Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сенім мен серпін

0 217

Толғанай БЕКЕТҚЫЗЫ Суретті түсірген Ю.Ким

Мемлекет басшысы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жастарға ерекше көңіл бөліп, егемен еліміздің тарихында алғаш рет биылғы жылды Жастар жылы деп жариялады. Ақордада өткен кезекті Жолдауының соңында Елбасы: «Біз Қазақстанның болашағы саналатын жастарды қолдауымыз керек. Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау – мемлекет саясатының басымдылығына айналуы тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. Келесі жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынамын, – деді.

Әр Жолдауында елдің әлеуметтік, экономикалық, саяси мәселелерімен қатар жастар жайын назардан тыс қалдырған емес. Елге тұтқа болар өскелең ұрпақ қоғамның белсенді буыны ретінде заман сұранысына сай бейімделіп, сенім үдесінен шығып келеді. Елбасының жастарды ерекше атап өтуі – олардың бойындағы жауапкершілікті арттырады. Ал жауапкершілік жүгін арқалау – межелі мақсатқа жету жолында тер төгу керектігін көксейді. Демек, бұл Жолдау жастарға артылған сенім мен жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Ел болашағына айрықша көңіл бөлінген тұста жастар мәселесінің де өз түйінін тарқататынына сеніммен қарайтыны анық. Әлбетте, мұндайда жастар мәселесіне жақын барған абзал. Мәселен, тұрғын үй, жұмыссыздық жайының өзі жастар үшін үлкен мәселе. Өйткені осы мәселелер шешімін тапса демографиялық ахуалдың да түзелері белгілі. Сондықтан саяси құжат ел ертеңінің мәселесін күн тәртібіне қойып отыр. Дана халқымызда «Жас келсе іске» деген сөз бар. Осынау ақылды технология заманында ақыл да, тың идея да жастардан шығады. Олай болса, жастар жылы жалаң сөзбен жаттанды дүниеге құрылмай, жастар мәселесін шешуде табысты жыл болғай!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.