Әне-міне дегенше мектеп бітіруші түлектер үшін соңғы қоңырау соғылмақ. Мектеп қабырғасынан ұзап, жас көңілдің Алатаудай арманы алға жетелеп, 11 жыл бойы білім нәрімен сусындатқан ұстаздарымен, тай-құлындай тебісіп өскен сыныптастарымен қош айтысып, түлектердің дөнен-көңілі көкжиекке ұмтылар тұс та келіп жетті. Алда асқақ арман, үкілі үміт күтіп тұр. Мектеп бітіруші түлектің ата-анасы үшін де ең жауапты кезең енді басталады. Көкейде сұрақ көп.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ, Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Әсіресе, кім қайда барады, нендей оқуға түседі? Бұл – осы күннің ең басты сауалы. Өйткені енді ғана 11-сыныпты тәмамдаған әр оқушы ересек әлемге ұмтылып, әрқайсысы өз бетімен болашаққа қадам баспақ. Сол асқақ арманның тілекшісіндей, үкілі үміттің үзігіндей болып, ақ дастарқан жайылып, ақжарма тілектер айтылып, қоштасу кешіне дайындық та басталды.

Әр отбасы әке-шеше, ата-әжесімен бірге толқып, перзентінің лезде ержетіп, жаңа өмірге қадам басатынына алаңдаулы. Бірі тұңғышының, енді бірі сүт кенжесінің қуанышын әспеттеп әлек. Бұл сәтте қай ата-ана болмасын көз қуанышының есейгеніне ерекше толқып жүр. Қас қағым сәтте өте шыққан 11 жылдың өтеуіне мектеппен қоштасудың құрметіне өтетін кештің ұл-қызының көңілінен шығуы үшін атсалысады. Алайда мектеп бітірушілер кеші қалтаға салмақ салатыны да ойланарлық жағдай. Осы мәселені ақылға салып, амалын тауып, артық шығыннан құтылудың жолы бар ма?

Нағыз кештің жауапты сәтіне орай, ханшайым мен ханзададай сән түзеген мектеп бітірушінің кеш алдында серуендейтін кортежі, банкет, фотосессия, бейнетаспа жалдау сияқты керек-жарақтың барлығы қаражатқа келіп тірелетіні тағы анық. Әр ата-ананың ойында «баламды ешкімнен кем етпеймін» деген түсінік тұрса, әр баланың жүрегінде «мен ешкімнен кем болмауым тиіс» деген ой жатыр. Қазақ мұндайда «Ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң, талтаңда» деп бір ауыз сөзбен дөп басып айтып кеткен. Бес саусақтың әртүрлілігі сияқты мектеп бітіруші түлектердің де бәрі бірдей төрт түлігі сай еместігі тағы бар. Бірі көпбалалы отбасынан болса, енді бірі жалғызбасты анасының табысына қарап отырған болуы да мүмкін. Бірақ бұл күні қай ата-ана болмасын баласы үшін аянып қалмақ емес. Ал күні бүгін әлеуметтік желілерде белең алған түрлі алып-қашпа сөз: «қала мектептерінде ақша жиналып жатыр», «мектеп түлектерінің бітіру кешіне қомақты қаражат қажет» немесе «сынып ішін сырлап, әрлеуге оқушылардан ақша жиналады» деген сынды түрлі рас-өтірігі аралас пікірлердің белең алып кетуі несі?! Бұл қауесетті кім таратып жүр? Бірақ бір қызығы бұл қауесетті әлеуметтік желіде таратушылардың нақты аты-жөні белгісіз. Яғни фейктердің таратып отырғаны анықталған. Осы мәселелердің түйінін шешу мақсатында №53 орта мектепте қалалық білім бөлімінің басшылығы, қала мектептерінің директорлары, ата-аналар комитеттерінің төрағалары мен мүшелерінің қатысуымен шұғыл жиналыс өткізген болатын. Жиын барысында білім бөлімінің басшысы Мүбәрак Жинақбаева осы орайда көптеген мәселелерге тоқталып, көпшіліктің талқысына салған еді.

– Ұстаздар мен мектеп директорлары ата-аналардан қаражат жинауға тыйым салынғаны туралы құжатқа қол қойып, бұл жағдаймен жіті таныс. Ешкімді мәжбүрлеп қаражат жинауға мүлде болмайтыны айдан анық. 60 мектепте 71 мың оқушы білім алса, балабақшада 19 мың бала тәрбиеленуде. Білім беру саласында 15 мың маман қызмет етіп жүр. Ал мектепте жиналатын қаражат мәселесіне байланысты жазылған шағым-хаттар осы білім саласында адал еңбек етіп жүрген барлық қызметкерге көлеңкесін түсіріп, ыңғайсыздық туғызып жатқаны анық, – деді.

