Бүгінде шекара асып, шет мемлекетте «инемен құдық қазған» жастардың қарасы көбейіп келеді. Бірі түрлі мемлекеттік бағдарлама арқылы өзге жұртта ілім қуса, бірі мұны сән көріп сандалып жүр. Ал кей жастар бұл үрдісті елден алыстаудың оңтайлы шешімі деп тапқан. Өкініштісі де осы.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Бір өкініш, бір үміт. Елден алыстаған жастардың қатарында Отанға оралып, тұрмыстың түзелуіне, ғылымның дамуына үлес қосып жүргендері баршылық. Көбі мұндай шешімді елдегі білім жүйесіне көңілі толмағандықтан, бірі айы оңынан туып оңтайлы ұсыныс түскендіктен қабылдайды. Хош делік. Ал шетелдегі қазақ жастары мен елдегі өрендердің арасындағы көзқарас, тәрбие алшақтығы, батыстық дүниетанымның белең алуы ешкімді алаңдатып жатқан жоқ. Таразы басында ұлт болашағы мен жастарымыздың жаппай шетелдік принциптерге еліктеу мәселесі тұр. Осы қос бірдей жайттың жөнін айтып, ойды тезге салу үшін ең алдымен ресми деректерге, ғылыми дәйектерге сүйенуді жөн көрдік.

Өңірдегі ахуал

Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы мен қала әкімдігінің білім бөлімі берген мәліметтерге сүйенсек, Әулиеата өңірінің өзінен былтырғы оқу жылында 216 бала шетелдік ЖОО-ға түскен. 162 бала ресейлік оқу орындарын таңдаса, 46 оқушы көршілес қырғыз еліне аттанған. 4 бала аспан асты еліне, 1 бала Түркияға оқуға кеткен. «Дарын» мектеп-интернатын тәмамдаған 1 оқушы Кореяға, 1 бала мұхит асып, АҚШ-қа жол тартқан. Биылдың өзінде Тараз қаласы бойынша 58 оқушы алдын ала гранттар байқауына қатысып, ҰБТ-дан босатылыпты. Бұл жетістікке рас, қуандық. Ал осы балалардың 35-і Ресей Федерациясындағы ЖОО өкілдері келіп жүргізген емтихан нәтижесінде тегін оқуға мүмкіндік жеңіп алған. Олар енді алдағы 4 жылын сонда өткізеді. Сондай-ақ шаһардағы №24, 40, 41 гимназия түлектерінің 50 пайызы ҰБТ-дан бас тартып, Ресейге оқуға түсуді жоспарлап отыр. Осы деректерден-ақ балаларымыздың дені білім көкжиектерін Ресейде кеңейтпек ниетте екенін аңғардық. Шекаралас мемлекеттің білім жүйесінде бұл балаларды қызықтырған қандай ерекшеліктер барын білмейміз. Бірақ таңдау солай болса, әлбетте, қолдамасқа болмайды. Тек сол жақтан жиған білім өз елінің қажетіне жараса деген тілек бар.

Психолог пайымы

Елдегі әлеуметтанушы мамандар ақыл ағынының жиілеп кеткенін, техника саласындағы мамандардың ауадай қажет екенін айтып дабыл қағуда. Ал жастардың шетте білім алып, сол елде қалу үрдісі тәжірибеде бар нәрсе. Бұл мәселеге әр отбасы әртүрлі көзқараста қарайды. Қалай болғанда да, бүгінгідей түрлі қауіп-қатер өршіп тұрған заманда перзентін өзге елге аттандыру үлкен тәуекелді талап етеді. Балаға жұмсалатын қаражаттан бастап, ол елдің ішкі қауіпсіздігі өз кезегінде үлкен мәселе екені де жасырын емес. Осы жайттарды басшылыққа ала отыра біз арнайы мектеп психологына сауалдар қойып, әңгіме өрбіттік.

