Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ржев иініндегі жанталас

0 232

Жер үстіндегі қасіретті, қаһарлы күндер Ұлы Отан соғысы жылдарында өткені бізге белгілі. Тарих қойнауында қалған зұлмат замандағы оқиғалар Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін де тың деректермен толықты. Мәселен, Ржев-Вязьма иініндегі 1941 жылдың соңында басталып, 1943 жылдың наурызына дейін созылған соғыс жайындағы деректер көпке дейін айтылмады.

Сәндібек Піренов

Алапат соғыстың ақиқаты

Деректерге сүйенсек, майданда екі жарым миллионнан астам адам қаза тапса, соның бір миллионы Кеңес әскерінің жауынгерлері екен. Ржевтегі соғыс көпке дейін халық аузында «еттартқыш» (мясорубка), «қолбасшы қателігі» деп айтылып, тек 2007 жылы ғана аталмыш қалаға «Әскери даңқ қаласы» деген атақ берілген. Жеңіс жолында шешуші рөл атқарған ұрыс алаңына отыздан астам әскер кіріп, бес майдан даласының астан-кестеңі шыққан. Кескілескен соғыста Ржев азат етілгенде, 20 мың халықтан 200-дей адам тірі қалғаны белгілі болған. Рас, бейбіт елдің жаудың құрбанына айналуы тектен-тек емес. Ржев-Вязьма бағытындағы соғыстың стратегиялық мақсаты бөлек болған. Кеңес әскеріне артылған тапсырма бойынша осы майданда кері шегінбей, қаланы азат етіп, тегеурін көрсету еді. Тарихи деректерде бұл соғыстың маңызына дәлел болатын оқиғалар бар. Мәселен, И.Сталин соғыс жылдарында тек бір майданда, яғни Ржев қаласында болған екен. Сондай-ақ Ұлыбританияның премьер-министрі Черчилль қала жау құрсауынан босағанда, Сталинге құттықтау хат жолдапты.

Неміс басқыншылары мен Кеңес әскері үшін Ржев қаласында бекінудің маңызы жоғары болды. Себебі Мәскеу түбінен шегінген неміс әскеріне тынығып, қайта ұрысқа шығу арқылы оңай олжаға кенелуден артық кесім болмады. Жоғарыдан келген бұйрық – сол. Мәскеу маңындағы Тверьді жаудан босатып, қарсы соғысқа шығатын тұста кеңестік әскер Мәскеудің Смоленск жағынан басып қалғысы келген жаудың тегеурініне қарсы тосқауыл құрды. Сонымен екі облыс арасындағы шепті күзеткендердің міндеті екі есе артқан. Жанталастың соңында неміс жауынгерлері қарсы ұрысқа шыққан Қызыл әскерге төтеп бере алмай, амалсыз шегінген. Сол ұрыстан кейін-ақ жау жағы Мәскеуден жүз шақырымға дейін ығысқан.
Бәрі де жеңіс үшін!

Ржев иінінде үлкен маңызға ие болған үш операция «Марс», «Уран» және «Сатурн» деп аталды. Мақсат – аталған төрт бағытта шабуылдап, толықтай жеңіске жетіп, жауды ығыстыру. Сонымен Кеңес әскерінің тегеурінінен хабардар болған неміс басқыншылары қосымша әскер күшін жібереді. Иә, жау жағы жиылып бірден бас салса, «Марс» операциясына қатер төніп, көп қан төгілетінін болжаған Кеңес әскері бірден шабуылға көшкен. Шепті алдын ала бұзу үшін Калинин майданының қолбасшысына жауды күтпей, шабуылға шығу міндеті жүктеледі. 10-12 күнге жоспарланған әскери қимыл іс жүзінде одан көпке созылған. Арнайы операциялардың маңызына байланысты стратегия бірнеше рет өзгерген. Сталинград түбінде қоршауда қалған неміс әскері қорғаныс шебінде қосымша күшті күтуге мәжбүр болған. Кеңес әскерінің ендігі қимылы сол қорғанысты бұзу болды. Шабуылға шыққан күні-ақ жау қорғанысының іргесі сөгіле бастаған. Бірақ жау жағы қосымша күшпен толыққанда, Қызыл әскер тағы да қорғанысқа көшеді. Азық-түлік, оқ-дәрі тапшылығына қарамастан, жауынгерлер табандылық танытады. Ақырында Ржев түбіндегі шайқас Кеңес әскерінің пайдасына шешіліп, жау ығысады. Енді Мәскеуге төнген қауіп сейілді. «Марс» операция-сы осымен аяқталады.

Бір миллионға жуық Кеңес әскері құрбан болған майданда қазақ жауынгерлерінен құралған екі бригада болған. Ржев иінінде қазақстандықтардан жасақталған сарбаздар құрамы 100-ші және 101-ші атқыштар бригадасында жауға тойтарыс берген. Қос бригаданың 80 пайызы майданда қаза тапқан. Сол үшін де осы қанды оқиғаның қазақ халқы үшін маңызы жоғары. Елбасы Н.Назарбаев та тарихи соғыста қаза тапқан қазақ батырларына Ржев қаласында мемориал орнатуға тапсырма беріп, жұмыс нәтижелі аяқталған. Сөйтіп, гранит тақта тасқа қос бригаданың құрамында соғысқан он мыңға жуық қазақстандық жауынгердің есімі жазылыпты. Ол тізімді анықтау да оңай болмады. Бірақ кешегі батыр бабаларға тағзым ету ортақ міндет екенін білетін топ тарихи қалаға таңба қалдыруды парыз санаған. Бұдан бұрын Ресейде тарихи оқиғаларды зерттеуге және майдангерлерді іздестіруге ерікті топтар атсалысты. Нәтижесінде майдан даласынан 20 жылда 40 мың Кеңес әскерінің сүйегі табылыпты.
Елі үшін туған ер еді…

