Қалалық қоғамдық-саяси газет

Санақшылардың қолында неліктен 2020 жылғы атрибутика?

0 350

1 қазаннан бастап Халық санағының аясында интервьюерлер үйлерді жаппай аралауға көшті. Негізгі мақсат – онлайн санақтан өтпегендерді қамту. Қазіргі уақытта тұрғындардан неліктен санақшылардың қолданатын шарфы, сөмкесі мен құжаттарында «2020 жыл» деп көрсетіліп тұрғаны туралы сауалдар келіп түсуде.

Ескерте кететін жайт, әлемді жайлаған пандемияға байланысты халық санағын 2020 жылдан 2021 жылға шегеру туралы шешім қабылданған болатын. Ал маңызды шараға дайындық 2018 жылдан басталған. Оның аясында шараның әдістемесі әзірленіп, бекітілді. Қажетті электрондық жүйелер жетілдіріліп, санаққа қажетті құралдардың көлемі (оның ішінде атрибутика) анықталып, бөлінген бюджет негізінде сатып алу шаралары жүргізілген.
Қолданыстағы логотип бедерленген көк түсті шарфтар, куәліктер, жадынамалар 2020 жылы, санақты шегеру туралы шешім шығарылғанға дейін сатып алынды. Шара аясында үйлерді аралауға шығатын интервьюерлердің атрибутикасын қосымша шығын шығармай, қалдыру туралы шешім қабылданды.
Айта кетейік, пандемияға байланысты шегерілген халықаралық шаралар да символикасында 2020 жылды қолданған болатын. Мәселен, биыл өткен Токио жазғы Олимпиадасы «Tokyo-2020», футболдан Еуропа біріншілігі «Euro-2020» атауымен өткені белгілі.
Интервьюер туралы мәліметті тексеру мүмкіндігі бар екенін еске саламыз. Куәлікте аумақтық статистика департаменті басшысының қолымен және мөрімен расталған интервьюердің фотосуреті, толық аты-жөні болады. Куәліктің жоғарғы жағында тіркеу нөмірі көрсетіледі. Бұл нөмірді sanaq.gov.kz сайтында «Интервьюерді іздеу» жолағына енгізуге болады, содан кейін сайтта интервьюердің деректері көрсетіледі. Сондай-ақ интервьюердің жеке басын «1446» нөміріне қоңырау шалу арқылы да тексеруге болады. Қазақстанда әркім маңызды!

Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.