Қалалық қоғамдық-саяси газет

Шағын қалалардың шаруасын қалай ширатамыз?

0 83

Облысымыздағы Қаратау, Жаңатас және Шу секілді моноқалаларды дамыту республикалық және жергілікті атқарушы органдардың жіті назарында.

Ел Үкіметі бекіткен кешенді жоспар аясында Қаратау және Жаңатас қалаларын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарларының жобасы Ұлттық экономика министрлігіне жолданған. Бұл туралы облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен моноқалаларды дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте жан-жақты сараланды.
– Қаратау мен Жаңатас қалаларын алдағы уақытта қалай дамытамыз? Олар Үкіметтен қандай жеңілдіктер мен преференциялар алады? Ондағы тұрғындарды қандай мәселелер толғандырады? Сол өзекті мәселелерді жедел шешіп, дамыту жоспарына сәйкес нақты жұмыстар жүргізуге тиіспіз, – деп атап өтті облыс әкімі.
Қаратауда шешімін күткен мәселелер аз емес. Атап айтсақ, жылыту желілерінің 46 пайызы, электр желілерінің 70 пайызы тозған. Кәріз суларын сүзгі мәселесі шешілмеген. Жеке сектор көшелерінің 63 пайызы қанағаттанарлықсыз жағдайда. Шаһар экономикасын ұзақ мерзімді әртараптандыру үшін жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру маңызды.
Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына сәйкес, алдағы бес жылда 93 іс-шараны жүзеге асыру жоспарлануда. Оның 41-і жеке инвестиция есебінен, тағы 52-сі республикалық және жергілікті бюджет есебінен орындалмақ. Нәтижесінде өнеркәсіптік өндіріс көлемін екі есеге арттыру көзделуде. Негізгі капиталға салынған инвестициялар сомасы 39,5 миллиард теңгені, салық түсімдері 570 миллион теңгені құрап, 700-ден астам тұрақты жұмыс орны құрылады деп күтілуде.
Дәл осындай онлайн режимде өткен кеңесте Жаңатас қаласын дамыту жөніндегі мәселелер де қаралды. Басқосуда Сарысу ауданының әкімі Марат Сұлтанғалиев ең бір шешімін күткен өзекті жайттарға назар аудартты. Аудан әкімі алдымен қаладағы жасыл желектер мен көгалдарды суару үшін техникалық сумен қамтамасыз ету мәселесін, автомобиль және көше жолдарын жаңарту, орта жөндеуден өткізу қажеттігін тілге тиек етті.
Аудан басшысы кешенді жоспарды жүзеге асыра отырып, бұл мәселелерді шешуде 2026 жылға қарай айтарлықтай нәтижеге қол жеткізуге болатынына сендірді.
– Алдағы екі-үш жылға арналған нақты жоспармен жұмыс істеуге көңіл бөлген дұрыс. Мысалы, моноқалалардың өсіп келе жатқан халқын жұмыспен, тұрғын үймен, мектептермен қалай қамтамасыз ету керектігін қазірден бастап ойластыру керек. Өзекті мәселелердің бірі саналатын су құбыры, электр және басқа да желілердің тозуы бойынша да көп жұмыс күтіп тұр. Бізге шағын қалаларды дамытуда бірыңғай көзқарас қажет. Басқармалар мен аудан бірлесіп әрекет етуі маңызды. Ең бастысы – жаңа жұмыс орындары ашылып, тұрғындардың тұрмысы түзеліп, әлеуметтік мәселелері шешіліп, жағдайының жақсаруы, – деп түйіндеді Нұржан Нұржігітов.

Құралай Сейсенбекқызы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.