Қала келбеті тек сәнді де сәулетті үйлермен, жасыл желекті саябақтармен өлшенбейді. Күн сайын көркейіп келе жатқан Тараздың ажары оның тазалығына да байланысты. Ал тазалыққа тек әкімшілік қана жауапты емес.

Арайлым Бақытжанқызы

Әне-міне дегенше қала аумағында абаттандыру және санитарлық тазалықты реттеу бойынша күзгі екі айлық та аяқталды. Екі айда 8 сенбілік ұйымдастырылып, 1057 тонна қоқыс шығарылды. Апта айналмай қаланың көшелерімен жүріп өтсеңіз, діттеген орнына жетпеген қоқыс толы пакеттер, шашылған пластикалық, шыны бөтелкелер, тағысын тағы. Ал мөлтек аудандардың жайын айтпасаң да түсінікті. Біздер айналып келіп кінәліні іздейміз. «Әкімшілік қайда қарап отыр, неге қоқыс шығарылмайды?» деген сынды түрлі жағымсыз пікірлерді үйде отырып айтуға машықтанғанбыз. Ал ол аулада, ол көшеде сіздер тұрасыздар. Қоқысты да орнына тастамайтын, айналаны шашатын сіздер емес пе? Қала бойынша ұйымдастырылған сенбілікке отбасыңызбен бір рет болсын шықтыңыз ба?
Тазалық табалдырықтан басталады. Ауланы ретке келтіру, оны ұқыпты ұстау – санитарлық талап қана емес, мәдениет пен талғамның белгісі. Олай болса, тазалықты әрқайсымыз өз ауламыздан бастайық. Бала-шағамызға туған жердің қадір-қасиетін сезіндіре отырып, қоршаған ортаны ластамауға, көкті жұлмауға, ағашты кеспеуге, көшеге күл-қоқыс тастамауға тәрбиелейік. Әр сенбі күні сенбілік ұйымдастырып, көршілерімізді, туған-туыстарымызды, жастарды игі іске жұмылдыра білейік. Көшедегі қоқыс – санадағы қоқыстың көрінісі. Сана тазармай, қала тазармайды.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған