Қалалық қоғамдық-саяси газет

Санақ «салмағы»

0 612

Дәл қазір елімізде жалпыұлттық халық санағы өтіп жатыр. Бірінші кезеңдегі онлайн санақта өңір халқы науқанға белсенді қатысуға ынталы екенін аңғартты. Сонымен 4 қазандағы есеп бойынша облыста онлайн санақтан 506 100 адам, яғни халықтың 44,1 пайызы өткен. Ал қала бойынша бұл көрсеткіш 40 пайызды құрап отыр. Қазан айынан бастап интервьюерлер үй-үйді аралап, тұрғындарды офлайн түрде халық санағынан өткізуге кірісті.

Бұған дейін маусым айында халық санағының бірінші кезеңі бойынша статистика департаментінің тарапынан тұрғын үйлердің және үй-жайлардың тізімі жасалды. Соған сәйкес интервьюерлер көше аттарын, үй нөмірлерін нақтылау бойынша ауқымды жұмыс жүргізді. Осы тұста санақ сұрақтарына жауап берудің бірнеше әдісі қаралды. Яғни азаматтар мамандандырылған sanaq.gov.kz сайты, egov.kz порталы және «Aitu Messenger» отандық мобильді қосымшасын қолдану арқылы санаққа қатысуда. Бүгінде қала тұрғындарының 40 пайызы санақтан сайт арқылы өткен. Енді қазан айынан тұрғындарды жүз пайыз санақтан өткізу мақсатында үй аралау кезеңі басталды. Бұл жұмыстарға облыста санақ персоналы ретінде жұмылдырылғандар бар. Олар 272 мың тұрғын үй және тұрғын емес үй-жайларды аралайды. Санақ сұрақтарына онлайн режимде жауап берген кез келген азаматқа санақтан өткені туралы хабарлама келеді. Интервьюер бір үйдегі барлық отбасы мүшелерінің санақтан өткеніне көз жеткізгеннен кейін өз учаскесіндегі келесі мекенжайға ат басын бұрады. Дәстүрлі түрде үйме-үй барып ұйымдастырылатын санақтың жалпы сипаты осындай.

Интервьюерді қалай танимыз?

Санақтың дәстүрлі әдісі бойынша интервьюерлер әр үйге жеке-жеке барады дедік. Оларда халық санағының таңбасы белгіленген көк түсті шарф пен портфель болады. Сондай-ақ әрбір интервьюер фотосуреті мен тегі, аты, әкесінің аты, жеке куәліктің берілген күні мен қолдану мерзімімен қатар, аумақтық статистика департаментінің мөрі мен қолтаңбасы таңбаланған қызметтік куәлікті ұсынуы қажет. Куәліктің жоғары бөлігінде тіркеу нөмірі көрсетіледі. Бұл нөмірді sanaq.gov.kz сайтындағы «интервьюерді іздеу» жолына енгізуге болады. Осылайша интервьюердің деректері сайттан жарқырап шыға келеді. Санақшылар туралы деректі 1446 жедел желісі арқылы да тексеруге болады. Егер үйге келген тұлғаның дерегі табылмаса, бірден статистика департаментіне немесе полицияға хабарлау керек. Бүгінде жеке басының мәліметтерін айтуға үрейленетіндер де жоқ емес. Әйтсе де, облыстық статистика департаментінің басшылығы азаматтардың дерегі таралып кетпеуіне кепілдік беретінін ескертуде. Себебі интервьюерлер ҚР азаматы жайында мәліметті ашық тарататын болса, үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл статистика департаментінің мамандарына да қатысты.

«Санаға сыймайтын» сұрақтардың түсінігі

Санақта 91 сұрақ бар. Бірақ іс жүзінде әр адам орта есеппен 50 сұраққа ғана жауап береді. Кейбір сұрақтар бойынша деректер egov.kz сайтынан ЖСН бойынша жүктеледі, жекелеген сұрақтар тек белгілі бір санаттар бойынша қойылады. Биыл сұрақтар саны қоғамдағы ахуалға байланысты артқан. Санақ нәтижелері қоғамдағы он жылда болған өзгерістерді толық бағалауға септігін тигізеді. Себебі санақтың бір басымдығы халықтың әлеуметтік ахуалын зерттеуге бағытталған. Сол үшін де сайтта тұрғылықты үйдің қай жылы бой көтергені, қабырғасы қандай материалдан екені, ауданы мен бөлмесі де сұралады. Бұл мемлекеттің иесіз, тозығы жеткен және зақымдалған ғимараттардың есебін жүргізу үшін қажет. Бұл да дүниежүзілік практикада бар нәрсе. Демек, халықаралық стандарттарға сай. «Санаға сыймайтын» сұрақтар дегеніміз атқарушы билік тарапынан әбден зерттеліп, мамандар сүзгіден өткізгеннен кейін бекітілген. Иә, санақтағы сұрақтар бойынша әлеуметтік желіде пікір жазып жатқандар аз емес. Бірақ санақ барысында сұралған мәліметтердің пайдасы орасан. Кейін осы сауалдар бойынша тиісті органдарға, әкімдікке, мекемелерге тапсырма беріледі. Осылайша бір алқапта құлағы ауыр еститін немесе көзі нашар көретіндер болса, сол маңдағы ауруханада окулист, ЛОР мамандарының болуы назарға алынады.

