Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тараз құрамасы тұғырда!

0 201

Биыл Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтің туғанына 95 жыл.

Суретті түсірген Ю,Ким

Айтулы датаға орай, «Тараз-Арена» спорт кешенінде облыстық жергілікті әскери басқару органдары спорттың сан түрінен бақ сынады. Дәстүрлі додаға жалпы саны 12 команда жасақталып, волейбол, гір көтеру, қол күресі, арқан тарту, жүгіру, отбасылық жарыстардан кім мықтыны анықтады.

Жергілікті әскери басқару органдары қызметкерлерінің арасында салауатты өмір салтын қалыптастырып, жүйелі түрде спортпен айналысуды мақсат еткен шарада облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков пен бірқатар сала ардагерлері қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Ұлы Отан соғысы жылдарында батырлықтың хас үлгісін көрсеткен тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов көзі тірі болғанда 25 мамырда 95 жасқа толар еді. Небары 21 жасында «Халық қаһарманы» атағын иеленген батырдың ерлігі ұрпағына үлгі. ҚР Қарулы Күштерін құрып, жырақта жүрген жампоздарды жиып, осы құрылымға енгізді. Міне, осындай ерліктің ерен үлгісін көрсеткен бабамызды ұлықтайтын маңызы мол шаралардың жастарға берері көп. Әскери сала өкілі болған соң спортпен тұрақты түрде айналысу біздерге тән қасиет. Жасым жетпіске таяса да, әлі дене жаттығуларымен айналысып тұрамын, – дейді сала ардагері Әлімжан Ерниязов.

2014 жылдан бері үзілмей ұйымдастырылып келе жатқан дәстүрлі дода тартысты өтті. Әсіресе, отбасылық жарыста сала өкілдері жас жеткіншектермен бірлесіп қаппен және доппен жүгіріп өтіп, «Кім бірінші?» эстафеталық сайысына белсене қатысты. Спорттың сан түрін қамтыған сайыста қазылар құрамының жоғары ұпайын еншілеген Тараз құрамасы тұғыр төрінен табылды. Ал облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті жүлделі екінші орынды иеленсе, Мойынқұм аудандық құрамасы үшінші орынға жайғасты. Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегер командалар облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының грамоталары мен және облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің сыйлықтарымен марапатталды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.