Қалалық қоғамдық-саяси газет

Шаңырағы биік шуақты өлке

0 158

«Мерейлі отбасы – 2019» ұлттық байқауы алтыншы рет өтті. Сайыстың нәтижесі бойынша 5 отбасы облыстық байқауға жолдама алды.

Диляра ДАРХАН Суретті түсірген Ю.КИМ

Әрбір отбасындағы құндылықты жаңғыртуға және отбасының жарасымды үлгісін танытып, мәртебесін арттыруға бағытталған байқаудың мағынасы жыл санап артып келеді. Қалалық іріктеуде арнайы комиссияның саралауынан кейін биік тұғырдан көрініп, облыстық байқауға жолдама алған 5 отбасыны қала әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай құттықтады.

– Отбасы – адамзаттың баға жетпес байлығы. «Барлығы отбасынан басталады» деп қазақ тегін айтпаған. Бала тәрбиесі, өмірі – біз үшін өте құнды. «Мерейлі отбасы» байқауының негізгі мақсаты мен мәні осы отбасына байланысты. Бала біздің болашағымыз болғандықтан, жанұя бақыты ең маңызды мәселе, – деді Кенжебек Мамашбайұлы.

Тараздық Зәуірбековтер әулеті – облыстық кезеңге өткен отбасылардың бірі. Жас күнінде қара шаңырақтың келіні атанып, бүгінде асыл әжесіне айналған Саракүл Зәуірбекова 11 ұл мен қыз тәрбиелеп өсірген үлгілі жан. Қазіргі таңда құрсағынан тараған балаларынан 31 немере мен 6 шөбере сүйіп отыр. Қарт ана – қара шаңырақтың қадірі мен бесіктің киесін ұғынып, ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрді аялауды өзінен кейінгіге үйретуді аянбай қолға алған үлгілі ана.

– Ата-бабамыз айтқан қазақтың жөн-жоралғысы қашанда тура. Қазақтың сөз саптауы, ұстанған жолы, ілтипат-ізеті бүгінге жетті. Ырыс пен берекеге бағыттап, тура жолды сілтеген салт-дәстүрді қалай ұстанбайсың? Біздің қара шаңырақта 60 жылға таяған бесік әлі тербеліп тұр. Ұл-қызымнан кейін олардың балалары, одан немерелерім мен шөберелерімді бөледім сол бесікке. Аяулы қыз-келіншектердің бесігі қашанда бос болмасын. Балалы үйде бақыт бар. Бақыттарыңыз арта берсін, – деді Саракүл әжей.

Салтанатты жиын барысында жеке кәсіпкер Жаңабай Ахметов қаладағы 30 көпбалалы отбасыға 10 мың теңгенің сертификатын табыс етті. Шоқ гүлдерін құшағына алған аяулы аналар мен ардақты әкелер осы күні шаңырағы биік шуақты өлкеде шұғыладай жарқырап, мәз-мейрам болып бара жатты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.