Еріктілер еріккеннен жүрген жоқ

Осы тұста біз де статистика департаментіне барып, интервьюерлермен үй аралауға шыққан едік. Қуанышымызға орай, жетінші округтің интервьюерлерін бақылап отырған инспектор-бақылаушысы Азамат Намелбек бізбен үй аралауға келісті. Сонымен қала орталығындағы тұрғындар сөзге келместен бізді жылы қарсы алып, санақтан өтіп жатты. Оның ішінде санақтан толық өтіп қойғандар анықтамасын берді. Азамат Намелбек негізі Тараз қалалық еріктілер қозғалысының президенті. Ол

Ұлттық санақты ұйымдастыруға қолғабыс етуге бел буған. Біз Азаматтың тұрғындармен сұхбаттасқанына қарап-ақ жұмысына аса жауапкершілікпен қарайтынын білдік. Ол әр үйге барғанда: «Қайырлы күн! Біз Жамбыл облысы статистика департаментінің халық санағы бойынша қызметкеріміз. Сіздер онлайн түрде халық санағынан өттіңіздер ме? Өтпесеңіздер, бізге халық санағынан өткізуге рұқсат етіңіздер», – деп жөнін айтады. Кейін ол дәл осы қарқынмен жұмысын жалғастыра берді. ҚР «Статистика туралы» Заңына сәйкес еліміздің әр азаматы санаққа қатысуға міндетті. Бірақ қыркүйек айындағы санақта отбасын ескермей, жеке-дара өткен азаматтар да болған. Енді олар отбасы мүшелерімен бірге қазан айының он бесіне дейін қайта санақтан өтуі тиіс. Бүгінде интервьюерлердің онлайн санақ бойынша үй-үйді аралап жүргеніне көп болмаса да, келеңсіздікке қарсы келіп жатқаны жасырын емес. Бұл туралы Жамбыл облысы бойынша статистика департаментінің басшысы Ерназар Құлтаевтың да айтары бар екен.

– Ұлттық халық санағында тұрғындарға мейлінше оңтайлы жағдай жасалуда деп айтуға болады. Бірақ әлі де болса санақтың маңыздылығын ескермейтіндер бар. Тіпті біздің жастарға мұрын шүйіре қарап, дауыс көтеретіндер көп. Санақ барысында тұрғындардың дөрекі жауап қайтаруы қаракөз қыздарымыз үшін де қиын. Бұл, әрине, кейбір азаматтардың жауапсыздығын көрсетіп тұр. Негізі «санақтан өтпеймін» деп түбегейлі қарсы болғандарға айыппұл салуға тиісті органдардың әлеуеті жетеді. Бірақ біз әлі де тұрғындардың жағдайына мән бере отырып, Қазақстан Республикасының азаматы ретінде санақтан өтетініне сенім білдіріп жатырмыз. Кез келген азамат ауылда, шалғайда, тіпті тауда жүрсе де, науқаннан қалыс қалмауы тиіс. Біз бұл бойынша аудандық статистика басқармаларының қызметкерлерімен кездесіп, санақта әр адам маңызды екенін қосымша түсіндірдік. Ал Тараз қаласының тұрғындары үшін санақтан өтуге ешқандай қиындық жоқ.

Еліміз тәуелсіздігін жариялаған тұстан бері халық санағы 1999, 2009 жылдары өтті. Соған сәйкес мерзім бойынша Ұлттық санақ былтыр ұйымдастырылуы керек болған. Бірақ пандемияға байланысты бір жылға кейінге шегеруге тура келді. Санақшылардың шарфы, сөмкесі мен құжаттарында сол үшін «2020 жыл» деп жазылған. Яғни аталған заттар санақты уақытша кейінге қалдыру туралы шешім шықпай тұрып сатып алынған, – дейді Ерназар Сейтханұлы.

Департамент басшысының дабыл қағатындай жөні бар. Әрине, интервьюерлерге санақтан өткізген әр азамат үшін мемлекет тарапынан еңбекақы төленеді. Бұдан бөлек, облыс әкімінің тапсырмасымен сайлаушылар қоғамдық көлікте тегін қатынайды. Бірақ Ұлттық санаққа қолдау көрсетіп, үй аралап жүрген жастардың жұмысы оңай емес. Біз бұған өзіміз бірнеше үйді аралап, бақылағанда көз жеткіздік. Бүгінде интервьюерлер қатарына Dulaty университетінен – 188, Халықаралық Тараз инновациялық институтынан – 86, «Жас Отаннан» – 29, сондай-ақ Жастар ресурстық орталығынан 8 ерікті тартылған. Бірақ соған қарамастан санақшылардың тапшылығы туындап отыр. Енді Ұлттық санаққа атүсті қарайтындар еркімен кетсе, еріктілердің қатары тіпті азайып, жығылғанға жұдырық болмаса дейміз. Осы мәселені басты назарға алған облыстық статистика департаменті азаматтарды онжылдықтың ең маңызды науқанына белсенді қатысуға шақыруда.

Сәндібек ПІРЕНОВ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.