Жиында мектеп директорлары мен ата-аналар комитетінен сөз алғандардың барлығы бірауыздан ата-анадан ақша талап етуге ешкімнің құқы жоқ екенін тілге тиек етті. Осы орайда мектеп бітіру кешіне жиналатын қаражат естен тандырардай емес, ақылға қонымды болуы қажеттігі туралы да кеңінен айтылып, талқыланған.
Қаражат жинау мәселесімен қатар, мектеп бітіру кешіне арналған банкет туралы да аз айтылмады. Осы орайда сөз алған облыстық ата-аналар кеңесінің төрайымы Эльмира Мырза-Ғали мейрамханада өтетін банкеттерге қыруар қаражаттың жұмсалатынын айта келіп: «Бітіру кешіне ғұмырында бір-ақ рет киюі мүмкін көйлектердің құны 100 мыңнан 600 мың теңге аралығында. Ал баласының көңілі үшін мұндай жағдайда ата-аналар бәріне дайын. Осындай шараны мектеп қабырғасында өткізіп, ән салып, би билеп, сурет салып, театрландырылған көрініс қойып, әр түлек өз бойындағы ерекше талантын танытса да кештің қызықты өтетіні анық. Шет мемлекеттерде бұл жақсы дамыған үрдіс. Балалар ата-аналармен бірге мәре-сәре болып, ал жиналған қаражатты мұқтаж адамдарға аударып немесе қайырымдылыққа жұмсаса да құба-құп емес пе?», – деген еді.

Игілікті істің ерте-кеші жоқ. Жиынның соңында нәтиже шығарған Тараздың мектеп оқушылары жылылыққа зәру жүректерге қамқорлық қолын созу мақсатында жыл сайынғы дәстүрлі мектеп бітіру кештерінен бас тартып, оған жұмсайтын қаражатты қайырымдылыққа жаратпақ. Әлемдегі әрбір адам мейірімге құштар. Қаншама жүрек жылылыққа зәру. Еліміздің ертеңі деп сенім артқан оқушылардың мұндай бастамаларына көңіл сүйсініп, марқайып қалдық. Бұл – көпке үлгі, жас буынның ізгілікке деген игі ұмтылысы.

Аталмыш акцияны Мәншүк Мәметова атындағы №27 орта мектептің оқушылары бастады. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинованың Үкімет отырысында мектеп бітіру кештерін өткізу туралы: «Біз мектеп бітіру кештерін мектеп қабырғасында, тек мектептің аумағында ғана еш артықшылықсыз өткізуді ұсынамыз және солай өткізу дұрыс деп есептейміз. Артық басқосулар мен қымбат көйлектер ешкімге қажет емес», – деген сөзін түсіндіру барысында оқушылар тарапынан қайырымдылық жөнінде ұсыныс түскен.

– Биылғы түлектеріміз 11 «А» сынып оқушылары мектеп бітіру кешін сəн-салтанатпен өткізуден бас тартты. Оның орнына денсаулығына байланысты үйде оқытылатын мүмкіндігі шектеулі оқушыларға қайырымдылық жасаймыз деп шешті. Бұл біздің түлектеріміздің бойында қазіргі қоғамға қажетті адамгершілік, мейірімділік, қайырымдылық, жанашырлық бар екенін көрсетті. Əрине, бұл – біз үшін үлкен жетістік. Сондықтан да түлектерімізге алғыс айта отырып, сəтті сапар тілейміз, – деді мектеп басшысы.

Оқушылардың бұл ниетін ұстаздар ғаламторда жариялап, жақсы жаңалықтың жаршысы болды.

Шаһардағы Ғани Мұратбаев атындағы №17 орта мектеп, №11 орта мектеп және Юрий Гагарин атындағы №29 мектептің оқушылары бұл игі істі жалғастырмақ ниетті. Әлеуметтік желіде үндеу арқылы қатарластарына ізгі ой тастаған №17 орта мектептің оқушылары Назерке Оңғарова мен Ефтихар Есеналиев қайырымдылықтың тек өзгелер үшін ғана емес, ата-аналары үшін де пайдасы мол екенін алға тартады.

– Рамазан айында қайырымдылық жасауды, яғни денсаулығына байланысты біздің мектепте үйде оқытылатын мүмкіндігі шектеулі 9 оқушыға көмек көрсетуді жоспарладық. Сонымен қоса бұл әрекетіміз ата-анамыздың үлкен еңбекпен тапқан қаржысын ысырап етпеуге үйретеді. Бұл ұсыныс қаншама мектеп бітірушілердің лимузиндермен, қымбат көліктермен жарысуын тоқтатып, өмір қауіпсіздігін сақтауға ықпал етеді деп ойлаймыз, – дейді оқушылар.

Өмірдің даңғыл жолына қадам басқалы отырған жас өрендердің бастамасы адамгершілік тұрғысынан үлкен мақтауға лайық. Шаһардың өзге білім ошақтары да күні ертең қанат қаққалы отырған өрендерден үлгі алады деп сенеміз.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған