімділікке шақырады. Бір-бірімізді жақсы көру – жәннатқа жетелейтін іс. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жанымның Иесімен ант етемін! Иманға келмейінше, жәннатқа кіре алмайсыңдар. Бір-бірлеріңді жақсы көрмейінше, шынайы иманға қол жеткізе алмайсыңдар. Сендерге бір істі нұсқайын ба? Егер оны істеген болсаңдар, бір-бірлеріңді жақсы көріп кетесіңдер. Өз араларыңда сәлемді жайыңдар», – деген. «Мүмін мүмін үшін бір-бірін бекітіп тұрған құрылыс секілді»; «Мүміндер өзара сүйіспеншіліктерінде, өзара мейірімділіктерінде, өзара сезімталдықтарында – бір бүтін дене секілді, егер оның бір ағзасы ауырса, басқа ағзалары бір-бірін ұйқысыздық пен жанталасуға шақырысады» деген хадистер де өзара бауырмал болуымызға үндейді.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде Құран аяттарын қуаттайтын, бірлікті, ынтымақты үндейтін, бөлінуге, ажырауға тыйым салатын көптеген хадистер бар. Солардың бірінде: «Шын мәнінде, Алла үш нәрсе үшін сендерге риза болады және үш нәрсені жек көреді. Алланың риза болатыны: Аллаға құлшылық қылу, Оған серік қоспау, Алланың дініне жармасып бөлінбеу. Алланың жек көретіні: өсек тарату, орынсыз көп сұрақ қою, малды ысырап ету», – делінген.
Бұл хадис жайында Имам ән-Науауи: «Бөлінбеңдер» деген әмір мұсылман арасындағы ауызбіршілікті меңзейді», – деген. Бұл – асыл дініміздің бұлжымас қағидаларының бірі. Басқа бір хадисте: «Жамағатпен бірге болыңдар, бөлінуден аулақ болыңдар, шын мәнінде, шайтан жалғызбен бірге, екі адамнан алыс, кімде-кім жәннаттың рақатын қаласа, жамағатпен бірге болсын», – делінген. Алла Тағала мұсылман үмбетіне бірлік пен мықты бауырмалдық нәсіп еткей.

Естай АЙТУҒАНҰЛЫ,
дінтанушы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.