Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Шаш ал десе, бас алады»: Депутат қаржы министрлігінің жасап жатқан жобаларын сынға алды

0 478

  Еліміздегі шағын және орта кәсіп иелерін тексеруге бизнестегілер ғана емес, мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов та қарсы шығып отыр. Депутат бүгін қаржы министрлігі мемлекеттік бюджеттің кірісін арттырып, кәсіпкерлерді қолдаудың орнына «шаш ал десе бас алып отырғанын” айтады,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Айтуынша, министрлік түкке тұрғысыз бірнеше пилоттық жобаны енгізіп, кәсіпкерлердің жұмысын одан сайын қиындатып жіберген. Жамалов «қашықтан мониторинг жүргізу» деп аталатын пилоттық жобаны жемқорлықтың жолы деп санайды.

Айтуынша, ешқандай тексеріссіз, қосымша салықтық төлемдерді талап ету – пара талап ету.

Депутаттың пікірінше темекі өнімдері, алкогольді сусындар мен сүт өнімдерін таңбалаудың да қажеті жоқ. Өйткені соның кесірінен тауарлар қымбаттап, кәсіпкердің шығыны артқан. Онсыз да электронды шот- фактурамен жұмыс істейтіндіктен, бұл жобаның түкке керегі жоқ дейді. Аманжан Жамалов осы секілді он шақты тиімсіз жобаны Қаржы министрі бизнестегілермен ақылдаспай, өз бетінше бұйрық шығарып іске асырғанына наразы. Оның пікірінше бюджетке түсімді көбейтеміз деген жауапты министрлік «артық қыламын деп, тыртық қылып отыр”.

“Егер қаржы министрлігі осы жобалар арқылы салықтық түсімді арттырамыз десе, бәрі бекер. Бұл – балығы жоқ көлден балық іздеу секілді құр әурешілік. Қаржы министрлігі президенттің тапсырмасын өздерінің жеке мақсаттарына пайдаланып отырған секілді әсер қалдырады. Ең сорақысы мемлекеттік тапсырма сайып келгенде бизнестегі бюрократияны одан сайын ушықтырып жіберді. Сондықтан, осындай жобаларды тоқтатуды талап етеміз”, – дейді мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов.

Мәжіліс депутатының айтуынша барлық пилоттық жоба, қаржы министрінің тәуелсіз бұйрығымен енгізілген.

«Неге бұлай болып жатыр? Неге пилоттық жобалардың қажеттілігі бизнеспен талқыланбайды? Пилоттық жобалардың идеясы салықтық әкімшілендірудің жаңа цифрлық құралдары мен тетіктерін апробациядан өткізу болды. Алайда іс жүзінде олар Салық кодексін айналып өтіп, салық нормалары мен міндеттемелерін өз бетінше түсіндіруге мүмкіндік берді. Жалпы, Қаржы министрлігі Президент қойған нақты мақсаттар мен міндеттері орнына өз мақсаттарын алмастырып жатқанға ұқсайды. Сонымен қатар, мемлекеттік тапсырмалар іс жүзінде бизнесті мазақ етудің бюрократиялық түріне айналады», – деп қосты Жамалов.

Депутат пилоттық жобалардың іске асырылуы мен тиімділігі туралы толық ақпарат алуды, жаңаларын енгізуді тоқтатуды және бір мезгілде жүргізілетін пилоттық жоба санын шектеуді сұрады. Егер басқаларды іске асыру әлі аяқталмаған болса, жаңа пилоттық жобаларды енгізуге болмайды, деп есептейді мәжіліс депутаты. Сонымен қатар, ол жүргізіліп жатқан пилоттық жобалардың нәтижесі бойынша Салық кодексін жетілдіруге  ұсыныстар енгізуді сұрады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.