Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сергелдең болған серілер

0 529

Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрында белгілі жазушы-драматург Баққожа Мұқайдың «Сергелдең болған серілер» комедиясының премьерасы өтті. Коронавирус індетінің әлі де толастамай отыруына байланысты, қойылымға 50-ге жуық қана көрермен пандемия талаптарына сай медициналық бетперде тағып қатысуға мүмкіндік алды.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Тоқсан жолдың торабында тағдыры тоғыспай кеткен сүрбойдақтардың жайын күйттеген комедия 80-ші жылдардың басында жазылса да, әлі күнге өзектілігін жоғалтпаған «жаралы» тақырып.

Жалқы ғұмырдан жапа шегіп, жалғыздықтың қамытын кие жүріп те, көк етіктіге көндікпей, көне етіктіні менсінбей жүрген нәзікжандылар мен сырын білмеген сұлуға сезімін білдірер бұрын, сыртынан бақылаймын деп-ақ уақытын оздырып алған сүрбойдақтар жайлы комедия өзекті мәселені ащы мысқыл, астарлы ақиқат арқылы жеткізе білген.

Қойылымдағы қызықты оқиға негізінен үш жігіт пен бір қыздың арасында өрбиді. Сахна артында телефонмен ғана тілдесетін төртінші жігіт пен «кәрі қыз» – Сайраның құрбысы Айжан анда-санда ғана бой көрсетеді. Ақын, ғалым, мақтаншақ ер азаматтардың күлкілі образдары көрерменнің езуіне күлкі үйірді. Мақтаншақ ақын, жасқаншақ ғалым мен мансапқор үш жігіттің пиғылы спектакль соңында ғана белгілі болады. Қойылым соңында басты рөлдегі Сайраның үлкен қызметтегі әкесі жұмыстан босаған кезде жігіттердің бетпердесі ашылады. Жеңгетай құрбысының да арам ниеті мәлім болады.

Комедияда басты рольдердің бірін өз қиялындағы ханзадасын кездестіре алмай, күндерін күрсінумен өткізген Сайра атты қыздың ролін белгілі актриса Индира Мұстафаева ал, Сайра сұлуға таласып жүрген сүрбойдақтардың бейнесін театр әртістері Нұрсұлтан Маханов, Жандар Қырықбаев, Әбу Шоңбаев образдарын өз дәрежесінде ашып, шынайы көрсете білді.

– Біздің театрда «Сергелдең болған серілер» үшінші мәрте қойылып отыр. Әр кезеңде, әр қойылған жылдары, әр қойылған рольдегі әртістер өз кейіпкерін өзіне тән кейіпте, өз өрнегі мен деңгейінде сомдап шығып жүр. Бүгін біз де шама-шарқымызша кейіпкерімізге ат тізгінін бердік. Бағасын көрермендер береді, актердің міндеті тек шынайы жеткізе білу – деді басты ролдің бірін сомдаған әртіс Нұрсұлтан Маханов.

Өз өнерін ортаға салып, көпшілік көзайымына айналған әртістер Жандар Қырықбаев, Әбу Шоңбаев, Руслан Оразалиев пен Ризат Қылышбаевалар өзіне бекітілген бейнені нақышына келтіре орындап, көрерменнің көңілінен шыға білді.

Комедия «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Дәстүр мен ғұрып» арнайы жобасының мақсат-міндеттеріне сәйкес, салт атты, сабау қамшылы жүріп қалудың себеп-салдарына тоқталып, шаңырақ көтеруге желкелері жар бермей жүргендерге жол көрсетіп, жөн сілтеу мақсатында қойылған комедия өз миссиясын лайықты атқарды. Көрерменнің көңілінен шыққан спектакль талайларға ой салды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.