– Баланы қай жастан шетелге жіберуге болатыны жөнінде психологияда нақты ұсыныстар жоқ. Тек баланың үлкен тәуекелге баруға деген дайындығына назар саларда оның жеке жас ерекшелігі мен қабілетін ескеру қажет. Әр жас жеткіншекте 16-18 жасында өзін-өзі тану атты жаңа психологиялық процесс жүзеге асады. Осы процесс сәтті аяқталғанда, әр бала өз өмірі үшін маңызды шешім қабылдауға толық дайын болады. Бұл шешім олардың өмірден нені қалайтындарын анықтайды. Осы процестің сәтті не сәтсіз жүргеніне байланысты баланы шетелге жіберу не жібермеу жөнінде ойлануға болады. Бұл процесс бала мектепті бітірген уақытқа дейін аяқталмауы мүмкін. Кей жеткіншектер тіпті оқу оқып жүргенде де өзіне нақты не қажет екенін байыптай алмайды. Міне, осы жайт бала үшін де, ата-ана үшін де қауіпті. Баланы тым қатты өбектеп, шешім қабылдауына кері әсер ететін, таңдау құқы сақталмаған отбасыларда жеткіншектің өз бетінше шешім қабылдауы қиынға соғады. Нәтижесінде осы балалардың өзге елге қоныс аударуға дайындығы төмен болып шығады. Ата-ана баланың өзі үшін шешім қабылдап, өз ісіне жауапкершілікпен қарау деңгейін бақылауға алуы тиіс. Кей 16 жастағы жеткіншектер жасөспірім кезеңнің қиыншылықтарын ауыр өткереді. Осы кезеңде оларда жастық максимализм арнасынан асып, бойында түрлі эмоциялар көрініс табады. Сол себепті бала өзге ортаға бейімделу үшін өз-өзін бақылауда ұстай алатын, өз бетінше шешім қабылдай алатын қабілетке ие болуы тиіс. Өзге елге тап болған балаға басқа талаптар қойылады. Ол жақта оның әр қадамына ақыл қосып отыратын ұстаздар мен ата-анасы болмайды. Сол себепті өз бетінше шешім қабылдау қабілеті үлкен маңызға ие, – деді №7 мектеп-гимназияның педагог-психологы Татьяна Шибина.

Болған оқиға

Өткен жылдың көктемінде Мәскеудегі мемлекеттік халықаралық қатынастар институтында білім алатын Томирис Байсафаның оқу орнының төртінші қабатынан секіріп, қаза тапқанын интернет ресурстар жарыса жазды. Көзінің ағы мен қарасы болған жалғыз перзентінен айырылған Жанна Ахметова шындық іздеп көп шырылдады. Тергеу барысы бірнеше қайтара өзгерді. Ақыры тергеуші мамандар «өз-өзіне қол жұмсады» деген тоқтамға келген. Алайда байғұс ана марқұмның денесіндегі іздер оның суицид жасамағанын аңғартатынын айтып, бірнеше посттар жазды. Тұла бойы тұңғышынан осындай жұмбақ жағдайда көз жазып қалуы көп жайтты аңғартқандай. Жақында Түркияның Фырат университетінде 2-курс оқып жатқан Елдана Қаһарман есімді қаракөзімізден қапыда айырылып қалдық. Бұл отандасымыздың да өлімі жұмбақ. Элязыг қаласының жергілікті арнасында журналист болып қызмет етіп жүрген әріптесіміздің қазасы көңілге қаяу салды. Осындай жайттарды түрлі ақпараттық ресурстардан оқып-біліп жүргендіктен, әр ата-ана өз баласымен тыңғылықты жұмыс істеуі тиіс. Себебі жаман айтпай, жақсы жоқ.

Мынаны ескеріңіз!

