Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сапалы маманға сұраныс жоғары

0 180

Өткен жылдан бастап аймақта орта арнаулы білім мекемелері атқарған жұмыстарының қорытындысын көпшілік назарына ұсынып келеді.

Толғанай АТАБАЙ

Ал бұл бастама кез келген білім ордасының халық алдындағы жауапкершілігін арттырып, студенттер арасындағы беделін биіктетері анық.
Осы мақсатта облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамаловтың төрағалық етуімен өткен жиында Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің директоры Жанар Орынбаева былтырғы жылы білім ордасындағы атқарған жұмыстарын баяндады. Өткен оқу жылының басты жаңалығы аталмыш колледж бен Тараз химия-технологиялық колледжінің қосылып, қайта ұйымдастырылуы болды. Биылғы оқу жылында мұнда 34 мамандық бойынша 3454 студент білім алуда.


– Елімізде білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 77 қадамын орындау барысы бойынша колледж үздік ондыққа еніп отыр. 2018 жылы материалдық-техникалық базаны жаңартуға және «АPEC Petro Technic» жоғары колледжінің тәжірибесі негізінде колледждің базасында құзіреттілік орталықтарын құруға облыс әкімінің тікелей қолдауымен жергілікті бюджеттен 250 млн теңге бөлінді. Бұл колледж тарихында материалдық базаны дамытуға бөлінген ең қомақты қаржы. Аталған қаражат есебінен «Химиялық технология және өндіріс», «Электр және электромеханикалық жабдықтарды техникалық пайдалану, жөндеу және қызмет көрсету», «Ғимараттар мен құрылымдарды салу және пайдалану», «Ақпараттық жүйелер» мамандықтарының оқу шеберханалары және зертханалары қайта жасақталды. Облыста бірінші рет 8 құзірет бойынша құзіреттілік орталығы құрылды, – дейді Жанар Рымбекқызы.


Қазіргі таңда мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту аясында колледждің материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмыс берушілердің қаражатын тарту тетіктері зерделеніп, құзіреттілік орталықтарын ашу жоспарлануда. «Қазфосфат» ЖШС, «Жамбыл-Жылу» ЖШС, «Энерджи-Тараз» ЖШС кәсіпорындарының базасында құрылған оқу кабинеттерінде дуальдік оқыту барысында тәжірибелік сабақтарда жиі жүргізіледі.


Өткен жылы кәсіптік даярлық деңгейін бағалау және біліктілікті беру сынақтарына қатысқан 474 түлектің орташа балы 80 пайызды құраған. Білім беру қызметінің соңғы нәтижесі болып табылатын түлектердің жұмыспен жалпы қамтылуы – 83 пайыз болса, мамандық бойынша жұмысқа орналасуы – 59 пайызды құрап отыр.


– Былтыр Финляндия мемлекетінің Оңтүстік Саво ESEDU кәсіптік колледжімен ТжКБ мамандықтары бойынша білім беру бағдарламаларын жасау және сапасын жоғарылату, тәжірибе алмасу, WorldSkills халықаралық жобасын дамыту аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Дуальді оқыту бойынша 63 мекемемен, оның ішінде индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында индустрияландыру картасына енген «Қазфосфат» ЖШС, «Жамбыл-Гипс» АҚ, «Амангелді ГАЗ» ЖШС кәсіпорындарымен өзара әріптестік туралы келісім-шарттар жасалды. Аталмыш жүйе бойынша тәжірибеден өту барысында «ГИС», «ЖЭС», «Полиэтилен-Агро» ЖШС 12 студентке, ал «Қазфосфат» ЖШС – 8 студентке жұмыс орнын ұсынып, 25-80 мың көлемінде жалақымен қамтамасыз етті, – дейді колледж директоры.


Негізгі бөлімнен соң аталмыш жоғары колледждің стратегиялық серіктестері «Қазфосфат» ЖШС, «Энерджи-Тараз», «ГИС», «Альяда Group» компаниясының өкілдері студенттердің өндірістік тәжірибеден өту барысындағы біліктілігін айтып, екі тарап арасындағы ымыраластықтың одан ары арта түсетіндігін жеткізді. Есепті жиын соңында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Салқанұлы колледж жұмысына оң бағасын беріп, алдағы атқарылатын міндеттер бойынша бірқатар ұсыныстарды ортаға салды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.