Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қолжетімді бағамен

0 170

Қаладағы коммуналдық базарда жәрмеңке өткізу дәстүрге айналған. Мұндағы құнарлы өнімдер халыққа қолжетімді бағада сатылды.

Жәрмеңкеде құны 11,7 млн теңгені құрайтын 53,8 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері ұсынылды. Оның ішінде 4,7 тонна ет, 1,3 тонна сүт өнімдері, 1 тонна шұжық өнімдері, сондай-ақ жұмыртқа, балық, макарон, кондитерлік өнімдермен қоса жеміс-жидектер мен көкөністер сатылымға қойылды.
Күз мезгілінде басталған жәрмеңке желтоқсан айына дейін жалғасады. Онда әр сенбі сайын қала мен аудандардан келген өндіріс ошақтары тиімді бағадағы тауарлар сатылымын жалғастырады. Осы сенбіде Байзақ, Қордай, Талас аудандарының өнімдері халықтың көңілінен шықты. Тауарлардың сапасы мен бағасын бағамдауға қала әкімі Қайрат Досаевтың өзі келді. Коммуналдық базарда сатылымда тұрған тауарлардың арнайы құжаттарын тексеріп, туындаған олқылықтарды тез арада түзетті. Себебі жәрмеңкені ұйымдастырудағы негізгі мақсат – қыс айына қамданған қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау. Тиісінше өндіріс орындарына да бұл мүмкіндіктен түсер пайда көп. Сенбі күні ет өнімдерінің құнарын бақылайтын мал дәрігерлері де өз жұмыстарын жақсы атқарды.
– Қала тұрғындарының көбісі жақын маңдағы дүкендерге көптеп ағылады. Әрине, ондағы тауарлардың сақтау мерзімі де жақсы. Дегенмен ауылдық жердегі табиғи өнімдердің орны бөлек. Соңғы екі айда ет бағасы шарықтап кетті. Десе де, мұндағы ет бағасы қалтаға ауырлық салмайды әрі құнарлы, – дейді қала тұрғыны Гүлзира Бағжанқызы.
Жәрмеңкеде Жамбыл ауданы «Бірлік» ШҚ-ның бордақылау ет өнімдері, «Аулие-Ата-Феникс» ЖШС тауарлары көптеп сатылды.
– Бүгін бізде жылдағыдай дәстүрлі ауыл шаруашылық жәрмеңке күндері басталып отыр. Мұнда ауылдық жерлерден көкөніс, сүт, бал, тағы басқа көптеген өнімдер жеткізілді. Бұл тұрақты шара 30 қарашаға дейін жалғасады. Сондықтан қала тұрғындарын жәрмеңкеге келуге шақырамыз, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бөлімінің басшысы Марс Сейдібаев.
Осы аптада арнайы кестеге сәйкес, жәрмеңкеге үш ауданның өнімдері әкелінді. Алдағы уақытта облысқа қарасты барлық аудандардан өнімдер жөнелтіледі. Келер аптада коммуналдық базарда Жамбыл, Сарысу, Т.Рысқұлов, Шу аудандарының ауыл шаруашылық өнімдері сатылымға шығарылады.

Сәндібек ПІРЕНОВ,
ТарМУ студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.