Бейресми орталықтар арқылы шетелдік ЖОО-ларға оқуға түсетіндерді есептемегенде, Қазақстан жылына 3000 студентті әлемнің 32 еліне 87 мамандық бойынша аттандырады екен. Ал 120 миллионнан астам халқы бар Жапония үкімет тарапынан жылына 15 студентке ғана шетелге оқуға рұқсат береді. Әлбетте, жапондарды бізбен салыстыру әбестік. Оларда жұмыс бар, экономикасы әлдеқайда қуатты. Білім беру ресурстары да бай. Біздегі реформадан көз ашпайтын білім саласындағы салғырттық сыныққа сылтау іздеген жастарға мүмкіндік ашып беріп отыр. Бұл мәселенің бір жағы ғана. Алыс-жақын елдерде білім алудың бір ғана үлкен қаупі бар. Ол – идеология. Буыны қатаймаған бала үшін жат жердегі жат идеологияның илеуіне түсіп қалу қаупі аса жоғары. Батыс елдері миссионерлерді көп қабылдайды. Бұл ретте жастардың діни фанатизмге ұрыну мүмкіндігі артады. Материалдық идеология тұрғысынан қарасақ, балаларымыздың жалт-жұлт еткен дүниеге аңсары ауып кетуі де әбден мүмкін. Шетелдік компаниялар жастарға әрқашан жоғары жалақы тағайындап, кәсіби тұрғыдан тәжірибе жинауға мол мүмкіндік беретіні әмбеге аян. Хош, бұл алыста жүріп «инемен құдық қазғандардың» жолында кездесетін мәселелердің ең өзектілері. Оқырман осы жайттарға көз жүгіртіп, ел аңыз етіп айтатын шетелде білім алу үрдісінің кемшіліктерін біліп жүргендері дұрыс деп түйдік.

Артықшылық та аз емес

Шетелде білім алу үрдісін жаппай қаралаудан аулақпыз. «Таяқтың екі ұшы бар» демекші, оқырман үшін бұл үрдісті бастан өткеріп, елге оралған жас маманмен пікірлестік.

Айнұр Жакупова 2013 жылы Астанадағы Еуразия ұлттық университетін бакалавр біліктілігі бойынша тәмамдап, экономист мамандығын алған. Ұлттық экономика министрлігінің Кәсіпкерлікті дамыту департаментінде жұмыс істеп, «Болашақ» бағдарламасына құжаттар тапсырған. 2016 жылы стипендиат атанып, 2017 жылы АҚШ-қа аттанған. 29 «Оскар» сыйлығының лауреаты, 3 АҚШ президенті білім алған іргелі университетті Айнұр «Мемлекеттік басқару магистрі» бағдарламасы бойынша тәмамдады. Оқуға түскен жылы жерлесіміз Бостон қаласындағы үш айлық тілдік курста білім алып, ағылшынын жетілдірген. Білім қазынасын қомдап елге оралған жерлесімізден шетелде білім алудың артықшылығы турасында ғаламтор арқылы әңгіме өрбіттік.

