Қалалық қоғамдық-саяси газет

Құрылыс сапалы, жарнама жинақы болуы тиіс

0 177

«Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында іске асырылатын инфрақұрылымдық жобалардың сапасын бақылау, аумақтық округтерді абаттандыру және санитарлық тазалығын қадағалау мақсатында Тараз қаласының 11 аумақтық округі бойынша 11 мобильдік топ құрылып, бүгінде жұмыстарын бастап кетті.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Құрамына зиялы қауым өкілдері, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, учаскелік полиция инспекторы, қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының қызметкерлері енген жұмысшы топтар аталған мәселелер бойынша алғашқы зерделеу жұмыстарын жүргізіп бірқатар мәселенің оң шешімін табуына мұрындық болды.

№1 топ мүшелері қаланың №1 аумақтық округін аралап, ең әуелі Рысбек батыр көшесінің бойындағы бірнеше нысанға бас сұқты. Аталмыш көше бойында бірқатар сауда нүктелері, «Үміт» кафесі, ломбардтар мен шағын дүңгіршіктер орналасқан. Аумақтағы түйткілді мәселелермен етене таныс округтің бас инспекторы Нұржан Жұмағұлов жұмысшы топ мүшелеріне көзге оғаш көрінген сыртқы жарнамаларға назар аударуды сұрады. Кез келген сауда нүктесі мен өзге де мақсаттағы нысандар маңдайшадағы жазумен ғана шектелуі тиіс. Олай болмаған жағдайда сыртқа ілінген жарнамаға салық төлеуі керек немесе әкімдік тарапынан рұқсат қағазы болуы қажет. Зерделеу жұмыстары барысында бірнеше нысанның иелеріне ескерту берілді. Топ мүшелерінің ескертпелеріне бірден құлақ түрген «Алма» фастфуд дүңгіршегінің әкімгері нысанның қабырғасына ілінген жарнама плакатын сол бойда алып тастады. Ал «Үміт» кафесі мен «Динар» ломбардының жұмысшылары мобильдік топтың ескертпесін басшылыққа жеткізуге уәде етті. Сонымен қатар аталған аумақтық округтің учаскелік инспекторы Абзал Саттыбаев топ мүшелерімен бірге көше бойында жабайы саудамен айналысып тұрған бірнеше саудагерге ескерту беріп, келесі жолы заң бұзушылық орын алған жағдайда айыппұл жазылатынын хабарлады.

– Көше бойындағы тротуарларда жабайы саудамен айналысуға заңмен тыйым салынған. Біз бұл нүктелерді күн сайын тексереміз. Осыған дейін бірнеше саудагерге айыппұл салынды. Бүгінде дәл осы көше бойында жабайы саудамен айналысушылардың саны едәуір азайған, – деді Тараз қаласы полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік инспекторы, полиция капитаны Абзал Саттыбаев.

Сонымен қатар рейд барысында мобильдік топтың мүшесі, Тараз қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бөлім басшысы Айгүл Сыдықова аталған көшедегі кейбір сауда нүктелерінің иелерін карантин кезінде санитарлық талаптарды қатаң сақтауға шақырды.
Одан әрі мобильдік топ мүшелері Ниетқалиев көшесінің бойында салынып жатқан жаяу жүргіншілер жолының құрылысымен танысты. Жүзеге асырылып жатқан жобамен «Қаратау жолдары» ЖШС айналысуда. Тротуардың ұзындығы 3650 метрді құрайды.

– Аппасова көшесінен «Қазфосфат» зауытына дейінгі Ниетқалиев көшесінің бойындағы жаяу жүргіншілер жолының құрылысын 11 мамырда бастадық. Бізге бұл жобаны тапсыруға 1 ай уақыт берілген. Алдағы 20 күн ішінде аяқтаймыз. Барлық құрылыс заттары жергілікті өнім өндірушілерден алынды. Құжат бойынша 8 бетон құдықты алмастырамыз. Жұмыс қарқынды түрде жүзеге асырылып жатыр, – деді «Қаратау» ЖШС директорының орынбасары Мақсат Жолдасов.

Аумақтың бас инспекторы Нұржан Жұмағұлов осы көшенің бойында орналасқан Нұрғиса Тілендиев атындағы интернаттың кіреберісіндегі ылди жолға ерекше назар аударуды сұрады. Айтуынша, жауынды күндері мектеп алдындағы тас жол мүжіліп, қолайсыздық тудырып келген. Өз кезегінде мердігер компанияның өкілі тас жол барлық техникалық талаптарға сәйкес төселетінін жеткізді.

Жұмысшы топ одан әрі Сүлейменов көшесі бойындағы жаяу жүргіншілер жолының құрылысына зерделеу жүргізді. Осы аумақ тұрғындарының талай жылғы тілегін әкімдікке депутаттық сауал ретінде бірнеше рет жолдап келген қалалық мәслихаттың депутаты Эльмира Мырза-Ғали мердігер компания өкілімен тілдесіп, жұмыс барысы турасында ақпарат алды.

– Бізге бұл жобаны жүзеге асыруға 4 ай мерзім берілген. Қазір жаяу жүргіншілер жолының құрылысын жүргізіп жатырмыз. Аяқтаған соң автомобиль жолына жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Құрылыс Жамбыл даңғылынан Сүлейменов көшесінің соңына дейін жалғасады. Қазіргі таңда жұмыстың тең жартысы аяқталған. Құрылыс материалдарының көбісі – өз зауытымыздың өнімі. Жалпылай алғанда, тек қана отандық өнімді қолданып жатырмыз, – деді аталмыш жобаны іске асырып жатқан «Айя-Сервис» ЖШС өкілі Любовь Муравьева.

Мердігер компанияның қарқынды жұмысына куә болып, көп жылғы тілектің орындалғанына зор қуанышын жеткізген №40 кварталдық комитеттің төрағасы Жаңабек Сұлтанбеков және аумақ тұрғындары, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Жоратай Мамыралиев атқарылған тірлікке бақылау жүргізіп, орындалу барысын қадағалап жүрген мобильдік топ мүшелеріне де алғысын білдірді.

– Бұл көшенің бойы жауын-шашынды күндері, ерте көктемде суға толып кететін. Аңғарғандарыңыздай, жеңіл көлік те, жүк көліктері де көп жүреді. Мұндайда сапаға мән беруіміз керек. Бұл аумақтың мәселесі әкімдікке 10 жылдан бері айтылып келеді. Көптің тілегі қабыл болып жатыр. Разымыз. Қала әкімі Айтқазы Қарабалаев бастаған жұмысшы топтың алдағы уақытта ілкімді істер тындыратынына сенім мол. Әсіресе, осы аумақтық округтің бас инспекторы Нұржан Жұмағұловтың қалтқысыз еңбегі ақталып, көптің батасын алып жатыр. Ең бастысы – халықтың қолайлы өмір сүруі. Бұл ретте бұқара үшін тапжылмай қызмет етіп жатқан сіздерге тек зор табыс тілеймін, – деп батасын берді ақсақал.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.