Соғысқа «Отан үшін» деп аттанған майдангерлер аз болмады. Соның бірі –жамбылдық Сәлем Смайылұлы. Ерте жастан отау құрған ол жалғыз тұяғы Жақсылықтың ержетіп, ұрпақ өрбітетінін іштей сезген де шығар, бәлкім. Ржев жеріндегі қанды оқиғаның ақиқаты көпке дейін ашылмаса да, Жақсылық Сәлемұлы бір жаңалықтың жететініне іштей сенетін. Көп жылдан бері әкесі жайында деректер іздегенімен, нәтиже шықпаған. Сонымен уақыт өте Жақсылықтың өмір бойы іздеген әкесі туралы дерек Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында табылған. Тың мәліметтерде Сәлем Смайылұлының 100-ші дербес атқыштар бригадасының құрамында жауға қарсы ұрысқа шығып, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталғаны жазылған. Бірақ тоқтаусыз кескілескен майданда батыр жау қолынан қаза болған.

Қарттық таяса да, майдангер перзентінің көз алдында жас жауынгердің бейнесі елестейді. Ол әкесі Сәлем Смайылұлын сағынғанда, ескі суретін кеудесіне басып жұбанады. Тәубе, бүгінде батырдың ұрпағы сан салада жемісті еңбек етіп жүр. Сәлем Смайылұлының баласы Жақсылық та ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып отыр.

– Өзін көзі тірісінде көру бұйырмаса да, әкемді өмір бойы іздедім. Бір дерегін табармын деп үміттендім. Ақыры 68 жылдан кейін әкемді таптым. Тапқанда да әкем жерленген жерді білдім. Кезінде ажал апанына айналған Ржевте жерленіпті. Бардым. Барғанда да, Елбасының бастамасымен Жеңістің 65 жылдық мерекесі қарсаңында аға ұрпақ ерлігін насихаттау үшін қазақ еліне «Нұр Отан» мен Ресейден «Единая Россия» партиялары бірлесіп ұйымдастырған «Жеңіс пойызы» құрамында Ржев қаласында болғаным бар. Сонда Президентіміздің тапсырмасына орай Ржев қаласында 100-ші және 101-ші дербес атқыштар бригадасындағы жауынгерлерге арналған мемориал орнатылды. Мемориал ұзындығы 30 метрге жуық қабырға үлгісінде жасалған. Қазақ елінің картасы бейнеленіп, ондағы гранит тақтада екі бригада құрамында соғысқан 10 мыңға жуық қазақстандықтың аты жазылған. Әрине, арасынан әкемнің аты-жөнін іздей бастадым. Тақтаның алдында ұзақ телміріп тұрдым. Ақыры таптым-ау. Сол сәтте көзіме жас келді. Мәңгілік сағыныштың табы шығар. Ауылдан ала шыққан туған жердің бір уыс топырағын әкемнің аты жазылған тұстағы мемориалға қойдым. Ол жақтың да бір уыс топырағын ауылдағы зиратқа барып, әкемнің қойнына салуды да ұмытпадым. Ұзақ жылдардан кейін әкемді тапқан өзімді бақытты жанға балаймын, – деп еске алады майдангердің перзенті Жақсылық Сәлемұлы.

Рас, 1942 жылы небары жиырма жасында дүниеден өткен әкесін сарғайған суреттен ғана көріп, қартайған шағына дейін бір дерек табылып қалар деп сенген Жақсылықтың өмірі көпке үлгі. Батыл азаматтың бала кезінде әкесі жайында қалған тағы бір естелігі – майдан даласынан жеткен хат еді. Сәлем Смайылұлының «Ерлігі үшін» медалімен марапатталғанын бүкіл ауыл естіп, аудан басшылығы той жасаған екен. Артынша аудан тұрғындары киім-кешек жиып, «арнайы Сәлемге» деп вагонға артып жіберіпті. Сол кезеңдерде батырдың ерен ерлігіне тәнті болған командирлер Сәлемге бір айға ауылға демалып келуге рұқсатын да беріпті. Кесімінен айнымаған батыр «жауды жеңбей, елге қайтпаймын» деп бекініп алыпты. Содан көп ұзамай кезекті рет шабуылға шыққанда, оққа ұшыпты. Бүгінде Тараз қаласы мен Жамбыл ауданы Құмтиын ауылында ҰОС ардагері Сәлем Смайылұлы атындағы көше бар. Бұл батырға көрсеткен елдің алғысы деп білеміз.
Тағдыр таразысы адамзат баласының өмірін қылдай бөлмейді, әркім атақ-абыройы шыққан биігіне қарай бағаланады. Адам ұрпағымен мың жасайды. Аз ғана ғұмырында үлкен ерлік көрсеткен жас жауынгердің майдан даласындағы сүреңсіз күндері тарихта қалды. Демек, елдің азаттығы үшін қаза тапқан жауынгер – өз ұрпағының ғана емес, күллі қазақтың батыры. Сондай-ақ тарихи деректерде жазылғандай, Ржев қаласында екі бірдей бригадада қаза тапқан жауынгерлердің де ұрпағы Аллаға аманаттаған батырын аңсап өткені рас. Соғыс салған жазылмас жараның орны әлі бітпегенінің көрінісі бұл. Келер ұрпақтың ендігі міндеті – Отан үшін от кешкен батырлардың ерлігін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, бізге аманаттаған киелі жердің қадіріне жетіп, патриот жастар тәрбиелеу деп білеміз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.