– Америкада білім алудың ең бірінші ерекшелігі студент өзіне қажетті пәндерді өзі таңдап, сабақ кестесін де өзіне ыңғайлы уақытқа туралайды. Өте маңызды өзгешелік мұнда пәндердің барлығында қосымша сабақтар өткізіледі. Мысалы, лекцияда түсінбеген кейбір теориялар мен фактілерді қосымша сабақта нақтылап алуыңызға болады. Бұл сабақтарды профессордың «teacher assistant» деп аталатын көмекшісі жүргізеді. Ол әдетте 2-курс студенті болуы мүмкін. Профессорларда да студенттерді аптасына бір рет жеке қабылдайтын арнайы уақыт болады. Лекция уақытында түсінбеген дүниеңізді осы уақытта нақтылап аласыз. Тағы бір ұнайтын тұсы – профессор мен студент арасындағы қарым-қатынас мүлде бөлек. Мысалы, сабаққа кешігіп келген жағдайда сіз аудиторияға кіріп емін-еркін лекция тыңдай аласыз. Біздегідей ешкім сіздің кешігу себебіңізді сұрап мазаңызды алмайды. Бұл өзгешелік уақытты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Мұнда лекция жазу деген үрдіс мүлде жоқ. Лекцияны профессор ауызша түсіндіреді. Электронды нұсқасы университет сайтында жарияланған. Сондай-ақ университетте сабақтар «keys study» арқылы түсіндіріледі. Яғни өмірде болған, тәжірибеде бар оқиғалармен тақырыпты студенттерге кеңінен жеткізу өте қолайлы. Мұндағы білімнің көп бөлігі практикаға негізделген деп айтуға болады. Тағы бір ерекшелік, қандай да бір тапсырма орындаған кезде профессор сізге тек баға қойып қана қоймайды. «feedback», яғни кері байланыс орнатып, сіздің кемшіліктеріңіз бен осал тұстарыңызды, артықшылықтарыңызды тізіп береді. Сонымен қатар Америкадағы оқу орындарында студенттік саяхаттар ұйымдастырылады. Мен өз тобымдағы студенттермен бірге Мексикаға бардым. Ол жақта тек мәдени орындарды аралап қана қоймай, сол елдің Сенат депутаттарымен, штат губернаторымен, Ішкі істер министрлігінің мемлекеттік қызметкерлерімен кездесіп, ашық сұқбат жүргіздік. Ең басты ерекшеліктердің бірі – мұнда студенттер мен профессорлар арасында еркін қарым-қатынас сақталған. Сөйте тұра оқытушылардың барлығы үлкен құрметке ие. Себебі белгілі бір тақырыпта пікірталас туындап, көзқарас қайшылығы байқалса, екі тарап бір-бірінің ұстанымдарына құрметпен қарайды. Сынап, мін тақпайды. Студенттер ойларын ашық жеткізеді. Яғни демократиялық құндылықтар басымдыққа ие. Мысалы, Қазақстанда магистрлік диссертация үлкен ғылыми жоба ретінде қорғалады. Ал Колумбия университетінде магистр дәрежесін алу процесі бізге қарағанда оңай әрі тиімдірек. Магистрлікті қорғау барысында клиентпен жұмыс істейсіз. Менің клиентім Бүкіләлемдік банк болды. Бұл мекеме бізге арнайы тапсырма берді. Әлемдегі зейнетақы қорларын зерттеп, олардың арасында үй сатып алуға рұқсат беретін зейнетақы қорларының жұмысын зерделеуге тапсырма берді. Соңғы семестрде осы зерттеумен айналыстық. Осыдан-ақ университет пен түрлі мемлекеттік маңызы бар секторлар арасында тығыз байланыс барын аңғаруға болады. Сонымен қатар университетте студенттер үшін кітапхана тәулігіне 24 сағат жұмыс істейді. Мәтін теру, қағаз шығару қызметтері тегін. Сабақ оқуға ыңғайлы орындар қарастырылған. Университет маңайында студенттерді үйіне тегін жеткізетін автобустар жүреді. Америкаға білім алуға келетін жастардың дүниетанымы тек тереңдей түседі деген пікірдемін. Мұндағы өмір жастарды төзімді болуға, адамдармен тез байланыс орнатуға, тайм-менеджментке, батылдыққа үйретеді. Түрлі шаблондар мен стереотиптерден қорықпауға дағдыландырады. Мен Америкада алған тәжірибем мен білімімді кеңінен кәдеге жарату үшін елге оралдым. Алдағы уақытта отандық компаниялардың біріне жұмысқа орналаспақпын. Негізінде, ол жақтан алған әсер мен білімді дұрыс жолға жұмсау ол әркімнің ішкі түйсігіне, алға қойған мақсатына байланысты деп ойлаймын, – деп баяндап берді Айнұр.

Түйін: Білім – еш уақытта артық етпейтін құндылық. Ал шетелде оқу тек білім көкжиегіңізді кеңейтіп қана қоймайды. Дүниетанымыңызды, кейбір азаматтық ұстанымдарыңызды өзгертуі мүмкін. Жас шақта бәрі батыр. Бәрі тау қопаруға, әлемді аузына қаратуға әзір. Біздікі жоғарыда атап өткендей, таразы басындағы ұлт болашағы мен жаппай шетелге еліктеудің белгілі бір межесін, біздің қоғамға ыңғайлы тұсын дөп тауып, ұлтымызды ұшпаққа шығару жайын меңзеу еді. Лайым солай болсын.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған