Бүгінгі таңда Тараз қаласы алып құрылыс алаңына айналған. Облыс орталығында бір уақытта көпқабатты үйлердің, түрлі нысандардың құрылысы жүріп, жолдар мен инженерлік инфрақұрылым жүйелері жөндеуден өтуде. Бұл ретте жұмыстың сапалы әрі уақытылы жүргізілуін қатаң қадағада ұстау аса маңызды.
Осыған орай Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһардағы бірқатар нысанды аралады. Әуелі шаһар басшысы «Ұлы дала» (15) шағынауданындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты. Кешенде бокс, гимнастика, күрес, жаттығу, таэквондо, воркаут және әмбебап залдар мен кіші футбол алаңшасы қарастырылған.
– Бұл жоба – дене шынықтыру мен салауатты өмір салтын дамыту бағытындағы нақты қадамымыздың жарқын көрінісі. Осы кешен іске қосылған соң, қаламыздағы мыңдаған жасөспірім мен тұрғындардың заманауи талапқа сай жаттығуына, кәсіби деңгейде спортпен шұғылдануына мүмкіндік туады. Осы арқылы салауатты өмір салтын насихаттап, дені сау ұрпақ қалыптастыруға да жол ашылады, – деген қала әкімі жұмыстарды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтау керектігін қадап айтты.
Келесі кезекте қала әкімі аталмыш шағынауданда бой көтеріп жатқан Әулиеата ауданы әкімдігінің ғимаратын көрді. Құрылыс барысын сынға алған шаһар басшысы мердігерлерге жұмыс күшін арттырып, қарқынды күшейту керектігін жеткізді.
Бұдан кейін Бақытжан Әмірбекұлы «Ұлы дала» шағынауданы мен «Бурыл» алқабы аралығындағы «Қапал» каналының үстінен өтетін көпірдің құрылысына назар аударды.
– Тараз қаласы ішінен 8 бірдей канал ағып жатқан еліміздегі жалғыз шаһар. Ендеше біз осы мүмкіндікті өз қажетімізге жаратуымыз қажет. Бұл қаламыздың экологиялық жағдайын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, тіршілік нәрін үнемдеп, су айналымын тиімді басқаратын біртұтас жүйе құруға септігін тигізеді. Сондай-ақ мұны жүзеге асыру үшін су шаруашылығының білікті ғалымдарын тартып, зерттеу жүргізу керек, – деген қала әкімі осы бойынша ұтымды ұсыныстарды тез арада әзірлеу қажеттігін атап өтті.
Әрі қарай шаһар басшысы А.Асқаров көшесінің соңындағы №16 шағынаудандағы көпқабатты тұрғын үйлерге ат басын бұрды. Қазіргі таңда мұнда 5 қабатты, 180 пәтерлі 4 тұрғын үйдің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Мердігері – «Агроспецстрой» ЖШС. Тұрғын үйлердің заманауи сәулеттік келбетін сақтау барысында сыртқы қасбеті мен шатыры ауыстырылған. Жалпы 2024 жылы аталған алқапқа қосымша 66 тұрғын үйдің жобалау-сметалық құжаттары дайындалған болатын.
Сонымен қатар Бақытжан Орынбеков №14 шағынаудандағы тұрғын үйлердің құрылысы мен инфрақұрылым тарту жұмыстарына да зер салды. Осы шағынауданда бүгінде 5 қабатты 22 тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Келісімшарт бойынша нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстары 2026 жылға өтпелі. Алайда құрылысты 2025 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Жоба бойынша тұрғын үй ішкі алаңдық инженерлік желілерімен бірге қарастырылған. Барлығы 800 пәтер. Сонымен қатар әрбір үйде мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасау мақсатында көтергіштер (подъемник) қойылады.
Қала әкімі «Жігер» алқабындағы Ш.Смаханұлы көшесін орташа жөндеу жұмыстарымен де танысты. Тұрғындар сұранысына орай биыл алқаптағы 16 көшенің барлығы жөнделіп, жол төселетінін айта кеткен абзал.
Бұған қоса шаһар басшысы «Тектұрмас» этно-тарихи кешені аумағындағы «Ежелгі бекінісі» қорғанына да арнайы аялдады. Қазіргі уақытта нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстары толығымен аяқталған. Енді бірер күнде тарихтан сыр шертетін қорған ел игілігіне беріледі.
Сонымен қатар қала әкімі «Қарасу-2» каналына да барды. Шаһар басшысы канал жағалауын тұрғындардың демалыс аймағына айналдыру мақсатында тиісті жұмыстарды қолға алып, жоба-жоспарларды әзірлеуді жүктеді.
Аралау барысында шаһар басшысы тұрғындардың да өтініш-тілектеріне құлақ түріп, көтерілген әрбір мәселе кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.